Тауарларды шетелге шығарумен айналысатын солтүстікқазақстандық компаниялар құжаттар рәсімдеуде кездесетін шамадан тыс қағазбастылыққа шағымданып, мәселеге жергілікті кәсіпкерлер палатасының араласуын өтініп отыр.
Олардың айтуларына қарағанда мемлекеттік субсидияға қатысты кей талаптар мүлдем қисынсыз. Атап айтқанда, субсидия алу үшін сертификат тапсыруға қарсы. Ешбір ел бұл құжатты сұрамайды. Біз болсақ етегімізге сүрініп, алтын уақытымызды текке жұмсап жүрміз деген уәждері қисынға келетін тәрізді. Бұл өнім бағасын айтарлықтай өсіріп, халықаралық саудада елеулі қиындықтар тудыруда.
– Біздің серіктестік айына 10 мың тоннадай ұн үгіп, ішкі нарықпен қоса Ауғанстанға да жөнелтеді. Кәсіпорын, жол, жарнама шығындарының жартысы қайтарылатын жеңілдікке иеміз. Мұның өзі әжептәуір көмек. Енді келіп тиісті орындар экспортқа кететін шығындарды қайтару үшін СТ-КЗ және СТ-01 сертификаттарын алуға міндеттейді. Бағасы – бақандай жарты миллион теңге. Егер экспорт кезінде оны пайдаланбасақ, мүлдем керексіз құжатқа қаражат шығындауымыз қалай? Мен мұны кәсіпкерлікке жасалып отырған қысым, бюрократтық кедергі деп түсінемін. Басқа не деуге болады? – дейді коммерциялық директор Таисия Колегова.
Расында да мемлекеттің демеуіне ие болу үшін мүлдем қажетсіз құжаттарға қаражат жұмсау еш қисынға келмейді. Тауар экспорттаушылар бұл жайттан субсидияға жауапты Индустрия және экспорт орталығы хабардар екенін алға тартады. Орталық директорының орынбасары Айнұр Байқадамова қисынды ұсыныс-пікірлердің бірде-бірі ескерусіз қалмайтынын, жинақталғаннан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бағытталатынын жеткізді. Расында да кейбір елдер тауарды импорттаған кезде СТ-КЗ, СТ-1, СТ-2 сертификаттарын талап етпейді. Алдағы уақытта отандық кәсіпкерлердің «Қазақстанда жасалған» деген құжатпен ғана жұмыс істеуіне күш салатын боламыз. Демек, барлық сертификаттар күшін жояды деген сөз. Мемлекеттік субсидия алған компаниялар бізге осы құжатты ұсынса жеткілікті, дейді ол.
Бүгінде теріскейде бидай өңдеп, ұн тарту ісі қарқын алып, дайын өнім Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстанға сатылады. Соңғы екеуі өздерін ұн өнімімен толық қамтамасыз етуге көшкендіктен, тауар өндірушілер жаңа нарық көздерін іздестіруге мәжбүр. Әзірге ең қолайлысы – іргедегі Қытай елі. Алайда, Қытайда сауда-саттық мәселесі біршама күрделі көрінеді. Бұл ел ұнның кілегейлігіне үлкен мән беріп, өз стандарттарын қалыптастырған. Осы себепті бәсеке жоғары. Қазір әркім өз тауарларын әдемілеп қаптап, сатуға ұмтылады. Осы талаптар орындалса, емін-еркін сауда көкжиегі кеңірі сөзсіз. Басы артық құжаттар алынып тасталса, шығын кеміп, өнім арзандар еді. Уақыт жағынан да ұтар едік, деген жергілікті кәсіпкер Қанат Баймұхамбетовтың сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы