• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 02 Тамыз, 2019

Квазимемлекеттік сектордағы құқықбұзушылық қатаң бақыланады

391 рет
көрсетілді

Квазимемлекеттік секторға жататын компаниялар мем­лекеттің қолдауына ие болғандықтан, бұл саладағы бюджет қаражатының жұмсалуы қатаң қадағаланады. Осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз орталығында баяндалды.

Алдымен Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің 2-департаментінің бас­шысы Сергей Перов квази­мем­лекеттік сектор, құқық қорғау және сот органдарындағы істерді тергеу саласындағы міндеттер мен басымдықтар туралы айтып берді. – Бұған дейін Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес қыз­метінде квазимемлекеттік секторда, құқық қорғау және сот органдарында бақылауды күшейту үшін арнайы бөлімше ашылғаны хабарланды. Аталған салалардағы құқықбұзушылықтарды сара­лай келе осындай ше­шім қа­былданған еді. Квазимемлекеттік сектордағы қаржының заңсыз жұмсалуына, жымқырылуына жол бермеу қатаң талап еті­леді. Мұндай оқиғалар болған жағ­дайда қылмыстық іс қозғалады. Квазимемлекеттік сектордағы жымысқы әрекеттер мемлекет­ке зиянын тигізеді. Бұл мәсе­лелер БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде үнемі қызу талқыланады. Оның жарқын мысалы ретінде бәріне аян «Бәйтерек» ұлттық басқарушы хол­дингінде, «ЭКСПО» және «Ас­тана LRT» компанияларын­да тіркелген жемқорлық фак­тілерін айтуға болады. Бұл осы бағыттағы жұмыстарға барынша мән беру керектігін аңғартады, – деді ол.Сондай-ақ Сергей Перов құқық қорғау саласындағы олқы­лықтар халықтың билікке деген сенімін азайтатынын, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың ашық әрі әділ болуы ұдайы бақылануы керек екенін атап өтті. Осы мақсатта мамыр айын­да Ішкі істер министрлігімен және Жоғарғы сотпен бірлескен жұмыстар қолға алынып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар кешені анықталыпты.Одан кейін Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Тергеу комитетінің бас тер­геушісі Данияр Бекайдаров Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы бойынша мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында енгізілген ұсыныстар жөнінде мә­лім­деді. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет пен аумақтық бөлімшелер әр­түр­лі мемлекеттік органдарға 1700-ге жуық ұсыныс жасапты. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 722 ұсыныс ішкі істер органдарына бағытталыпты. Со­ны­мен қатар түрлі деңгейдегі әкімдіктерге – 390, білім беру мекемелеріне – 86, мемле­кеттік кіріс органдарына – 44, квази­мем­лекеттік секторға 80 ұсы­ныс жолданған екен. Мұндай ұсы­ныстарды дайындау кезінде құқық бұзушылық жасауға ық­пал ететін себептер мен жағ­дай­лар зерттеліп, анықталып­ты. Бұл тәсіл сыбайлас жем­қор­лық­тың алдын алуға, сондай-ақ жағ­дайларға итермелейтін тәуе­кел­дерді азайтуға бағытталған.Баспасөз жиыны барысында Данияр Бекайдаров бұқаралық ақпарат құралдары қызу тал­қылап жатқан «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданға қатысты іс­ке тоқталды. Ол қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қалалық Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы қызметі жеңіл рельсті көлік жобасы құры­лысына қатысты бюджет қар­жы­сын жым­қыру фактісі бойын­ша қыл­мыс­тық тергеу жүр­гі­зіп жатқанын айтып, бұдан ар­тық ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.