Ішкі істер министрлігі азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылауды күшейту іс-шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Осы мақсатта биыл бірқатар ведомстволық бұйрық шықты. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз орталығында кеңінен баяндалды.
Ішкі істер министрлігінің 2019 жылғы 1 шілдедегі «Азаматтық және қызметтік қару мен оның оқ-дәрілері айналымы қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа өзгерістер енгізілді. Осы жайында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтық және қызметтік қарудың ұрлануының алдын алу үшін қару мен оқ-дәрілерді орталықтандырылған орында сақтау қарастырылған. Бұрыннан заңды тұлғаларға қаруды күзет ұйымдарының қару-жарақ бөлмелерінде сақтауға рұқсат етілген. Енді мұндай мүмкіндік жеке тұлғаларға да берілді. Бірақ азаматтарға қаруын үйде немесе белгіленген орында сақтауды таңдауға еркі бар. Қару иелерінің салғырттығынан, сақтау талаптарын орындамауынан ұрлыққа жол беріледі. Сондықтан осындай шаралар қабылданып жатыр.
Сондай-ақ жаңа ережелер негізінде ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сатылатын қаруларды сату тәртібі реттелді. Бұған пневматикалық, сигналдық қарулар және газ бүріккіштері жатады. Мұндай қаруды сатып алғысы келетіндер кәмелеттік жасқа толғанын растап, дүкенге сотталмағандығы, медициналық теріс көрсеткіштерінің жоқтығы және қару ұстаудың қауіпсіздік ережелері бойынша біліктілік тексеруден өткендігі туралы анықтама беру керек. Бұл қадамға полицияның рұқсатынсыз сатылған қарулармен жасалған қылмыстық оқиғалардың тіркелуі себеп болған. Мысалы, осы санаттағы қарулармен 2017 жылдан бері 157 қылмыс жасалыпты. Оның 33-і қарақшылық, 88-і бұзақылық болса, үшеуі өлімге әкеп соқтырған. 2018 жылы Қазақстанға 4 мыңнан аса сигналдық қару әкелініпті. Бұлардың сыртқы көрінісі «Макаров», «Глок» маркалы тапаншаларға айна-қатесіз ұқсайды екен.
– Жалпы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымдағы 3,5 мыңнан аса атыс қаруы тәркіленді. Оның басым көпшілігін азаматтар өз еріктерімен тапсырған. Жыл сайын азаматтардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізіліп келеді. Қазіргі таңда полицияға 1,3 мыңнан аса азамат жүгініп, 107 млн теңгеден аса соманы құраған 2 мыңнан аса атыс қаруын, 185 мың патрон, 16 кг жарылғыш зат тапсырылған. Қаруды сатып алу акциясы өз тиімділігін көрсетіп, бес жылда атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың 42,2%-ға төмендеуіне ықпал етті, – деді Мақсат Байболов.
Сонымен қатар ІІМ өкілі жиында биыл 5 тамыздан бастап 11 тамызға дейін жүргізіліп жатқан «Қауіпсіз аула» іс-шарасы жөнінде айтып берді. Бұл қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде сақтау, көшелерде, аулаларда құқық бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу мақсатында ұйымдастырылуда. Полиция қызметкерлері акция аясында суық қаруды және басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз алып жүру, алкоголь өнімдерін сатуда заңнама талаптарын сақтамау, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, кәмелеттік жасқа толмағандардың көшелерде, ойын-сауық орындарында жүру, рұқсат етілмеген жерлерде сауда-саттық жасау фактілерін анықтап жатыр.