• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Тамыз, 2019

Өртке оранған орман – орасан шығын

1188 рет
көрсетілді

Ресейдің Сібір аймағындағы орманды алқабын алапат өрт жайлағанына біраз күн болды. Маусым айының ортасына қарай тұтана бастаған өрт соңғы аптада күшіне мініп, 3 миллион гектар жерді шарпыды. Одан шыққан көк түтін көршілес өңірлерге тарап, қара аспанды төндіріп тұр.

Жыл сайын Сібір аймағында өрттің салдарынан бірнеше мың гектар орманға зиян келеді. Мұндай жағдайларға еріктілер өрт сөндірушілермен бірігіп, ай­тар­лықтай төтеп беріп келеді. Алай­да бұл жолғы алапат өртті ауыз­дықтау оңай шаруа болмай тұр. Қызыл жалын шарпыған жер­дің ауқымы былтырғы осындай оқиғамен салыстырғанда 12%-ға артық. Тіпті кейбір облыстарда орман өрті бұрынғыға қарағанда екі есе көлемді болған. Қазір Иркут облысында, Краснояр өлкесінде, Забайкал өлкесінің бірқатар аудандарында және Бурятия мен Якутияда төтенше жағдай режімі енгізілген.

Федералды орман шаруашы­лығы агенттігі өрттің шығуына ауа райының ауытқулары, жоғары температура, жауын-шашынның болмауы, құрғақ найзағай және қыс мезгілінде қар жамылғысының жұқалығы себеп болғанын айтады. Тайгадағы тілсіз жаумен күреске 3 мыңнан аса адам, 500 техника және 60 әуе техникасы тартылды. Кейіннен өрт сөндіруге Ресей президентінің тапсырмасы­мен Төтенше жағдайлар министрлі­гіне қоса Қорғаныс министр­лігі де жұмылдырылды. Қорғаныс министрлігі Краснояр өлкесіндегі өртпен күреске көмектесу үшін құрамына 10 бірлік Ил-76 ұшағы және 10 бірлік Ми-8 тікұшағы кірген авиациялық топ құрды. 2 тамыздағы дерек бойынша Ресейде 122 046 гектар аумақтағы 160 орман өрті өшірілген.

Жүргізіліп жатқан іс-шараларға қарамастан, екпінді өрттің арыны басылар емес. Оның үстіне елде көптеген өрт заңды негізде өшірілмейді. 2015 жылғы «Орман өрттерін сөндіру ережелерін бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес қызыл жалын елді мекендерге қауіп төндірмесе, өртті сөндіруге кететін болжанған шығын оның келтірер зиянынан асып түс­се, өрт сөндірілмейді. Осындай тәр­тіпке сүйеніп, өрттің басында қам­тыған аумағы ауқымды емес екені ескеріліп, оны сөндіру туралы шешім қабылданбаған. Алай­да жағдай бақылаудан шығып ке­тіп, өрт тым күшейіп кеткен. Енді істің осылай насырға шапқаны үшін қылмыстық іс қозғалып жатыр. Тергеу комитетінің Краснояр өлкесіндегі басқармасы селқостық танытқаны үшін Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша тиісті тұлғалардың жауапқа тартылатынын хабарлаған. Тергеу ісін­де 22 наурыздан бастап тамыз­ға дейін Орман шаруашылы­ғы министрлігінің жергілікті лауазымды тұлғалары орман өрт­терін жоюға бағытталған шаралар қабылдамағаны, содан өрттің әжептәуір аймаққа жайылғаны, оның шығын сомасы анықталып жатқаны көрсетілген.

Қазір орман өрті орасан аумақ­ты қамтығанымен қоймай, оның түтіні тұманданып біраз жерді құрсаулап тұр. Өрт шалған өңір­лердің бірнеше аудандарында көз байлаған көк түтіннің салдарынан бірнеше әуе рейсін кейінге шегеруге тура келген. Роскосмос орбитадан түсірілген кадрларды жариялап, өрттің қай жерлерді алып жатқанын, оның түтіні қа­лай таралғанын көрсетті. Сон­дай-ақ NASA ғарыш агенттігінің кадр­ларынан Сібір өртінің түті­ні Ресейдің шығыс бөлігі ар­қылы Аляскаға, Канаданың батыс жағалауына, Тынық мұхиты­ның шығыс жағына тарап, содан соң Ванкувер мен Сиэтлге де­йін жеткенін байқауға болады. Жал­пы АҚШ Сібір өртінің таралу бағытын қадағалап отыр. 31 шіл­де күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің президенті Вла­димир Путинмен байланысқа шығып, өрт ошақтарын сөндіру үшін көмек қолын созуға дайын екенін жеткізген. Мұндай ықылас-ниетке В.Путин ризашылығын білдіріп, қажет болған жағдайда АҚШ көмегіне жүгінетінін айт­қан. Кремль Д.Трамп тарапынан жасалған бұл қадамды болашақта екі ел арасындағы толық форматты қарым-қатынасты қалпына кел­тірудің кепілі ретінде баға­лады. Ал Ресей тарапы әр жылдары Нью-Мексикодағы және Кали­форниядағы өрттерді сөндіруге көмектерін ұсынған.

Сібірдегі орман өртінен тараған ыс АҚШ пен Канададан бөлек, Қазақстанның аймақтары­на да жетті. NASA-ның суреттері­­н­ен ауадағы зиянды газ Нұр-Сұл­тан қа­ласынан, Солтүстік Қазақ­­стан, Шы­ғыс Қазақстан, Павло­дар, Қара­­ғанды және Алматы облыстарынан байқалды.

Осы табиғи апатпен қабат­тасып, орман өртке оранды. Тағы бір елде өт­кен аптаның басында аптап ыс­­тық­­тың салдарынан Франция­ның оңтүстігінде өрт шықты. Женерак коммунасының Гар департаментінде 488 гектарды қамтитын орманды қызыл жалын шарпыды. Бүгінде аталған аймақтан 190 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Бірде-бір тұрғын үй ғимаратына от тимеген. Өрт сөндіру шараларына 465 өрт сөн­діруші және 141 техника жұмыл­дырылған.

Дүйсенбі күні Тулон округіне қарасты Сен-Мандрие коммуна­сында өрт басталған. Айтып кел­мейтін апатпен күреске 75 өрт сөн­діруші, екі ұшақ және төрт тік­ұшақ тартылған. Жергілікті билік орман алқаптарында адам­дар­дың жүруіне, тез тұтанатын заттарды қолдануға және өртке әкеп соқтыруы мүмкін шараларды жүргізуге қатаң тыйым салды.

Сонымен қатар сейсенбі күні кешкісін Франциядағы Мон­базен коммунасының Эро депар­таментінде де өрт шыққан. Тілсіз жау шамамен 30 гектар жерге тарап, 4 ғимаратты зақымдаған. Бұл аймақтағы өртті ауыздықтауға 200 өрт сөндіруші атсалысып жатыр. Елдің өрт сөндіру қыз­меті тұрғындарды өрттің таралу ай­мақтарынан аулақ болуға, сақтыққа шақырып, құрғақшы­лық кезінде от жағуға ресми түрде ты­йым салды.

Өткен аптада Францияның 50-ден аса қаласында термометр бағаны тым жоғары көтеріліп, аптап ыстық пен құрғақшы­лық орман өртінің тұтану ықтимал­ды­ғын тудырды. Париждегі ауа тем­пературасы +42,6 градусты көрсетіп, рекордтық көр­сеткішке жетті. Елдің бірқатар аймақ­тарында ескерту жарияланды. Сондай-ақ 78 департаментте суға шектеу қойылды. Негізінен ауыл шаруашылығы алқаптарын суару­ға арналған су қоры бірінші кезекте қуаңшылық жайлаған кей­бір аудандар халқының өмірі мен қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағытталмақ. Мұндай шаралар Атлантикалық Луара, Эр және Луар, Вандея, Крез сияқты департаменттерде енгізілген. Өрттің шығу себебін анықтап жатқан Ним қаласының прокуроры әлдекімдер қасақана өрт қойған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Құқық қорғау қызметкерлері осындай қылмысқа қатысы бар адамды анықтаса, оны 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Осыдан бір ай бұрын орман өрті Грекияның Эвбея аралынан да шықты. Аралдың орталы­ғын­дағы Маникиа ауданында бастал­ған өртті басуға 255 адам, 90-ға жуық машина, төрт ұшақ және үш тікұшақ тартылған. Кейінн­ен күшейтілген шаралар қабыл­данып, Фессалия, Батыс Македония және Пелопоннес аймақтарынан қосымша көмек келген. Неохори, Дафни, Гавала және Лофискос қоныстарының тұрғындары қауіпсіз жерге көші­рілді. Өрттің түтіні Афинадан 80 км жерден сезілген. Бұған қоса тағы ел астанасының маңындағы Спа­та, Аспропиргос қалаларында да өрт шыққан. Елдегі өрт сөндіру қыз­меті аптап ыстықтан және екпін­ді желдің салдарынан өрт қаупі төніп тұрғанын ескерткен. Грекияда орман өрттерін болдырмау жөніндегі шаралардың бірі ретінде мамырдан қазанға дейін ашық жерде құрғақ шөптерді және басқа да заттарды жағуға тыйым салынған. Бірақ мұндай қауіпсіздік шараларын елемейтіндер де табылады. Соның бірі 64 жастағы тұрғын Эвбея аралындағы өртке күдікті ретінде ұсталған. Грекияда орман өрттері жиі болып тұрады. Былтыр шілде айында теңіз жағасындағы Мати қалашығы отқа оранып, салдарынан 100 адам қаза тапқан еді.

Жалпы ғалымдар өрт болған аймақтардың зардап шеккеніне қоса, өрттің түтіні әлемнің біраз бөлігіне таралып, айтарлықтай зиянын тигізеді деп дабыл қағуда. Мәселен, Еуропалық орта мерзімді ауа райы болжамы орталығының (ECMWF) аға ғылыми қызметкері Марк Паррингтон Twitter-де табиғи өрттерден атмосфераға таралатын көмірқышқыл газы полярлық аймақта екі есе көбейгенін жазған. Оның дерегі бойынша зиянды заттардың таралуы Гренландия, Сібір және Аляскада бұрын-соң­ды болмаған деңгейге жеткен. Өрт­тің кесірінен ауадағы көмір­қыш­қылдың көлемі 50 мегатоннаны құраған. Бұл Болгария, Венгрия және Швецияның жылдық зиянды қалдықтарының көлемімен шамалас келеді.