Білім алуға ұмтылған жастардың алдындағы таңдау жасайтын кезең – ата-аналар үшін өте маңызды. Таңдау алдында көптеген мәселеге дұрыс басымдық беру қажет. Биыл мемлекет тарапынан көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған нақты шаралар қолға алынды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында 2% несиемен тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру, бір мәрте екінші деңгейлі банктердегі қарызды өтеу, 5 мың қосымша білім беру гранттарын бөлу жөніндегі Жарлықтарға қол қойды. Бұл – қоғамның әлсіз тобына көрсетілген нақты қолдау.
Осы ретте 5 мың қосымша білім беру гранттарының бөлінуі тек әлеуметтік тұрғыда емес, сонымен бірге көрегендікпен қабылданған шешім деп білемін. Себебі білім – мемлекеттің тұғыры және келешекке деген сенім көзі. Көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арналған білім беру гранттарын алу үшін ҰБТ сынағының шектік деңгейінен сүрінбей өткен түлектер 5-10 тамыз аралығында өтетін конкурсқа қатысуға құжаттарын тапсыруы қажет.
Баласы мамандық таңдау секілді маңызды жолайрықта тұрған сәтте әрбір ата-ана сұранысқа ие және жоғары жалақылы қызметке тұратын маман болуын ойлап, қолайлы оқу орнын іздестіреді. Алайда, баланың тұрғын үй немесе жатақхана жалдау ақысы, жолақысы, тұрмысқа икемсіздігі, таңдаған оқуын алып жүре алмауы секілді қиындықтарын таразылау сәтінде қаражатты үнемдемек болған көптеген ата-ана өңірлік, яғни өзінің тұрғылықты жеріне жақын орналасқан жоғары оқу орнына оқуға түсу тиімді деп санайды. Сондай-ақ көптеген отбасыға Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы беделді университеттерде білім алу мен қоныс аудару шығыны салмақ салатыны тағы бар. Соның ішінде грант иелеріне төленетін 21 000 теңгеге жуық шәкіртақы мен оқу жылында екі рет бөлінетін 10 000 теңгеден астам пойызда жүру жолақысы да өз көмегін тигізетіні анық. Таразылай келе, алда кездесетін қиындықтар ірі қалада орналасқан университеттер ұсынатын халықаралық білім алмасу бағдарламалары, бәсекеге қабілетті орта, жоғары сапалы білім (бұл туралы төлем қажет етпейтін, дегенмен мемлекеттік гранттан 2-3 есе артық жоғары оқу орындарындағы оқудың коммерциялық құны айтып тұрғандай) секілді жақсылықтарға қол жеткізуге жол ашады. Нәтижесінде, жеткіншек еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, өзіне сенімі мол маман болып қалыптасады. Сапалы білім беретін университетте оқыған, білімі мен білігіне сенімді түлек тек отбасының әлеуметтік жағдайын жоғарылатып қоймай, туып өскен ауыл-аймағының да ахуалын жақсы жағына өзгерте алады. Ата-аналар, сол сәтте беделді жоғары оқу орнын таңдауда дұрыс шешім қабылдағанына көзі жетеді.
Осы орайда, анамның сапалы жоғары білім алу туралы арманы балалары арқылы жүзеге асқанын айтайын. Анам көп балалы отбасында дүниеге келген. Бөбектері аштықтан шетіней берген соң нағашыларымыз анамызды үш жасында амалсыздан балалар үйіне тапсырады. Біраз уақыттан соң балалар үйі Ресейге қоныс аударғанда ата-анасымен байланысы үзіліп қалады. Бірақ бұл оқиға жақсылықпен аяқталды, кәмелеттік жасқа толғанда анамыз ата-анасымен аман-есен қауышты. Елге келген соң тұрмысқа шығып, жеті баланың аяулы анасы атанды. Жастайынан көкірегенде жүрген жоғары білім алу жөніндегі арманының орындалуы неғайбыл екенін сезген анам осы ойын жеті баласы арқылы жүзеге асырды.
Отбасымыз бұрынғы Көкшетау облысының әртүрлі ауылдарында тұрды. Сол кездегі жағдайға байланысты жеті бала тұрмақ, жалғыз баланың қолын жоғары білімге жеткізу ерлікке тең болатын. Дегенмен, анамның «Менің мақсатым – балаларыма жоғары білім беру, соның нәтижесінде олар дәулетті өмір сүре алады» деген сөзі есімнен кетпейді. Ол тілегіне жетті. Бауырларымның жоғары біліміне көз жүгіртсем, жеті балаға шаққанда біздің отбасымызда барлығы 18 диплом бар екен!
Бір ерекшелігі, анамыз бәрімізді сол кездегі еліміздің астанасы Алматы қаласына оқуға жіберді. Отбасымыздан қатарынан екі бала, тіпті үш бауырымыз бір уақытта жоғары оқу орындарында білім алған кезеңдер болды. Қаржылық тұрғыдан қиындықтар бола тұра, ата-анам да, біз де қиындыққа мойымай қосымша жұмысқа тұрып, пошташы, күзетші, жүк түсіруші болып жұмыс істей жүріп, оқуымызды абыроймен тәмамдадық. Осы ретте айтайын дегенім, қосымша жұмыс іздеймін деген адамға білім ала жүріп те, жазғы демалыста да ірі қалаларда жұмыс табуға мүмкіндік бар.
Менің пайымдауымша, балаларына білім беру үшін ата-аналар сол бір қиын жылдары да соңғы тиын-тебенін беруге дайын еді. Осы сөздеріме дәйек ретінде жұбайымның туған ағасы Нығмет Ғабдуллиннің өмірінде болған жайтқа тоқталайын. Сонау 1946 жылы оның ата-анасы соңғы сиырын сойып, ұлын жоғары білім алу үшін Алматыға аттандырды. Нығмет Ғабдуллин ғылым жолына түсіп, беделді басылымдардың бас редакторы қызметін атқарып, ата-анасының үмітін ақтады. Сонымен қатар көптеген әңгімелер жинағының авторы ретінде ауылының атын әйгілі етті. Ата-анасы жас кезінде шығармашылық талантының дамуына көңіл бөлді.
ХХІ ғасырда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Сондықтан жастардың өз ісін ашуына көңіл бөлген жөн. Көп балалы отбасынан шыққан жас бала кәсіпкерлікке бейімі бар мамандықты таңдаса, отбасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Соның ішінде отбасылық бизнес те құруы мүмкін. Қазір елімізде кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Өз ісін ашуға ұмтылған тұлғаларға жеңілдігі бар қарыздар, гранттар және кәсіби курстар ұйымдастырылады. Кәсіпкер ретінде ойлайтын тұлға қалай жұмысқа тұрсам деген ойдан аулақ болады, керісінше өз бизнесін құрып, әрі қарай дамыту үшін білгір мамандарды қызметке алады.
Сондықтан ата-аналар баласының сапалы жоғары білім алу жауапкершілігін мемлекетпен бөлісіп қана қоймай, жаңа өмірге жетелейтін болашағы бар деңгейге жеткізуге талпынуы тиіс.
Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ,
«Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті