«Қазақтың әлемдік өркениетке қосқан үш нәрсесі бар. Соның бірі – киіз үй» деген Ғабит Мүсірепов дүниежүзілік сәулет өнеріндегі қазақтың қолтаңбасын айқындап берген. Сол киіз үйден басталған қазақ сәулет өнері бүгінде кемелденіп, ұлттық нақыштағы өрнегі мен болмысы бар бірегей келбетке ие болып отыр. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби сәулетшілер Төлеу Бәсенов пен Малбағар Меңдіқұловтар құрған сәулет мектебінен түлеп ұшып, қазір өз мектептерін құрып отырған таланттар аз емес. Солардың ішінен оқ бойы оза шапқан сәйгүліктері де аз емес. Солардың бірі әрі елге танымал сыйлысы ретінде Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұловты атар едім.
Әбдісағит Тәтіғұлов – өзіне кәсіп ретінде таңдап алған құрылыс инженері мамандығы бойынша Қазақстанның сәулет-құрылыс ісіне өзінің тың да қуатты бастамаларымен жалындап кірген маман. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында бүгінде атағы еліміз бен шетелдерге бірдей танымал «KAZGOR» жобалау академиясын үзбей 35 жыл басқарды. Оның басшылығымен осы ұзақ жылдарда талай көз тартар, көңіл сүйсінтер сарайлар мен ғимараттар салынды, қазақ ұлттық сәулет өнері әлемдік деңгейге көтеріліп, басқалардың көзайымына айналды. Әбдісағит Шаймұханбетұлы – өзінің тынымсыз ғылыми ізденістерінің арқасында осы саланың тарихы мен теориясына дербес үлесін қосқан сәулет өнерінің қайраткері және оның жетекші ұжымының басшысы ретінде жеке өзінің қолтаңбасын қалдырған азамат.
Ұлттық сәулет өнерін дұрыс қалыптастыру үшін ең алдымен ел тағдырын, ұлт намысын ойлайтын мамандар, азаматтар керек дейміз. Міне, осындай азаматымыз – Әбдісағит Тәтіғұлов. Әрқилы өткелдерден де бірге өтіп келе жатырмыз. Әбдісағиттың бабасы, Кенесарының сан жорықтағы сенімді серігі, үзеңгілесі Жәуке батырдың есімін Торғай өңірі үлкен құрметпен атайды. Атақты батыр бабаның ұрпағы өзіне тарта білді. Әбдісағиттың атасы Тәтіғұл қажы ел ағасы болған, мешіт салдырып, балаларды оқытқан. Кешегі Торғай даласында болған атақты дүбірде Тәтіғұл қажы ел намысы үшін ту көтеріп, балалары Нұрмұханбет пен Шаймұханбет те (Әбдісағиттың әкесі) әкелерімен бірге жүрді. Сол үшін қажы балаларының екеуі де Кеңес өкіметі тарапынан қуғын көріп, туған жерін, қыстауын тастап, басқа өңірге кетуге мәжбүр болған. Сол басқа өңірде дүниеге келген Әбдісағит ата мен әкенің басына түскен қиындықты солармен бірге атқарды, сол дүрбелең кезеңнің ыстығы мен суығын қатар көре жүріп бой түзеді, азаматтық тұлғасы қалыптасты. Ал енді оның ұлтжандылығы атасы көтерген тумен, әке өнегесімен, ана сүтімен қалыптасқан деуімізге жоғарыда айтқандарымыз негіз бола алады.
Мен Әбекеңді көптен бері білемін. Бір жерде туып, бір заманда өстік. Әбекеңнің сәулетші өнерін таңдауына туған елінің тылсым сырының әсері болды деуімізге болады. Сонау Ұлытаудан бастау алып құрдымға кеткенше өзекті елдің өміріне мән мен сән сыйлап келе жатқан қасиетті Торғай өзенінің қос жағалауында тарихи, мәдени ескерткіштердің ансамблі қоныс тепкен дерсің. ХVIII-ХІХ ғасырларда күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген еңселі ғимараттар сан ғасырлық оқиғалардың куәсі іспетті алыстан қол бұлғайды. Олардың біразы республиканың тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізбесіне алынған. Бала Әбдісағит олар туралы аңыз-әңгімелерді естіп өссе, есейе келе оларды өзінің зерттеу нысанасы етті.
XX ғасырдың ұлы архитекторы Ле Корбюзьені барша әлем біледі. Сол айтқан екен: «Сәулетші сезімтал, әрі өнердің тәжірибелі білімпазы болуы керек. Ол тек қана инженер, құрылысшы емес, дәрігер, психолог және міндетті түрде ақын болуға тиіс». Осы қасиеттердің бәрі болмаса да, дені Әбдісағитта бар. Ерекше сезімталдығына оның жобасымен салынған сұлу ғимараттар куә. Майталман инженер, тәжірибелі құрылысшы екенін баршамыз мойындап, осы саладағы елеулі жобаларды іске асыру үшін басшы да, қосшы да оның ақыл-кеңесіне құлақ түреді. Ақындығы тағы бар. Сөйтіп, Ле Корбюзье айтқандай, Әбекең де сәулет өнерінің қадірін, қасиетін жан дүниесімен түсінетін сегіз қырлы, бір сырлы азамат.
Жалпы, сәулетшілердің өз шеберліктерін сынайтын жұмыстарының бірі – мемлекет астанасының сәулетін қалыптастыру жұмыстарына қатысу. Алматы еліміздің астанасы болып тұрған жылдары Әбекеңнің тікелей басшылығымен «KAZGOR» жобалау академиясы Республика сарайының, 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйінің, Орталық стадионның, «Алатау» шипажайының тағы да басқа аты әйгілі ғимараттардың жобасын ұсынды. Бүгінде олар қаламыздың қайталанбас келбетін ашатын бірегей сәулет ескерткіштері. Қазіргі заман талабына сай әрі жаңа технологияларды пайдаланып жасаған «Нұрлы тау» көпфункционалды кешенінің жобасы иеленген Қазақстан Сәулетшілер одағының Гран-при жүлдесі мен алтын медалі – бұл еңбекке эстетикалық та, қолданыс жағынан да берілген үлкен баға. Қазіргі кезге дейін Әбекең басқарған академия Алматы қаласындағы барлық сәулетті ғимараттардың жобасын жасауға белсене араласып келеді. Сондықтан да баршамыз мақтан ететін әсем қаламыз Алматының келісті келбеті Әбекең мен ол басқарған жобалау академиясының шығармашылық ұжымының келісті жұмысының нәтижесі десек, қателеспеспіз.
Мемлекетіміздің бүгінгі жас астанасының көркеюіне де Әбекең бастаған ұжымның қосқан үлесі аз емес. Оның «Астана алдымен қазақ рухына сай келетіндей, экологиялық таза, әлеуметтік мәселелері оңтайлы шешілген қала болып көркеюі керек. Қазақстанды әсем әрі ұлттық сипаттағы ғимараттарымыз бар ел ретінде әлемге танытқымыз келсе, бар күшімізді Астана ғимараттарының сұлу жобаларына жұмсауымыз керек. Архитектуралық шығармалар тек практикалық мақсаттар үшін емес, қоршаған ортаның эстетикасын қалыптастыратын, қоғамның белгілі бір идеялық мақсат-мұратын, эстетикалық мұқтажын бейнелі түрде баяндау керектігін де естен шығармауымыз керек» деген ой-толғамы әсем жобаларды дүниеге әкелді. Академия сәулетшілері Нұр-Сұлтан қаласының бүгінгі көз сүйсінтерлік келбетін жасауға атсалысуда. Қаламыздағы «Нұрсая», «Триумфальный» тұрғын үй кешендерінің, Әзірет Сұлтан мешітінің, Кенесары хан ескерткішінің жобаларында Әбекеңнің қолтаңбасы бар.
«KAZGOR» жобалау академиясын Әбдісағит Тәтіғұловтың 35 жыл үзбей басқарғанын жоғарыда айттық. Осы жылдары «KAZGOR» қатардағы жобалау институтынан академия дәрежесіне, өз саласында еліміздегі жетекші кәсіпорын дәрежесіне көтеріле білді. Кешегі заман өзгеріп, егемендіктің алғашқы жылдарында осы сияқты ұжымдар күнін көре алмай, жаппай жабылып жатқанда, «KAZGOR» өз мамандарын, өз қалпын сақтап қала алды.
Ал бүгін бұл – әлемге аты әйгілі жобалау академиясы. Әбекеңмен ұзақ жылдар қызметтес болған әріптестері оның басшыға тән үш қасиетін айтады. Біріншіден, ол мықты құрылыс инженері және ұйымдастырушы ретінде маңайына дарынды мамандарды топтастыра білді. Екіншіден, осы ұжымның басты іс-бағыттарын анықтап, оның заман талабына сай болуын қамтамасыз етті. Үшіншіден, ұжым мүшелеріне адал болды, олардың еңбегін бағалай білді. Басшыларының осындай ізгіліктеріне көзі жеткен ұжым жыл санап істеген істің, ұсынған құрылыс жобаларының сапасын арттыра берді.
Аталған академия нарық заманында талай сынақтан абыройлы өтіп келеді. Нарық талабына сәйкес өзінің ішкі құрылымын күрделі түрде қайта жасады. Жаңа құрылыс материалдары және ақпараттық технологияның өмірге келуіне байланысты жобалау тәсілдері жаңарды. Осы саладағы әлемнің озық үлгілері мен жобалау стандарттары енгізілді. Бүгін осы академия дарынды сәулетші, осы саланың ноқта ағасы Шота Ыдырысұлы Уәлихан айтқандай, сәулетшілер мен инженерлердің «аруанасы» (альма-матер) дәрежесіне көтеріліп, басқа жобалау мекемелеріне көшбасшы болып келеді. Көш бастау – үлкен еңбек пен ұжымның бірлігін талап ететін ерен жұмыс, оны абыроймен орындау кемел күш-жігерді, білімді қажет етеді. Әбекең мен ол бағыт салған «KAZGOR» жобалау академиясының осындай беделі мен ізгілікті істері еленбей қалған емес. Сонау Кеңес дәуірінде бүкілодақтық социалистік жарыстың бас бәйгесін он бес рет жеңіп алған екен. Егемендік алған тұсымызда академия Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» белгісімен марапатталды. Осындай зор табысқа жетуде ұзақ жылдар басшылық еткен Әбдісағит Шаймұханбетұлының да еңбегі жоғары бағаланып отыр. Ол – Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Құрметті инженері, мәдениет қайраткері атақтарының иегері, сан рет орден-медальдармен де марапатталған, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырда өмір сүрген сәулетші Марк Витрувий Поллион: «Түрлі саланың қатысуымен пайда болған жұмыстардың да ең соңында сәулетшінің көзінен өтетіндігі тегіннен болмаса керек. Сәулетші ғылымды қабылдай алатындай табиғатынан талантты адам болуы керек» деген екен. Әбдісағит Тәтіғұлов та бұл тұрғыдан өз орнын тапқан адам деп айтуға әбден болады. Инженерлікті маман ретінде терең меңгеруімен қатар ол – сәулет және құрылыс саласын ғылыми жағынан талдап жүрген көзі қарақты ғалым. Оның қаламынан 400-ге жуық ғылыми еңбек пен мақала жарық көрген екен. Ол – техника ғылымдарының кандидаты, профессор. Мәскеудегі Халықаралық сәулетшілер академиясының академигі. 2001-2005 жылдары Әбекең өзі басшылық етіп, студенттер мен оқытушыларға, жалпы салаға қызығушылық танытатын көпшілікке арналған 4 томдық «Архитектура және жобалау негіздері» атты ғылыми еңбекті жариялады. «Сәулетші – 2001» атты халықаралық сәулетшілер фестивалінде осы еңбек сәулет өнері туралы жазылған ең маңызды еңбек ретінде танылып, Ә.Тәтіғұлов Архитекторлар одағының халықаралық ассоциациясының I дәрежелі дипломымен марапатталды. Энциклопедия дәрежесіндегі бұл еңбек бүгінге дейін оқырмандардың қолынан түскен емес.
Әбекеңнің «Сәулет конструкцияларының негізі және азаматтық ғимараттарды жобалау» атты монографиясы осы салада білім алып жатқан жастар үшін маңызды оқу құралы болып саналады. Басқа да он шақты монографияларының сапасы мен маңыздылығын осы саланың мамандары өздерінің жоғары бағасымен танытып келеді. Көпшілік, әсіресе мамандар, олардың назарын аударған жобалары арқылы, табанды ғылыми ізденістерінің нәтижесінде Тәтіғұлов есімі әлем елдеріне таныла бастады. Талантты инженер, дарынды сәулетші ретінде талай халықаралық конгрестерге қатысып, мінбеден өзінің ғылыми жаңалықтарын жария етті. АҚШ, Швейцария, Италия, Германия, Канада, Ресей, Қытай, Түркия, Англия, Корея елдерінде, басқа елдерде өткен халықаралық сәулетшілер конгресінің тұрақты мүшесі. Архитекторлар одағының халықаралық ассоциациясының Гран-при жүлдесі мен алтын медалінің бір емес, бірнеше мәрте иегері. Ол басқарған академия әлемдегі ең танымал жобалау компанияларымен, мысалы АҚШ-тағы «Som», «LERA», «Ramse», Англиядағы «Foster+Purtners», «Buro Happold», «Arup», Оңтүстік Кореядағы «Space Group», тағы басқаларымен қоян-қолтық жұмыс істей бастады. Олардың бірігіп жасаған құрылыс жобалары іске асуда. Сөйтіп аталған академияның әлем деңгейіндегі келбеті қалыптасып келе жатыр. Қазір осы академияның директорлар кеңесін басқаратын Әбдісағит Тәтіғұлов – бүгінгі таңда қазақ сәулет өнерін әлемге танытып, оның әлем қауымдастығында елеулі орын алуына атсалысып жүрген бірден бір азаматымыз.
Тек қана сәулет өнерінде емес, жалпы өмірінде сезімтал, қайырымы мол, қолынан келген жәрдемін ешкімнен аямайтын азамат екендігін тынбай көрсетіп жүр Әбекең. Атамекені Батпаққара еліне (қазіргі Амангелді ауданы), Бозтүбек пен Ханшабылғандағы ескі тарихты тірілтуге жасаған көмегі қаншама?! Тарихымыздың дара тұлғалары Иман, Қошқар, Жәуке батырларға қойған ескерткіштер елді қуантты. Ғұлама ғалымдар, ардақты ағаларымыз, академиктер Манаш Қозыбаев пен Өмірзақ Сұлтанғазин өмірден өткенде, өзі жобасын жасап, олардың бастарына кесене орнатқан да Тәтіғұлов болатын. Осындай шексіз қайырымдылығымен, жақсыға қошемет көрсетіп, қоршаған ортасының ауыртпалығын басқалармен бірге көтеруге дайын тұратындығымен де Әбекең ел алдында абыройлы.
Өзінің бастамасымен әрі сәулет саласына деген құрметімен Әбекеңнің жасап жүрген тағы бір игі жұмысын атап өткен жөн. Ол – сәулетшілер туралы жазушы бірден-бір автор. Қазақстан сәулетшілері туралы естеліктер жазылмайтынын айтып қынжылады ол. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен өзі көзін көрген ұстаздары туралы, замандас әріптестері туралы көптеген публицистикалық мақалаларын жариялап келеді. Т.Бәсенов, М.Меңдіқұлов, Н.Рипинский, А.Деев, А.Қапанов, Т.Жүнісов, Қ.Монтақаев, С.Рустамбеков, Т.Ерәлиев және тағы басқа сәулетшілер туралы мақалалары көпшіліктің ықыласына бөленіп, жастарға қазақ сәулет мектебінің тарихы туралы сыр шертеді. Сонымен қатар сәулетшілердің мерейтойларын атап өту де – Әбекеңнің өзіне міндет етіп алған игілікті жұмыстарының бірі. Мұндай жомарттық, мәрттік тек осындай үлкен жүрегімен ұлтын сүйген азаматтың бойына бітеді деп ойлаймын.
Әбекең – өз отбасы үшін де үлгі. Бәйбішесі Мағрипамен бірге тәрбиелеп-өсірген ұлдары бүгінде өз шаңырақтарының иесі, үлгілі азаматтар, әке жолын қуып, сәулет өнерінің білікті мамандары болып қалыптасып келеді. Бірі академияның бүгінгі басшылығында отырса, екіншісі оның кеңесшісі, көмекшісі ретінде, әкелері жоғары дәрежеге жеткізіп берген мекеменің абыройын одан әрі асқақтатып жүр. Жоғарыда айтылған биік баға алған төрт томдық энциклопедиялық ғылыми еңбекті жазуға Әбекеңмен қоса осы балалары да қатысты. Оларды өсірген, қазақ қызының барлық жарқын мінезі бойына біткен аналары, Әбекеңнің жұбайы Мағрипа, өкінішке қарай, дүниеден ерте кетті. Ал шаңырақ иесі Әбекең бүгін немерелерінің қызығына бөленіп, олар үшін ел азаматының жарқын үлгісі болып отыр. Артында табысты жылдары, алдында сол жылдардың жемісі бар. Қазақтың сәулет мектебін құрған ұлы ұстаздарының ұлағатын кейінгі ұрпаққа жеткізіп, мектеп баспалдағының жаңа сатыларында өз қолтаңбасымен ерекшеленетін дарынды азаматымыз – еліміздің мақтанышы.
Кенжеғали САҒАДИЕВ,
академик