• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Тамыз, 2019

«Арыс, біз сенімен біргеміз!»

166 рет
көрсетілді

Арыстағы күні кеше болған апат халықтың қабырғасын қайыстырып, тыныш күнде аспаннан найзағай түскендей болды. Кір жуып, кіндік қаны тамған атажұртында отырған ел үрейленіп, қорқынышқа бой алдырды. Бірақ күллі Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, басқа түскен қасіретті қайырымдылықпен жеңуге аянбай атсалысып келеді.

Қала қалпына келіп, зақымдалған үйлер күрделі жөндеуден өткенше Арыс қаласының 725 оқушысы (Жамбыл облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, сондай-ақ Бурабайда) еліміздің өзге өңірлеріне демалысқа және саяхатқа жіберілген.

«Бөбек» ұлттық ғылыми-прак­тикалық білім беру және сауықтыру орталығының қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын бөліп, Арыс қаласының 110 оқушысын «Бөбек» орталығына қабылдап, олардың алаңсыз бір ай көлемінде ем-дом алып, демалуларына жағдай жасап отыр.

Шілденің 18-ші жұлдызында «Бөбек» ҰҒПББСО Адамның үйле­сімді даму институтында арыстық оқушылармен «Арыс, біз сенімен біргеміз!» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті.

Алғашқы сөзді аталған инс­титуттың директоры И.В.Ка­лачева алып, арыстық оқушыларға «Бөбек» орталығының қашанда қолұшын беріп, қолдауға әзір екенін жеткізді.

Балалар «Тоғыз жолдың торабы», «Орталық Азия қақпасы» деп саналған Арыс қаласы туралы бейнефильмді көріп, сағыныштарын басқандай болды. Балалықтың ауыл­ынан әлі алыстамаған мектеп оқушыларының еркін, ақылды, зерек екендері викторина сұрақтарына берген жауаптарынан анық байқалды. Бәрі шеттерінен тақылдап, туған өлкелерінің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін білетіндері көңілімізге көктем ұялатты.

Алдағы бір айға жуық уақытта оқушылар денсаулығын қалпына келтірумен қатар «Бөбек» орталығы ұйымдастырған түрлі іс-шараларға, Алматының көрікті жерлеріне, тарихи орындарына, кітапханаларға, орталықтағы обсерваторияға саяхат жасайды.

Жүздерінен тазалықтың лебі есіп тұрған бүлдіршіндер тұс-тұстан жамырап «Біз барғанша Арыс қалпына келіп, жағдайы жақсара ма?», дейді. Әдетте, «Бала ғой» деп қарайтын оқушылардың жүрек түкпірінде ыстық ұяларына деген қимастық пен сағыныш жатқанын осы бір ауыз сөзден байқауға болады.

Балаларды республикамыздың 14 облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 170 арнайы бригада келіп, күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткенінен хабардар еттік.

«Арыстағы ауыр апат екінші қайталанбасын», дейді оқушылар сөз кезегі келгенде. «Енді ондай пәлекет біздің елімізді айналып өтсін», дейміз біз де.

Иә, бұл да Жаратқанның бір сынағы болар. Елдің бірлігі бекем, үкіметтің ниеті оң болсын дейік. Уақыт өте келе бәрі орнына келеді. Адам баласы бір-біріне риясыз сүйіспеншілік пен жақсылық тілеп, қайырымдылық көрсетер болса, қасіреттің орнын әлі-ақ қуаныш басады. Бауырынан талай сұңқарлар түлеген қастерлі өлкеге бүкіл Қазақстан болып қолұшын берудің өзі ел болып қалыптасып, ұлт болып ұйысқанымыздың көрінісі емей немене? Осындайда «Сөз жәрдемінен басқа бөз жәрдемі» деген тәмсіл еріксіз еске түседі. Жүректегі жараны тек мейірім ғана жазатынына тағы да бір көзіміз жеткендей...

Жеңеді қасіретті,

Қасиетті мейірім ғана.

Қалатын бұл өмірде,

Адамның пейілі ғана.

 

Беу, Арыс,

Күңіренбе,

Тағдырдың сынағына.

Бұл бәлкім ескерту ғой,

Биліктің құлағына...

 

Үрейден арылмаған,

Көңіл ғой әрі-сәрі.

Саспаңдар, халық барда,

Гүлденер Арыс әлі.

Иә, елдің ертеңі жарық, болашағы нұрлы болсын!

 

Ерғали БАҚАШ,

«Бөбек» ҰҒПББСО АYДИ баспа ісі редакциялау секторының редакторы