• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2019

Тез бұзылатыны жаман

441 рет
көрсетілді

Ауылдықтарды ерекше қинап тұрған өзекті мәселелердің бірі – жол. Әсіресе елді мекендерді жалғастыратын жолдардың жайы дабыл қағарлық жағдайда екенін тілшілер қосынына түсіп жатқан хаттар да, соғылған телефон қоңыраулары да айғақтайды.

«Жуырда Жарқайың ауылының 90 жылдық тойына барып келдім. Жол әбден діңкелетті. Ойық-ойық, шұрқ-шұрқ. Шалғайда тұрып жатқан адам­дардың көнбістігіне, жанкеш­тілі­гі­не таңғаламын. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, аудан орталығына жетудің өзі бір машақат», дейді бізбен хабарласқан петропавлдық Серікбай есімді замандас. Покровка – Мальцево – Аман­гелді – Ильинка секілді тіршілігі қыж-қыж қайнаған беткейде қоңсы қонған Жарқайың – Есіл ауданындағы санаулы қазақ ауылдарының бірі. Егін егіп, мал өсірумен айналысқан елді ме­кенде бүгінде 40 шақты ғана түтін қал­ған. Алматы қаласында тұратын осы ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Дулат Қалитов «Данияр-Агро» серіктес­тігін құрып, 350 млн теңге инвестиция құйып­ты. Ата кәсібіміз – мал шаруашы­лы­­ғын дамытуға белсене кіріскен бауыры­мыз да жол жайы әбден діңкелетіп, титық­татып отырғанын, тұрғындардың жап­пай көшуінің бір ұшығы осыған тіре­летінін жасырмайды.

Осы сауалды аудан әкімінің орынбасары Қанат Едіресовке қойғанымызда, былай деп жауап берді:

– Петропавл – Қостанай респуб­ли­ка­лық трассасымен түйісетін бұл бағыт­тағы жолдардың экономикалық маңызы зор. Бұл аумақта ондаған шаруа­шы­лықтар, елді мекендер, қиыршық тас, құм шығаратын карьер орналасқан. Аудан бо­йынша жалпы қолданыстағы жолдар­дың 295 шақырымы аудандық маңызға ие десек, жартысына жуығы қанағаттанғы­сыз күйде. Бар мәселе қара­жатқа келіп тіреледі. Бюджет тапшы­лы­ғынан бұл мақсат үшін жылына 10-15 млн теңге ғана қарастырылады. Республика, облыс қарайласпаса, мүлдем шамамыз жетпес еді. Осы себепті ұсақ-түйек жөн­деумен, қыста қар тазалаумен ғана шек­телеміз, – деді біздің сұрағымызға Қанат Едірес­ұлы. Бұған аудандағы жол жөн­деумен арна­йы айналысатын жалғыз кәсіп­орынның материалдық-техникалық жағы­нан жете жабдықталмағанын қосыңыз.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бәкеев берген мәлі­мет­терге сүйенсек, өңірде жалпы қолда­ныстағы автомобиль жолдарының ұзын­дығы 9 мың шақырым болса, 1468 ша­қырымы – республикалық, 2487 ша­қырымы – облыс­тық, ал 5 мың шақырымы аудан­дық санатқа кіреді. Былтыр жолдарды қал­пына келтіруге 33 млрд теңге қарас­ты­рылса, биыл 37 млрд теңге бөлін­ген. Бұл бұрын-соңды болмаған ре­корд­тық көрсеткіш. 2019-2021 жыл­дар­ға арналған өңірлік бағдарлама бойын­ша 1700 шақырым жол қалпына келті­ріліп, 70 пайызы жақсартылмақ. Бір байқа­ға­ны­мыз, қаржылай да, басқадай да басым­дық республикалық, облыстық ма­ңызға ие жолдарға берілгендіктен, олар­дың жайы біршама тәуір. Ал аудан орталықтарынан әрі қарайғы ауыл жолдарына қаражат қалдық қағидасымен бөлінетіндіктен назардан тыс қалған сияқты. Жоғарыда сөз еткен Есіл ауда­нының Бесқұдық бағытындағы 25 ша­қырым, Қарағаш бағытындағы 20 ша­қырым жол жолаушының әбден зықы­сын шығарады. Бұл мәселені ауыл тұр­ғын­дары көптен бері көтеріп келеді, бірақ нәтиже байқалмайды.

Биыл жөнделетін 700 шақырым жол­дың 587 шақырымы – жергілікті ма­ңыз­­­ды жолдар. Алайда, 253 шақыры­мын жаңа технологиялық әдіспен, яғни ресайлдеу арқылы игеру белгіленгенімен, жуық арада жүзеге аспайтын секілді. Мамандар бұл тәсілдің экономикалық жағынан өте тиімді екенін алға тартады. Басқарманың бөлім жетекшісі Тимур Әуеловтің сөзіне қарағанда, реджу­васил инновациялық технологиясы осыдан төрт жыл бұрын қолданыла бастапты. Эмульсиялы-поли­мерлі қоспа асфальт-бетонның тозуын бәсеңдетіп, ұзақ сақталуын қамтамасыз етеді. Бір шақырым жолдың күрделі жөндеу жұ­мыс­тарына 170-180 млн теңге жұм­салса, бұл әдісті қолдану арқылы шығынды 3-4 есеге дейін кемітуге болатын көрінеді. Бірақ арнайы техникалар кешені өте қымбатқа түсетіндіктен, екінің бірі тәуекел ете бермейді. Жаңасы 300 мың еуро маңайында. Осы себепті ескілерін алуға тура келеді. Оның өзі 100 мың еуродан кем түспейді, – дейді А. Бәкеев.

Соңғы үш жылда 1900 шақырым жол жөнделіп, 128 елді мекеннің жағдайы жақ­сартылғанымен, сапа жайы сын көтере бермейтіні ащы болса да шындық. Екі жыл бұрын Есіл ауданын кесіп өтетін Айыртау бағытына төселген асфальт жолдың бір бөлігі ой-шұңқырға айналып, қайтадан қаражат жұмсауға тура келген. Осы жерде жергілікті әкімдіктегілер, көліктік бақылау инспекциясы неге қадағаламайды деген сұрақ туады. Мердігер компаниялар күрделі жөндеуге 3 жыл, орташа жөндеуге 2 жыл кепілдеме берілген деген уәжді алға тартып, жауапкершіліктен сытылып кетіп жүр. Біздіңше, оларға қойылатын шарттарды барынша қатаңдатқан жөн. Бірден айыппұл салу секілді талаптар қарастырылса, мұндай келеңсіздіктер қайталанбас еді. Екіншіден, иелігінде не техникасы, не жұмыс күші, не маманы жеткіліксіз ұйымдардың тендерді оп-оңай ұтып алуына тежеу салмай болмайды.

Бір мыңнан астам тұрғыны бар Ала­бота, Шұңқыркөл, Тихоокеан ауыл­дары­­ның тұрғындары қырық жамау грейдермен қатынауды доғарған. Одан гөрі егістік алқаптары арасындағы сүр­леу жолмен жүргенді қолайлы көре­ді. Ал қыста қайтпек? 13 жыл бойы шенеу­нік­тердің құр­­ғақ уәдесіне тойып келеді. Мұндай мысалдар облыста жетіп-артылады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы