Ресейдің Сібір аймағындағы орманды алқабын алапат өрт жайлағанына біраз күн болды. Маусым айының ортасына қарай тұтана бастаған өрт соңғы аптада күшіне мініп, 3 миллион гектар жерді шарпыды. Одан шыққан көк түтін көршілес өңірлерге тарап, қара аспанды төндіріп тұр.
Жыл сайын Сібір аймағында өрттің салдарынан бірнеше мың гектар орманға зиян келеді. Мұндай жағдайларға еріктілер өрт сөндірушілермен бірігіп, айтарлықтай төтеп беріп келеді. Алайда бұл жолғы алапат өртті ауыздықтау оңай шаруа болмай тұр. Қызыл жалын шарпыған жердің ауқымы былтырғы осындай оқиғамен салыстырғанда 12%-ға артық. Тіпті кейбір облыстарда орман өрті бұрынғыға қарағанда екі есе көлемді болған. Қазір Иркут облысында, Краснояр өлкесінде, Забайкал өлкесінің бірқатар аудандарында және Бурятия мен Якутияда төтенше жағдай режімі енгізілген.
Федералды орман шаруашылығы агенттігі өрттің шығуына ауа райының ауытқулары, жоғары температура, жауын-шашынның болмауы, құрғақ найзағай және қыс мезгілінде қар жамылғысының жұқалығы себеп болғанын айтады. Тайгадағы тілсіз жаумен күреске 3 мыңнан аса адам, 500 техника және 60 әуе техникасы тартылды. Кейіннен өрт сөндіруге Ресей президентінің тапсырмасымен Төтенше жағдайлар министрлігіне қоса Қорғаныс министрлігі де жұмылдырылды. Қорғаныс министрлігі Краснояр өлкесіндегі өртпен күреске көмектесу үшін құрамына 10 бірлік Ил-76 ұшағы және 10 бірлік Ми-8 тікұшағы кірген авиациялық топ құрды. 2 тамыздағы дерек бойынша Ресейде 122 046 гектар аумақтағы 160 орман өрті өшірілген.
Жүргізіліп жатқан іс-шараларға қарамастан, екпінді өрттің арыны басылар емес. Оның үстіне елде көптеген өрт заңды негізде өшірілмейді. 2015 жылғы «Орман өрттерін сөндіру ережелерін бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес қызыл жалын елді мекендерге қауіп төндірмесе, өртті сөндіруге кететін болжанған шығын оның келтірер зиянынан асып түссе, өрт сөндірілмейді. Осындай тәртіпке сүйеніп, өрттің басында қамтыған аумағы ауқымды емес екені ескеріліп, оны сөндіру туралы шешім қабылданбаған. Алайда жағдай бақылаудан шығып кетіп, өрт тым күшейіп кеткен. Енді істің осылай насырға шапқаны үшін қылмыстық іс қозғалып жатыр. Тергеу комитетінің Краснояр өлкесіндегі басқармасы селқостық танытқаны үшін Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша тиісті тұлғалардың жауапқа тартылатынын хабарлаған. Тергеу ісінде 22 наурыздан бастап тамызға дейін Орман шаруашылығы министрлігінің жергілікті лауазымды тұлғалары орман өрттерін жоюға бағытталған шаралар қабылдамағаны, содан өрттің әжептәуір аймаққа жайылғаны, оның шығын сомасы анықталып жатқаны көрсетілген.
Қазір орман өрті орасан аумақты қамтығанымен қоймай, оның түтіні тұманданып біраз жерді құрсаулап тұр. Өрт шалған өңірлердің бірнеше аудандарында көз байлаған көк түтіннің салдарынан бірнеше әуе рейсін кейінге шегеруге тура келген. Роскосмос орбитадан түсірілген кадрларды жариялап, өрттің қай жерлерді алып жатқанын, оның түтіні қалай таралғанын көрсетті. Сондай-ақ NASA ғарыш агенттігінің кадрларынан Сібір өртінің түтіні Ресейдің шығыс бөлігі арқылы Аляскаға, Канаданың батыс жағалауына, Тынық мұхитының шығыс жағына тарап, содан соң Ванкувер мен Сиэтлге дейін жеткенін байқауға болады. Жалпы АҚШ Сібір өртінің таралу бағытын қадағалап отыр. 31 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің президенті Владимир Путинмен байланысқа шығып, өрт ошақтарын сөндіру үшін көмек қолын созуға дайын екенін жеткізген. Мұндай ықылас-ниетке В.Путин ризашылығын білдіріп, қажет болған жағдайда АҚШ көмегіне жүгінетінін айтқан. Кремль Д.Трамп тарапынан жасалған бұл қадамды болашақта екі ел арасындағы толық форматты қарым-қатынасты қалпына келтірудің кепілі ретінде бағалады. Ал Ресей тарапы әр жылдары Нью-Мексикодағы және Калифорниядағы өрттерді сөндіруге көмектерін ұсынған.
Сібірдегі орман өртінен тараған ыс АҚШ пен Канададан бөлек, Қазақстанның аймақтарына да жетті. NASA-ның суреттерінен ауадағы зиянды газ Нұр-Сұлтан қаласынан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Алматы облыстарынан байқалды.
Осы табиғи апатпен қабаттасып, орман өртке оранды. Тағы бір елде өткен аптаның басында аптап ыстықтың салдарынан Францияның оңтүстігінде өрт шықты. Женерак коммунасының Гар департаментінде 488 гектарды қамтитын орманды қызыл жалын шарпыды. Бүгінде аталған аймақтан 190 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Бірде-бір тұрғын үй ғимаратына от тимеген. Өрт сөндіру шараларына 465 өрт сөндіруші және 141 техника жұмылдырылған.
Дүйсенбі күні Тулон округіне қарасты Сен-Мандрие коммунасында өрт басталған. Айтып келмейтін апатпен күреске 75 өрт сөндіруші, екі ұшақ және төрт тікұшақ тартылған. Жергілікті билік орман алқаптарында адамдардың жүруіне, тез тұтанатын заттарды қолдануға және өртке әкеп соқтыруы мүмкін шараларды жүргізуге қатаң тыйым салды.
Сонымен қатар сейсенбі күні кешкісін Франциядағы Монбазен коммунасының Эро департаментінде де өрт шыққан. Тілсіз жау шамамен 30 гектар жерге тарап, 4 ғимаратты зақымдаған. Бұл аймақтағы өртті ауыздықтауға 200 өрт сөндіруші атсалысып жатыр. Елдің өрт сөндіру қызметі тұрғындарды өрттің таралу аймақтарынан аулақ болуға, сақтыққа шақырып, құрғақшылық кезінде от жағуға ресми түрде тыйым салды.
Өткен аптада Францияның 50-ден аса қаласында термометр бағаны тым жоғары көтеріліп, аптап ыстық пен құрғақшылық орман өртінің тұтану ықтималдығын тудырды. Париждегі ауа температурасы +42,6 градусты көрсетіп, рекордтық көрсеткішке жетті. Елдің бірқатар аймақтарында ескерту жарияланды. Сондай-ақ 78 департаментте суға шектеу қойылды. Негізінен ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға арналған су қоры бірінші кезекте қуаңшылық жайлаған кейбір аудандар халқының өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталмақ. Мұндай шаралар Атлантикалық Луара, Эр және Луар, Вандея, Крез сияқты департаменттерде енгізілген. Өрттің шығу себебін анықтап жатқан Ним қаласының прокуроры әлдекімдер қасақана өрт қойған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Құқық қорғау қызметкерлері осындай қылмысқа қатысы бар адамды анықтаса, оны 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
Осыдан бір ай бұрын орман өрті Грекияның Эвбея аралынан да шықты. Аралдың орталығындағы Маникиа ауданында басталған өртті басуға 255 адам, 90-ға жуық машина, төрт ұшақ және үш тікұшақ тартылған. Кейіннен күшейтілген шаралар қабылданып, Фессалия, Батыс Македония және Пелопоннес аймақтарынан қосымша көмек келген. Неохори, Дафни, Гавала және Лофискос қоныстарының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Өрттің түтіні Афинадан 80 км жерден сезілген. Бұған қоса тағы ел астанасының маңындағы Спата, Аспропиргос қалаларында да өрт шыққан. Елдегі өрт сөндіру қызметі аптап ыстықтан және екпінді желдің салдарынан өрт қаупі төніп тұрғанын ескерткен. Грекияда орман өрттерін болдырмау жөніндегі шаралардың бірі ретінде мамырдан қазанға дейін ашық жерде құрғақ шөптерді және басқа да заттарды жағуға тыйым салынған. Бірақ мұндай қауіпсіздік шараларын елемейтіндер де табылады. Соның бірі 64 жастағы тұрғын Эвбея аралындағы өртке күдікті ретінде ұсталған. Грекияда орман өрттері жиі болып тұрады. Былтыр шілде айында теңіз жағасындағы Мати қалашығы отқа оранып, салдарынан 100 адам қаза тапқан еді.
Жалпы ғалымдар өрт болған аймақтардың зардап шеккеніне қоса, өрттің түтіні әлемнің біраз бөлігіне таралып, айтарлықтай зиянын тигізеді деп дабыл қағуда. Мәселен, Еуропалық орта мерзімді ауа райы болжамы орталығының (ECMWF) аға ғылыми қызметкері Марк Паррингтон Twitter-де табиғи өрттерден атмосфераға таралатын көмірқышқыл газы полярлық аймақта екі есе көбейгенін жазған. Оның дерегі бойынша зиянды заттардың таралуы Гренландия, Сібір және Аляскада бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Өрттің кесірінен ауадағы көмірқышқылдың көлемі 50 мегатоннаны құраған. Бұл Болгария, Венгрия және Швецияның жылдық зиянды қалдықтарының көлемімен шамалас келеді.