Мәскеу облысының «Алабино» полигонында V Халықаралық армия ойындары – 2019 сайысының ресми ашылу рәсімі өтті. Биыл ойындар тамыздың 3-і мен 17-сі аралығында 10 мемлекеттің 21 әскери полигонында, Каспий, Балтық теңіздері мен Парсы шығанағының су айдындарында өтеді.
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл ойындарды Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран, Қытай, сондай-ақ алғаш рет Өзбекстан, Моңғолия және Үндістан өз жерлерінде өткізеді. Жылдан-жылға осы шараға деген қызығушылық арта түсуде. Сонымен бірге қатысушы елдердің саны да ұлғаюда. Осы жылы үздік деген атаққа, жүлделі орындар мен марапатқа Азия, Еуропа, Африка, Орталық және Латын Америкасының 39 елінен 223 команда бақ сынасатын болады.
Армия ойындарының бағдарламасына дала, әуе және теңіз машығы бойынша 32 байқау кіреді.
– Қазақстан командасы оның 16 байқауына қатысады. Өткен ойындарда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы көшбасшылар үштігінде болды. Биылғы жылы әскери қызметшілеріміз жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ниеттеніп отыр. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь қорғаныс министрлері, сондай-ақ қатысушы елдердің ресми делегациялары қатысты, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігінен.
Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсек, әскери сайыстың көрермендері мен әуесқойлары арасында «Танк биатлонын» көшбасшы деп сеніммен айтуға болады.
Әскери ұшқыштар мен байланысшылар, дәрігерлер мен кинологтар, мергендер мен артиллерияшылар, аспазшылар мен инженерлер, теңізшілер мен десантшылар өздерінің шеберліктерін көрсететін болады.
Армия ойындарының аясында Моңғолия аумағында алғаш рет «Ат марафоны» байқауы өтеді. Қатысушылар арасында біздің командамыз да бар.
Қазақстанда Халықаралық армия ойындары – 2019 7 тамызда бастау алатынын айта кеткен жөн. Ел аумағындағы полигондарда «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Сұңқар аңшылығы» және «Сенімді қабылдау» атты үш байқау өтеді.