Осыдан бірер апта бұрын Үржар ауданының Қаратал және Көктерек ауылдарының арасында, Мақаншы-Бақты тасжолының 5-ші шақырымында жоғалып кеткен “МИ-8” тікұшағының сынықтары бір тәуліктен кейін әрең табылды. Үржар ауданындағы қатты боран салдарынан апаттың неден болғанын анықтау, ”қара жәшікті” тауып алу қиынға соғып тұр. Таяуда мемлекеттік комиссия мүшелері апаттың неден болғаны жайлы ақпарат құралдары өкілдеріне хабар таратты.
Бастапқыда тікұшақ әуеде жарылып кеткен соң оның сынықтары 800 метрге дейін шашылған деген хабарды естідік. Ондай жағдайда, әрине, адамдар денесін табу қиынға соғатыны белгілі. Ал Көлік және коммуникация вице-министрі, мемлекеттік комиссияның төрағасы Еркін Дүйсембаев журналистерге тікұшақтың апатқа ұшырауына ауа-райының қолайсыз болғаны кінәлі деп айтты. ”Әзірше апаттың неден болғанын дәл болжау қиын. Себебі, боран толастар емес, сондықтан бір айдан кейін ғана белгілі болады”, деді комиссия төрағасы.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовтің айтуынша, апаттың себептері бірнеше бағыт бойынша анықталуда. Бір мәселені ғана нақты айтуға болады, ұшқыштар В.Столбовский, Ю.Тюрников, бортмеханик С.Барабанов, дәрігерлер А.Стрельник, В.Тюктяева өзгелерді құтқарамыз деп өз жандарын қиды. Мақаншы және Благодарственное ауылдық округтерінің әкімдері Е.Сағымбеков пен Б.Ибраев тікұшаққа жерлестеріне қолғабыс жасасақ деген оймен отырған. Ал 17 жасар Қ.Қалиев қатты сырқаттанған соң дәрігерлер оны отырғызып алып, аудан орталығындағы ауруханаға жеткізуді ойлаған. Ақыры сегізі бірдей оқыста қаза тапты.
Мұның алдында облыс әкімі Б.Сапарбаев қайтыс болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтып, оларды жерлеу және отбасыларына көмек көрсету жөнінде комиссия құрған. Қаза тапқандардың отбасыларына Үкімет қолдау жасамақ. Облыс әкімінің ұйғарымы бойынша әр отбасына 1 миллион теңгеден көмек көрсетіледі.
Сәрсенбі күні үш тікұшақ мүшелері және екі дәрігермен қоштасу рәсімі Өскемендегі “Металлургтер” мәдениет сарайы алдында өтті. Оған мыңдаған қала тұрғындары қатысты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, олардың азаматтығы ешқашан ұмытылмайтынын, Елбасы Н.Назарбаевтың қайғыға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдағанын, қаза тапқандарға қолғабыс жасауға тапсырма бергенін айтты. Үржарда да үш азаматты жерлеу рәсіміне тұрғындар мол жиналды.
Ойды ой қозғайды. Тікұшақпен ұшу шынында да қауіпті ме? Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қарамағында бірнеше ”МИ” тікұшақтары, сосын бір-екі жеке меншік компанияда шағын тікұшақтар бар көрінеді. Олардың біразы ескірген, қанша сылап-сыйпаса да қауіпті. Ендеше, әуе паркін жаңалап, қазіргі жетілдірілген жаңа тікұшақтардың ауа райы өте қолайсыз, қыста бораннан көз жазбайтын Кенді Алтайға көбірек бөлсе деген ой бар. Рас, жақында Үкімет облысқа 1 миллиард 200 млн. теңге бөлді.
Екінші мәселе, биылғы ұзақ әрі қатал қыста қажетті техникалардың жетіспейтіні дәлелденді. Жақында Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан бірнеше техника көмекке келді. Ол үшін сын сәтте қолдарын созған облыс басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.