Биыл облыс өңірінде 600 мың гектар алқаптың егіні қуаңшылықтан сын көтермейтін өте нашар күйде тұр. Барлық алқаптың тек 18 проценті ғана қалыпты жағдайда. Көптеген аудандарда көктемнен бері көктен тамшы тамған жоқ. Ылғалдың аздығы дақылдың барлық түріне кері әсерін тигізіп отыр. Облыста биыл барлығы 5 миллион гектар жерге дән сіңірілді. Оның ішінде 3 млн 266 мың гектары бидай, қалғаны бұршақ тұқымдас, майлы дақылдар, жемдік шөптер.
Облыста қуаңшылықтың салдарынан астық түсімінің азаю қаупімен қатар, мал азығының кемшін болуы ықтимал деген де қауіп жоқ емес. Мал азығы қымбаттауы да мүмкін.
«Биыл шөп түсімі өте төмен. Кейбір аудандарда ол гектарына 1,5 және 3,5 тоннадан айналды. Шілде айының аяғында облыс бойынша 980000 тонна пішен жиналды», дейді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жансұлтан Таукенов.
Қазір облыста шөптің бір тоннасы 20 мың теңгені құрайды. Басқарма басшысының айтуынша, облыста көптеген шаруашылықтар өткен жылы жем-шөптің 1,5 жылдық қорын жасап қойған. Биыл шөпті аз жинаса да қыстан қысылмай шығуға мүмкіндіктері бар. Бірақ қорасындағы бірер ірі қарасына қарап отырған ауыл тұрғындарына қуаңшылық жыл жеңіл болмайтын түрі бар. Көптеген ауылдарда тұрғындар жем-шөптің аздығы мен қымбаттығына әзірден алаңдап отыр.
Қостанай