• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2019

Оң бағытқа бастайтын бағдарлама

409 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақа­ласын отандық тарих ғылы­мын одан әрі дамытуға сер­пін берер сүбелі құжат деп атауға толық негіз бар. Ал осы мақала аясын­дағы «Архив-2025» бағ­дарламасы Қа­зақстан Республикасындағы мем­ле­кет­тік архивтерді дамы­ту­дың оң ба­ғытына бастар жол екендігі даусыз.

Тәуелсіздікке қадам басқан жылдарымызда «Мәдени мұра» атты бағдарлама табысты жүзеге асырылды. Ол бағдарлама тарихи өткен жолымыздың ұмытылған жерлерін еске түсіруге, қайта жаңғыртуға, кейбір жерлерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік тудырды. Деген­мен, әлі де көптеген жазба тарихи байлық­тарымыз зерттеушілердің қолына тимей, ғылыми айналымға түспей жатыр, өйткені олар Қазақ­стан­нан тысқары жерлерде, шетелдердің архивтерінде.

Елбасының мақаласы Қазақ­стан­ның болашағына арналған. Онда тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған бірнеше ірі-ірі жобалар ұсынылған. Мемлекеттік архив қызметкерлері үшін жаңа жоба – «Архив-2025» жеті­жылдық бағдарламасы басым бағыт болып табылады. Бұл бағдарлама Қазақстанның тарихы жөнінен тарихи көздердің аясын шетелдердің архивтерінен табу арқылы елеулі дәрежеде ұлғайтуға мүмкіндік береді. Анықталған құжаттар отандық тарих ғылымын бұрынғыдан да толықтыра түседі.

Қарағанды облысының тарихы туралы құжаттар тек жақын шетелдерде ғана емес, сонымен қоса алыс шетелдерде де бар. Ресей Федерациясының Мәскеу, Новосібір, Омбы, Орынбор қалаларындағы мемлекеттік архивтерде көптеген дүниелер сақтаулы. Мәселен, тек Ресейдің мемлекеттік әсекри-тарихи архивінде Қаратау тау­ларында тас көмір кенінің ашылуы (1863 ж.) туралы деректер, уездердің шекаралары (1852 ж.), Беларусь Республикасының мемлекеттік архи­він­де қаза тапқан және осы республика аумағында жерленген қазақстандық жауынгерлер туралы деректер бар.

«Архив-2025» бағдарламасы Қарағанды облысының тарихы жөні­нен құжаттарды жақын және алыс шетелдердің архивтерінен анық­тау­ды бағдар тұтып отыр. Құжаттар анық­талған жағдайда нәтижесі бойын­ша архившілер арасында қызмет­тестік туралы меморандум жасала­ды, оның мақсаты ақпараттар алмасу және оған қоса Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Ұлттық архив қорын жаңа құжат­тармен толықтыру.

Құжаттар цифрлы форматқа конвертациялау жолы арқылы жаппай жұрт­­шылыққа қолжетімді болады. Сөйтіп «Архив-2025» бағдар­ла­масы архив жүргізудің тағы бір маңызды бағыты – архив құжаттарын цифрландыруға да қатысты болмақ. Мәселен, Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде 2013 жылдан бері «Электронды архив» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіліп келеді, оның көме­гі­мен қағаздағы дәстүрлі құжаттар электронды форматқа көшірілуде. Құжаттарды цифрландыру, яғни архивтегі істерді сканерлеу оларды пайдалануды жеңілдету, оларды Интернет желілеріне орналастыру арқылы құжаттарды ғылыми ай­налымға түсіру бағытында жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Архив­тердің бірыңғай ақпараттық кеңіс­ті­гін қалыптастыру бағытында қағаз­дағы немесе аудио-бейне тасы­мал­дағыштағы болсын, әртүрлі сақ­та­лу бірлігін цифрландыру арқылы бірыңғай деректер базасы құрылады.

Қарағанды облысының мемле­кет­тік архиві үшін аса ауқымды ақпа­раттар ресурсына ие мекеме ре­тін­­дегі басты әлеуметтік мәні зор және маңызды қызметінің бағыты құ­жат­тарды пайдалану болып табылады. Сондықтан да ол бүгінгі күні тек электронды құжаттар құрумен ғана емес, сонымен қоса оларды жас­тар арасында патриоттық тәрбие жүргізу мақсатындағы да, заңды және жеке тұлғалардың әлеуметтік-құ­қықтық сипаттағы сауалдарын орын­дау мақсатындағы да толығымен пайдалану үшін жұмыс жүргізілуде. Архив Қарағанды және Қарағанды облысының тарихы, атақты адамдары, тарихи оқиғалары туралы көрнекі аудио-бейне материалдарды пайдалана отырып «Орталық Қазақстан архив құжаттарында» атты курс бойынша тарих сабағын өткізуді дәстүрге айналдырған. Бірнеше жылдан бері Қарағанды қаласының мектеп оқушылары, колледждер мен университеттердің студенттері үшін 100-ден астам сабақ өткізілді. Тарих сабағын дәстүрлі емес түрде өткізу студенттер мен оқушыларға тартымды болып, сабаққа ден қоюымен қатар олардың архивке келуге деген ынта-ықыласын арттыратындығы сөзсіз.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік архивтердің жұмысына жаңа леп беріп отыр. Жаңа тарихи құжаттарды анықтау Қазақстанның Ұлттық архив қорын толықтырары, отандық тарих ғылымының тарихтану базасын бұрынғыдан да ұлғайта түсері сөзсіз. Ал тарихи құжаттарды электронды форматқа көшіру еліміздің өткен тарихы туралы ақпаратқа көптеген зерттеушілердің қолын жеткізеді.

Сөз соңында ата-бабамыздың ғасырлар бойы тарихи құжаттарға басылған мұрасы түсінікті және қазіргі ұрпақтың сұранысы мен қолданысына лайықты әрі жеңіл болады деген сенімдеміз.

 

Жаңагүл ТҰРСЫНОВА,

Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің директоры

 

ҚАРАҒАНДЫ