Бүгін Каспий құбыр консорциумы Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығына құны 20 млн тұратын ұшқышсыз ұшу аппаратын тарту етті. Еліміздегі киіктерге мониторинг жүргізуге ерекше көмегі тиетін, жануарларды қорғау мен бақылау жұмыстарына көп мүмкіндік беретін аппаратты табыстау мен таныстыру рәсіміне Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.
Каспий құбыр консорциумы еліміздегі экология мәселелерін шешу мен оңтайландыруды қолдау мақсатында соңғы үш жылда 60 млн теңге жұмсапты. Айталық, 2016 жылы қазақ даласын мекен ететін киіктерге арналған спутник арқылы байланыс жасайтын аса қымбат қарғыбау алып берді. Бұл жолғы ұшқышсыз ұшатын аппарат ҚБСҚ-ның «Киелі киік» бірлескен бағдарламасы аясында консорциумның қаражатына сатып алынды. Каспий құбыр консорциумы АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс бойынша орынбасары Қайыргелді Қабылдин алдағы уақытта мұндай қолдаулар жалғасын таба беретінін айтты. Ал ұшу аппараты Ақмола облысы Қабанбай ауылында сынақтан өткізілді.
- Ең алдымен Каспий құбыр консарциумы ұжымына бүгінгідей қолдауы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, қазіргі таңда биоалуантүрлілікті сақтау, киіктерді қорғау сынды жұмыстар өте өзекті болып отыр. Сондықтан заманауи технологиялар өз пайдасын тигізетіні сөзсіз. Браконьерлермен күрес жұмыстарын жүргізуде де мұның көмегі орасан деп ойлаймын, - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Жыл сайын елімізде киіктер популяциясының мемлекеттік есебі әуеден жүргізіледі. Әуе техникасын жалдау мен қолдану қымбат болғандықтан, кей аумақтарды жүйелі күзету және киіктердің мониторингісін қосымша жүргізу мүмкін болмай келген еді. Ұшқышсыз ұшу аппараттары пайда болғалы дерек жиналатын аумақтың шекарасы кеңейіп, зерттеу әдістері көбейді.
Supercam S350 ұшқышсыз ұшу аппараты осы класстағы ең техникалық сипаттамасы жақсы техника. Ол сағатына 140-150 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Үзіліссіз 4-5 сағат бойы көкте қалықтап жүре береді. Өзі ұшып өткен жердегі өзгерістерді, жан-жануарларды, өзен-көлдерді фото мен видеоға түсіріп, мамандарға жіберіп отырады. Телеметрия мен бейнеқабылдағышты басқаруға арналған жердегі антенналар блогы осы үшін қажет. Аппарат 70 километрден астам қашықтықта да әрекет ету радиусын тоқтатпайды. Мұнда жануарларды санауға арналған автоматтандырылған бағдарламалық қамту жүйесі де бар екен.
Суреттерді түсірген автор.