Жаңадан салынатын құрылыс нысандарының жобалық құны 2 млрд теңгеден асқан жағдайда қазынашылық сүйемелдеу қолданылады. Қаржы министрлігі қолға алған бұл бастама көлеңкелі экономиканың алдын алуға, бюджет қаражатын оңтайлы пайдалануға бағытталған.
Жоба шарты бойынша барлық операциялар қазынашылықтың аумақтық бөлімшелерінде ашылған жеке шот арқылы жүзеге асады. Бас мердігер мен бірінші желідегі қосалқы мердігер ғана шот аша алады. Шоттағы ақша жоба аяқталғанға дейін сақталады. Құрылыс нысаны пайдалануға берілгеннен кейін қаражатты екінші деңгейлі банктегі шотына аударуға болады. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын құрылыс жобаларын іске асыру кезінде барлық ақшалай төлемдерді бақылауға мүмкіндік беретін бұл жоба өткен жылы Атырау облысында да енгізілді. Облыстық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Индира Нухинаның айтуынша, Исатай, Жылыой аудандарындағы тұрғын үйлер, Атырау қаласындағы Береке, Балауса, Самал шағын аудандарындағы мектептер мен Жаңаталап ауылындағы мектеп-интернат, Береке шағын ауданындағы қосалқы станса құрылыстары осы жоба аясында жұмыс істеп жатыр.
Жаңа жобаның тиімділігімен қатар кемшін тұстары да күнделікті жұмыс барысында белгілі болып отыр. Кәсіпкерлер алдын ала төлем жасау, электронды шот-фактуралар негізінде төлем аудару кезінде қиындықтар туындағанын айтып шағымданған. «Қазынашылық органдарында осы мәселеге жауапты арнайы қызметкер тағайындалды, – дейді Индира Нухина. – Ол жоба басталғаннан аяқталғанға дейін сүйемелдеп, мәселеге құзыреті шегінде түсініктеме береді».
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға баса мән берген болатын. Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларға енгізілген бұл өзгерістің де басты мақсаты – осы. Тек халықаралық тәжірибедегі үрдісті өзімізге бейімдеу кезінде әлі де жетілдіретін тұстар барын назарға алуымыз керек.
Атырау