• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2019

Мәслихаттар өз міндетін атқарып отыр ма?

485 рет
көрсетілді

Азаматтық қоғамды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын маңызды орган – сайланбалы жергілікті өзін өзі басқару мекемелері. Яғни, біздіңше мәслихаттар. Соңғы әкімшілік реформалар жергілікті билікке елеулі өкілет­тіктер берді. Дегенмен мәслихат депуттары өз құзыретін толық пайдаланбай, тағайындалатын әкімдерге тәуелді деген сын аз емес. Оның себебі неде?

 Бас шұлғыған бай болады

Биыл сәуір айында Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева же­дел шешуді талап ететін өңірлердің әл­сіз ин­фрақұрылымына назар аударған-ды. «Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне тәуелсіздік жылда­ры 540 миллиард теңгеден астам қаржы жұм­салды. Сонда да көптеген елді мекендерге әлі күнге дейін ауыз су неге жетпеген? Бұл бағдарлама Бермуд үштағаны сияқ­ты, қаражат жұмбақ жағдайда жоға­лып кетеді», – деді Д.Назарбаева. Бұл ес­кертудің жөні бар, өйткені ол қара­жат мәслихат депутаттарының көз ал­дында құмға сіңген судай болған. Міне, осы бір ғана пікірімен Сенат Төр­ағасы өңірлердегі жалпы ахуалға және депу­тат­тардың жұмысына баға беріп өтті десек болады.

Мәслихаттар мен депутаттардың жұмысын жетілдіре түсуге байланысты пікірлер әртүрлі мінбелерден айтылып келеді. Олардың басым бөлігінің ортақ пікірі жергілікті атқарушы органдардың өз өкілеттіліктерін тиісті деңгейде атқар­май отырғанын көрсетеді. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы жергі­лікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңының 6-бабында мәслихаттардың құзыреттері тайға таңба басқандай көрсетілген және олардың көлемі жылма-жыл көбейіп отырмаса, азайған жоқ.

Сонда жергілікті өкілетті органдар мен бұқараның арасындағы сенімге сел­кеу түсуіне, билік тармағының бұл сат­ысының әлсіреуіне не себеп? Сая­сат­танушы Ерлан Сайыровтың айтуын­ша, мәслихаттар жергілікті өкілет­ті орган болғандықтан, олардың жауапкер­шілігінде қоғамның салмақты жүгі бар.

– Бүгінде облыстардағы, аудан­дар­д­ағы, қалалардағы мәслихаттар әкім­нің шешіміне мөр соғып беретін но­та­риалдық кеңсе сияқты. Алдағы уақытта мәслихаттардың бюджеттің түзілуі мен орындалуын бақылау құзыре­тін арт­тыра түсіп, халық пен билік ара­сын­дағы нағыз көпірге айналуы керек. Мәселен, біріншіден, «мәслихат төр­ағасы» деген лауазым енгізілуі қажет. Екін­шіден, облыстық деңгейде мәслихат депу­тат­тарының кәсіби жұмыс істеуіне жағдай жасау керек, – дейді Е.Сайыров.

– Қазір депутаттардың көпшілігі әкім­діктерге, әкімдерге тәуелді. Сондық­тан олар әкімшіліктің нұсқауы бойынша дауыс беріп келеді. Егер олар тәуелсіз болса, әрбір депутаттың жеке азаматтық көзқарасы пайда болар еді, – деп ой қорытты саясаттанушы.

Негізінде бюджет қаражатын жұм­сау­дың басымдықтарын анықтау, қолда бар қаржы ресурстарын дұрыс бөлу, жергілікті бюджеттің орындалуын бақылау мәслихат депутаттары­на бай­ланыс­ты екені рас. Бірақ бұл басым­дықта­рды депутаттардың мемлекеттік тұр­ғыда қаншалықты пайдаланып отыр­ғандары белгісіз. Тіпті әр тараптың өз ақиқаты болғандықтан, оның шартты өлшемін табудың өзі қиын.

Хатшылар жалақыларына алаңдаулы

Өңірлердегі өкілетті органдардың құрамы жекелеген цифрлардан көрініп тұрады. 2018 жылғы 25 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан басқа, республиканың 15 өңірінде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Сайланған депутаттардың 44,1% (30) ком­­мер­циялық құрылымдарда жұмыс іс­тей­ді, 32,4% (22) мемлекеттік кә­сіп­орын­дарда қызметкер, ал саяси пар­тия­лар мен ҮЕҰ қызметкерлерінің үлесі 19,1% (13) құрайды, мемлекеттік қыз­мет­шілердің үлесі 1,5% (1) құрайды.

Міне, өңірлердегі мәслихаттардың қазіргі құрамы осы көрсеткіштерден аса ауытқымауы мүмкін.  Бұл цифрлар көр­сетіп отырғандай, мәслихат депу­тат­­тарының едәуір бөлігі мемлекет­тік кәсіпорынның қызметкері болса, сая­си партиялар мен ҮЕҰ қызметкер­лері­нің үлесі 20 пайызға да жетпейді. Демек, Е.Сайыров атап өткен тәуел­ділік осы мемлекеттік кәсіпорын қыз­мет­керлерінің көрсеткішінен туындаса керек. Ал кәсіпкерлердің жалақы төлен­­бейтін жергілікті депутаттық лауа­зым­ға ұмтылысының сыры неде? Көп­шілік оның бір ғана жауабын айтады – қазанның қақпағын ұстаған мем­лекеттік ұйымдар мен мекеме басшыларына жақындай түсу.

Осы орайда «Өңірлік депутаттар одағы» қоғамдық қорының төрағасы Андрей Кудеев мәслихаттардың құзы­ретін арттыра түссе, олардың жұмы­сы­ның тиімділігі жарқырап көрінер еді деген ойын айтты. Оған қоса, депутаттың жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынысын да жеткізді.

– Менің ойымша, депутат өзі сай­лан­ған округтің аумағында тұруы тиіс. Сонда ғана сайлаушыларының қиын­дық­­тарын жан-тәнімен сезініп, пробле­малар­ды халықпен бірге басынан өткер­ген соң ғана шешуге ұмтыла түседі. Екін­­шіден, мәслихаттардың қаулы­лары тиісті деңгейде орындалмайды. Ол құ­жаттарды көптеген ұйымдар мен мекемелер толыққанды заңдық күші бар құжат ретінде қабылдай бермейді,  – дейді А.Кудеев.

Ал Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдерді тағайындауда мәслихаттардың келісімі алынатынын және олардың барлығы депутаттар алдында есеп беретінін атап өтті. Бұдан бөлек, оның пікірінше, мәслихат хатшыларына лайықты жалақы тағайындайтын әрі «мәслихат төрағасы» деген лауазым енгізетін уақыт келді.

Жалпы, биылдан бастап күшіне енген заңдарға сәйкес, енді жергілікті өкі­летті органдарға (мәслихаттарға) пропор­ционалды сайлау жүйесі қолда­ны­лады. Сайлау заңнамасының аталған жаңалығы елдің саяси жүйесінің дамуына жаңа вектор қосып, саяси партиялар рөлін күшейтуге бағытталған. Бірақ мәслихаттардың құрылымының өзінде шешуін таппаған мәселелер барын ескерсек, жүйені жаңғырту кешенді болғаны дұрыс сияқты.