Қазақстанда жедел жәрдемге түсетін қоңыраулар дамыған елдермен салыстырғанда он есе көп екен. Яғни, басы ауырып, балтыры сыздағандардың бәрі бірден «103» нөмірін тереді. Сондықтан осы саланың жұмысын жүйелеу үшін бекітілген жаңа ереже бойынша алдымен тез арада медициналық көмекке мұқтаж, жағдайы нашар науқастар басты назарға алынып, қалған шақыртулар одан кейін қарастырылуда. Бұл бастама аталған мәселені толық реттей алды ма? Әлде жедел жәрдемнің жетіп келген уақытын, көрсеткен көмегін, жұмсалған шығынын жете бағалау үшін шұғыл медициналық қызметті ақылы ету керек пе?
Ел арасында жедел жәрдемнің тарапына айтылар сын аз емес. Дертіне дер кезінде дауа іздегендердің дені шұғыл медициналық көмектің дереу жетпейтінін айтып, қынжылыс білдіреді. Бұл жағдайдың жай-жапсарын бірде жол бойындағы кептеліспен байланыстырып, бірде арнаулы көліктердің жетіспейтіндігімен түсіндіріп жатады. Бірақ жедел жәрдемнің жұмысын жаңғыртуда мәселенің басқа қырына үңілуге болады. Қазақстанда жыл сайын «103» қызметіне қоңырау шалатындардың саны 500 мыңға дейін көбейеді екен.
Бұл онсыз да жетпей жатқан көліктер мен құрал-жабдықтарға, қала берді кадрларға одан сайын қажеттіліктің арта беретінін көрсетеді. Шақыртулардың шектен тыс көп түсуіне шұғыл жәрдемге шынымен мұқтаж, жаны қысылған науқастар емес, дәрігердің кеңесімен кейін де қаралуға болатын адамдардың жиі жүгінуі себеп болуда. Мысалы, «103-ке» қызуы сәл көтерілгендер, жұмыстан қалып қойып «науқастанғаны» туралы анықтама жаздырып алғысы келетіндер, буыны қақсағанын желеу қылып әңгімеге тартатын зейнеткерлер орынсыз хабарласып жатады.
Бұған астаналық әженің жедел жәрдемді айына 106 рет, алматылық зейнеткердің 416 рет шақырғаны айғақ бола алады. Сондай-ақ жергілікті емханаға қарала алмағандықтан, жедел жәрдем арқылы тексерілгенді жөн көретіндер баршылық.
Жаңа ережеге сәйкес жедел жәрдем диспетчерінің қызмет көрсетуі төрт санатқа бөлінді. Бірінші санаттағы өміріне тікелей қауіп төніп тұрған науқастарға жедел жәрдем 10 минуттың ішінде жетеді. Сондай-ақ науқас жағдайының күрделілігіне қарай екінші және үшінші санаттағы қоңыраулар бойынша жедел жәрдем 15-30 минутта көмекке келеді. Ал төртінші санаттағы денсаулығы бірден сыр бермеген, дерті айқын білінбеген адамдардың шақыртуына бару уақыты бір сағатқа дейін созылуы мүмкін. Ол науқастарға жергілікті емханалар жанындағы жедел медициналық бөлімшелер арқылы көмек көрсету жоспарланған. Ал бастапқы үш санаттағы шақыртуларға жедел медициналық жәрдем стансалары қызмет көрсетеді. Бұл жүйенің бір бағыты – «103-ке» негізсіз жүгінетіндердің қатарын кемітуге едәуір ықпал ету. Яғни, азаматтар беталды шақырғанға жедел жәрдемнің бұрынғыдай жетіп келе бермейтінін түсінуі керек.
Амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының мәліметі бойынша 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жедел медициналық көмек қызметі 4 090 333 тұрғынға көмек көрсеткен. Оның ішінде 1-санатта – 231 027 (5,7%), 2-санатта – 1 109 151 (27,1%), 3-санатта – 1 244 588 (30,4%) және 4-санатта 1 505 567 (36,8%) шақырту түскен. Сондай-ақ «103» қызметі негізсіз хабарласқан 75 586 шақыртуға барудан бас тартқан. Жалпы, жедел жәрдемді жаңғырту бойынша жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда, қоңыраулар саны 6,4%-ға дейін азайған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов дүние жүзінде жедел жәрдем көрсетудің екі тәсілі барын атап, Қазақстандағы аталған саланың жаңғырту жұмыстары екінші тәсілге негізделгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бірінші тәсіл жедел жәрдем көлігімен бірге дәрігер еріп барып, алғашқы ем-дом шараларын сол жерде көрсету болса, екіншісі, 10-15 минуттың ішінде жетіп, науқасты қажетті ем жасайтын ауруханаға жеткізу. Қазақстанда осы күнге бірінші тәсілмен жұмыс істеп келді. Яғни, жедел жәрдем барған жерінде мүмкіндігінше науқасты сол жерде қарап береді. Осыған халық әбден үйренген. Сондықтан басқа елдермен салыстырғанда біздің елде жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер әлдеқайда көп. Енді соңғы екі жылда елдегі жедел жәрдем екінші тәсілге ақырындап ауысып жатыр. Мұндағы басты міндет – науқасты тез арада үйінен ауруханаға жеткізу. Медицинада адам өлімінің санын азайтуға септігін тигізетін «Алтын сағат» деген қағида бар. Бұл – бір сағаттың ішінде дұрыс ем жасау деген сөз. Осы қағидаға сүйенсек, науқасты білікті мамандардың жан-жақты қарауы үшін бір сағаттың ішінде ауруханаға жеткізу маңызды болады.
– Жедел жәрдемде алдымен өміріне қауіп төніп тұрған адамдарға баса мән беріледі. Қалған санаттағы қоңыраулар біртіндеп тыйыла бастайды. Мәселен, шетелдегі жедел жердем бригадалары біздегі «103-ке» түсетін шақыртулардың 50-60%-ына бармас еді. Біз білетін Германияда, Израильде жедел жәрдем шақырған адамның жағдайы айтарлықтай күрделі болмаса, ол отбасыға белгілі бір көлемде айыппұл жазылады. Айыппұлдың көлемі де әрқалай. Израильде 500 еуродан басталып, 1000-2000 еуроға дейін барады. Мұндай шараның қолданылуы жұрттың жедел жәрдемнің жұмысын жете бағаламауынан туады. Өйткені бригада басы ауырып, тісі қақсаған адамды қарап жатқан кезде басқа жақта шынымен шұғыл көмек қажет, ауыр халдегі науқасқа жедел жәрдем бригадалары жетіспей жатуы мүмкін. Содан келіп адамдар жауапкершілікті сезініп, уақыттың қадірін біліп, одан гөрі көмекке мұқтаж науқастарға шұғыл жетуі керек жәдел жәрдемді тектен-тек мазалай бермейді. Бізде, өкінішке қарай, мұндай мәдениет әлі қалыптасқан жоқ. Және оған бастайтын шешімдерді асығыс қабылдаудың да қажеті шамалы. Егер заңды түрде аталған салаға айыппұлды енгізетін болсақ, оның арты негізсіз нәтижелерге алып келуі мүмкін. Яғни, «103-ті» беталды шақыртқан адамның мойнына айыппұл ілуі үшін оған барған дәрігердің немесе фельдшердің оның жағдайы аса күрделі емес екеніне көз жеткізетіндей біліктілігі болуы керек. Сол себептен екінші тәсілге толығымен көшкен кезде ғана айыппұл енгізу туралы сөз қозғауға болады. Бұл модель негізінен былтыр басталғанымен, биылдан бастап жүзеге асырырылып жатыр. Бұған елдің бәрі жайлап үйреніп келеді. Меніңше, айыппұл енгізу туралы шешімді 2021 жылға қарай қарастырған жөн. Ең алдымен жедел жәрдем бригидаларының өзі жаңа реформаға толық төселіп болуы керек, – деді Ерік Байжүнісов.
Жалпы жедел жәрдемді жөнсіз шақыра беретінді тыю үшін қосымша ақы немесе айыппұл белгілеу туралы сөз кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Жоғарыда аталғандай, әлемнің бірқатар мемлекетінде жедел жәрдем бірінші санаттағы шақыртулардан басқасының бәріне ақылы негізде қызмет көрсетеді. Мысалы, алпауыт ел АҚШ-та жедел жәрдем қызметінің ақысы медициналық сақтандырудың есебімен төленеді. Вашингтонда дәрігерлер бригадасын үйге шақырудың орташа құны 400-700 доллар аралығын құрайды. Бұдан ірі қалаларында жедел жәрдемнің көмегі 900 доллардан басталады екен. Ал Израильде террорлық оқиғадан, жол-көлік апатынан зардап шеккендерге ғана шұғыл медициналық көмек тегін көрсетіледі. Қалғаны – ақылы. Сондай-ақ Қытайдың жедел жәрдемі де ақшасын есептессең, қалаған ауруханаға жеткізіп береді. Бейжің мен Шанхайда бұл қызметке 700-800 юань беріп қана жүгіне аласың. Сондықтан мұндай елдерде жедел жәрдемді орынсыз мазалай бермейді. Ондай жағдай болғанның өзінде айыппұлмен жазаланады. Айталық, Германияда жедел жәрдемді негізсіз шақырған немесе ауруханаға жатқызудан бас тартқан кезде 141 еуро айыппұл салынады.
Биыл Алматыда өткен жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы тақырыпта сөз қозғаған болатын.
– Жедел жәрдем бригадасының мақсаты науқасты тезірек ауруханаға алып бару екенін түсінуіміз керек. Ал аса қажеттілік болмаса да, шұғыл медициналық көмекті шақыратындар үшін қосымша ақы мен айыппұл енгізу керек. Көптеген елде осындай шара қолданылады. Біз азаматтардың өз денсаулығы үшін, соның ішінде басқа адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге кедергі келтірмеуі үшін ортақ жауапкершілік ұғымын қалыптастыруды көздейміз. Неге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салуға болады, ал шұғыл көмек көрсету ережелерін бұзу ескерусіз қалу керек? Адамдар мұндай түсінікке әлі дайын емес, бірақ бірте-бірте осыған қарай жылжимыз, – деп министр мәлімдеген.
Жалпы жедел жәрдемге түсетін толассыз қоңырауларды бір ретке келтіру үшін расында бірінші санаттан басқа шақыртуларға қосымша ақы белгіленуі керек шығар. Мысалы, бір шақыртуға көрсетілетін алғашқы көмек қызметінің ақысы 3-5 мың теңгенің айналасында белгіленсе... Бұл біраз шығынның орнын жабар еді, әрі дамыл көрмейтін «103-ке» негізсіз хабарласатындарды әжептәуір шектейді. Тек жазатайым оқиғаға тап болып, өмірі қыл үстінде тұрған азаматтарға, зейнеткерлерге, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін шұғыл медициналық көмек көрсетілгені жөн. Әрине, Кеңес заманынан тегінге үйреніп қалған көпшілік жедел жәрдемді ақылы етуге келісе қоймас. Бірақ ақшасын шығындағаннан кейін, ол қызметтен де сапаны талап етуге болады. Айталық, көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін елордадағы қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол төлесе, құны екі еселенетін етіп, жолаушыларды жаппай электронды көлік картасын пайдалануға көшірді. Жолды ақылы ету арқылы сапалы жолдармен қамтамасыз етілді. Халық басында бұл бастамаларға да қарсылық танытқанымен, кейін игілігін сезіне бастады. Осындай әдістер медицина саласының да сапасын арттырып, әлеуетін көтеруге септігін тигізеді.