Достық үйінде сот және құқық қорғау органдары, Nur Otan партиясы, кәсіподақ ұйымдары, этномәдени бірлестіктер ұйымдарының өкілдері, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім және Аналар кеңесі, медиация мәселелерін зерттеуші ғалымдар мен өңірлерден шақыртылған кәсіби медиаторлар, мектеп медиаторлары, жастар ұйымдары өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Азаматтық қоғамның жаңғыруындағы медиацияның рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға қатысушылар медиация институтын құрудағы өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық медиаторларды дайындайтыны белгілі болды. Бітімгерлердің қатарына ел арасындағы беделді, танымал тұлғалар кіреді. Медиаторлар араздасқан тараптарды мәмілеге келтіріп, қоғамдық дау-дамайларды шешуге атсалысып, тегін көмек көрсетпек. Ол үшін қоғамдық медиаторлар арнайы семинарларға қатысып, тәжірибелі мамандардан дәріс алады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенконың айтуынша, адамдар арасындағы өзара сенім деңгейін арттыру маңызды. «Өйткені медиацияның дамуы азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімімен тікелей байланысты. Президент Әкімшілігіндегі азаматтарды қабылдау жұмыстарына қатысқанымда шағымданушылардың 90 пайызы сот үкіміне наразы екенін байқадым. Олардың көбі – мемлекеттік мекемелермен соттасушылар. Бұл құқық қорғау жүйесінде әрбір субъектінің нақты орнын айқындайтын қосымша тетіктердің қажет екенін көрсетеді», дейді Л.Прокопенко.
Кәсіби медиаторлар ол үшін медиацияны дамытудың отандық концепциясын жасауды ұсынды. Сондай-ақ мамандар мектептер мен медицина мекемелерінде медиация кабинеттерінің ашылғанын мәлімдеді. Олар мұндай шаралар медиацияның қоғамдағы рөлін айқындап, қолдану аясын кеңейтуге бағытталғанын жеткізді.
ҚХА Төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Шерзод Пулатов «Ата-аналар мұғалімдермен, балалар өз арасында, мұғалімдер де бір-бірімен түсініспей жатады. Осындай жағдайда біздің медиаторларымыз оларға көмек береді. Егер медиация саласы мектептен басталса, келешекте балаларымыз сотқа бармай, мәселелерді бітімге келу арқылы шешетін болады», дейді.
Бүгінде елімізде медиаторларды дайындайтын 120 қоғамдық орталық тіркелген. Дегенмен кәсіби мамандарды даярлаудың сапасы бақыланбайды. Сонымен бірге медиация институтын қалыптастыруға Жоғарғы соттың «Татуласу: сотқа дейін, сотта», «Отбасы соты», «Сот медиациясы» жобалары үлкен үлес қосып жүр.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Гүлжанат Рахметова елорда сотының өкілдері сотқа дейін татуластыруға көңіл бөлетінін айтты. «Сотқа дейін татуласу кеңесі сот процесінің қай кезеңінде де айтылып, тараптарды мәмілеге келуге шақырамыз. Бұның нәтижесі де жаман емес. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, 3000-нан көп азаматтық іс қаралды. Оның 2500-інде медиация қызметтері іске тартылды. Бітімге келу нәтижесінде биыл 500 млн теңге көлемінде қаражат мемлекетке қайтарылды», дейді маман.
Гүлжанат Рахметованың айтуына қарағанда, екі тарапты мәмілеге келтіру сот өкіліне үкім шығарудан да қиын. «Азаматтарды сотқа жеткізбей татуластыру үлкен тәжірибе мен біліктілікті қажет етеді. Маманның әлеуметтану мен адам психологиясынан да хабары болуы қажет. Бүгінде қалалық сот халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Халықты ақпаратпен қамту жолға қойылған», дейді ол.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Юсуп Келигов бюджет қаражатынан медиаторлық көмекке ақы төлеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қарапайым азаматтарға медиатор қолжетімді болуы үшін бюджеттен қаржыландыру жүргізілуі тиіс. «Біздің пікірімізше, бұл мәселені шешу медиация институтын дамытуға күш береді. Ақы төлеу – ең негізгі мәселе», деді кәсіби медиатор.
Конференция қатысушылары қоғамдық келісім мен жалпыэтностық бірлікті қамтамасыз етуде медиация институтын нығайту және одан әрі дамыту бойынша шаралар жүргізу маңызды екеніне тоқталды. Оған қоса, жиында бітімгерлік мәселесінде маңызды орын алатын қоғамдық медиатордың қызмет этикасы ережелерін әзірлеу, медиативтік келісімдердің сапасын арттыру үшін «қоғамдық медиатор» ұғымының критерийлерін анықтау, медиаторлардың біліміне және біліктілігіне қойылатын нақты талаптарды белгілеу сұрақтары талқыланды.