#Birge #Taza Qazaqstan экологиялық акциясы облыста 27 шілдеде басталған-ды. Осы уақыт аралығында өңірдегі су қоймалары мен демалыс аумақтарынан тонналаған қоқыс шығарылды. Әсіресе акцияның екінші аптасына аймақ тұрғындары белсене қатысты. Бұл жолғы тазалық шарасына 30 мыңға жуық адам жиналды. Семей 13 мың адаммен көш бастаса, Өскеменде – 7350, Алтайда 2312 адам қолдарына күрек-тырма ұстады.
Ерекше атап өтерлігі, акция шеңберінде облыс аумағындағы 70 су нысаны, атап айтсақ, Үлбі, Ертіс, Шаған, Қарашоқы, Аягөз, Жанама өзендері, Алайғыр бұлағы, Балықтыкөл, Шалқар көлдерінің жағалауы қоқыстан тазартылды. Бұл күні табиғатқа, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын шығысқазақстандықтар 740 тонна (2960 текше метр) қоқыс жинапты. «Онколог дәрігер ретінде қоршаған ортаның тазалығы тікелей адам денсаулығына әсер ететінін жақсы түсінеміз. Содан да болар, тазалық эстафетасын қуана қабылдап, әр апта сайын қатысуды жоспарлап отырмыз. Бұл шара жерімізді таза қылып қана қоймай, адамдардың мәдениетін, табиғатқа деген құрметін қалыптастырады деп ойлаймын», дейді Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы директорының орынбасары Арман Мұқажанов.
Еске сала кетейік, тазалық акциясы әр апта сайын қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Шығыс Қазақстан облысы