«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсендісі, қос қолы болмағандықтан суретті тісімен салатын қылқалам шебері Кәріпбек Күйіковтің жеке галереясы жаңа картинамен толықты.
Кенептегі бояуы кеппеген туындысында суретші Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинаттың түтіні будақтаған төрт мұржасын, сатымен жоғарыға өрмелеп шығып, көк аспанды тұмшалаған қою қара түтіннің үстіне күннің суретін салып жатқан адамды бейнелеген. Мұнысымен суретші жарық пен түнектің арпалысын қылқалам тілімен айтқысы келген.
Кәріпбек өзін кейінгі кезде экология мәселесінің қатты толғандырып жүргенін айтады.
– Мен бұл картинамда Теміртау қаласының экологиялық апаттың алдында тұрғанын айтқым келіп, дабыл қақтым. Күннен-күнге ушығып бара жатқан мәселенің алдын алмасақ, қаланың апатты аумаққа айналары сөзсіз, – дейді суретші.
Сонымен қатар, қоғам белсендісін өзінің туып-өскен жері – Егіндібұлақ кентінің қазіргі жағдайы да аз толғандырмайды. Семей ядролық сынақ полигонынан 200 шақырым жерде орналасқан бұл елді мекеннің бұлыңғыр болашағын ойлап қатты уайымдайды екен қоғам белсендісі.
– Кезінде Егіндібұлақ 35 мың адам тұратын, жағдайы өте жақсы аудан орталығы болатын. Қазір мұнда бар-жоғы 2,5 мың адам тұрады. Жергілікті билік тұрмысты түзеймін деп жоқтан бар жасағанымен жастар ауылға тұрақтамай, қалаға қоныс аударып жатыр, – деп мұңаяды Кәріпбек.
Жақын күндері Кәріпбек «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының 30 жылдығына орай елордада өтетін үлкен шараға қатыспақшы. Сонымен қатар ол Ұлыбритания жерінде, атап айтқанда Лондон мен Манчестер қалаларында өтетін өзінің жеке көрмесіне баруды да жоспарлап отыр.
Еске салсақ, суретші Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» атты картинасын Елбасы Н.Назарбаев Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде АҚШ-тың сол кездегі президенті Б.Обамаға сыйға тартқан болатын.
Қарағанды облысы