Біз көтергелі отырған бұл мәселе, яғни тойларды заман талабы мен адамдардың талғамына сай мазмұнды, жарасымды сән-салтанатпен өткізу жөніндегі әңгіме көпшіліктің көкейінде жүрген дүние. Алайда, өкінішке қарай, бұл мәселеге кейде жіті мән берілмей жатады. Ендігі жерде той өткізуге байланысты тың бастамалар мен түрлі ұсыныстарды тауып қана қоймай, оған жол ашар қадамдарды қолға алудың да қажеттілігі күн сайын сезілуде.
Аста-төк дастарқан, аткөпір дүние шашу, мақтангерлік пен жалған мадақты көпірту деген бір қарағанда әркімнің өз қалауымен болсын, мейлі. Не қылса да әркімнің асы өзінікі. Ал әншілер мен әртістердің небір атақтыларының фонограммамен көрермендерді алдай салуының түкке тұрғысыз болып қалғаны да той иесінің түйсігі делік. Мәселе, біздіңше той құндылықтарын қадірлеп-қастерлеу, ұлттық дәстүрді сақтау және той иесін сыйлау, сонымен қатар сөздің құнын түсірмеуде болып отыр. Таза өнер ғана тойдың сәні. Қазір қай тойға барсаңыз да қайталана беретін көріністер, егер осыған ой жіберіп қарасақ, бәрі де бір дағдыдан асып кете алмайды. Әуелі той кеш басталады. Шақырылған қонақтар уақытынан кемінде екі-үш сағат кешігіп келеді. Неге? Себебі құрметке атүсті қарау халықтық мәдениетті сыйламауда жатыр. Осы бір мәселе жөнінде де ашық айтуға тиіспіз. Кейде тойға шақырылғандардың біразы тойға келмей, той иелері ыңғайсыз жағдайда жүреді. Бірақ қазір той көп, халық та орынсыз шақырылған тойлардан ығыр бола бастады.
Сонымен қатар асабалар арасында өзінің қай рудан екенін, қай рудан қыз алғанын айтып өзін таныстыруы да құптарлық емес. Шөпті де, шөңгені де өлеңге қосып талғамсыз, құрғақ сөзбен елді әурелейді. Кейде той тілектерін тыңдайтын да адам табылмай бара жатыр ма деп қорқасың. Бүгінгі тойда сөздің де, ойдың да қадірінің қаша бастағаны шындық. Қазақтың той-томалағындағы шектен шыққан, ақылға сыймайтын дарақылық туралы да көптен бері айтылып жүр. Жамбыл облысының орталығы мен аудандарында тойлар да, тойханалар да күн сайын көбейе түсуде. «Той – Құдайдың қазынасы» немесе «Той тойға ұлассын» деп, бата-тілек айтып, таңды атырып, кешті батырып жүрміз. Енді тойдың көбеюі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсарғанын білдіре ме, әлде жалған намысқа тырысушылықтан ба?
«Той десе, қу бас домалайды» демекші, қазақтың шаттықтан шаршағанын көрген жоқпыз. Қалай десек те, алыс-берісі, барыс-келісі үзілмеген, жыл он екі ай той жасайтын халықпыз. Осындай кең пейіл, дарқан болмыстың арқасында мейрамханалардың да мерейі артып, кәсібі ілгерілеуде. Бірақ соңғы жылдары көп тойларда дастарқан мәдениеті, өнерпаздарға деген талғам өсті. Алайда, театрландырылған көріністердің көп уақыт алуы, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың орнына «сақал байлаған», «әртістік кимешектер киген» жасанды жандардың бата беруі көңілге қона қоймайды. Сонымен қатар көпсөзділік те жұртты мезі етеді. Кейбір тойлардың иелері қонақтарға сыйлық таратып, байлық жарыстыру үшін жасалғанын көргенде де көңілге күпті ой келе береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы twitter-дегі парақшасында еліміздегі той өткізудің форматын жаңарту туралы пікірталастарды қолдайтынын, қазіргі қазақ тойында қалыптасқан қасаң көзқарасты өзгертіп, көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдықтан арылу қажеттігін айтқан болатын. Расында да, той өткізу мәдениетін ұлттық ұлы ұлағаттарға, озық салт пен дәстүрлерге сай биіктету ортақ парызымыз. Орын алып келе жатқан кейбір кемшіліктерді, басқа да олқылықтарды түзетуге, тойдағы талғампаздықты, тағылымды арттыруға атсалысу бәрімізге міндет. Мәселен, көрші мемлекеттерде той туралы заңдар немесе жергілікті өкілетті органдарда ережелер қабылданған. Бізде де осы мәселені ойластырған абзал деп ойлаймын. Газеттер мен журналдарда, телеарналар мен радиоларда арнайы айдарлар мен бағдарламалар ашып, той мәдениетін биіктету туралы мақалалар мен хабарлар ұйымдастырылса да дұрыс болады. Тіпті өнегелі өткен тойлар насихатталып, бейәдеп өткен тойлар сыналса деген де ой бар. Алайда, әрбір той жасайтын адам қанағат деген қастерлі ұғымды естен шығармаса болғаны. Жалпы, бәсеке үшін, дақпырт үшін тойдағы тамақ түрлерін көбейтіп, ысырапқа жол беру қасиетті Құран талаптары мен өркениетке де, мәдениетке де қайшы келетінін түсінетін кез жетті.
Тойдың түрі көп. Осы күні жас нәрестені бесікке салу дәстүрін тойға айналдырып, оны мейрамханаларда өткізу кең етек алды. Сонымен қатар тұсаукесер, тілашар, сүндет той да қалыпты жағдайға айналды. Құдалық, қыз ұзату, шаңырақ көтеру, одан кейін мерейтойлар дегеніңіз өте көп. Таныстарыңызбен әңгімелесе қалсаңыз, дүйсенбіден бастап жексенбіге дейін кемінде 3-4 тойға шақырылғанын, кейде күн сайын 2 немесе 3 тойға дейін баратынын қынжыла айтады. Кім болса да, «Бармасаң, ұят», деп жауап береді. Бұл той иесіне де, қонаққа да шығын. Кейде тойдың ұяты халықты кедейлікке ұрындырады. Кейбір кісілер несие алып, той жасайды. Тойдан кейін халық «Той өзін ақтады ма?» деп сұрап жатады. Егер ол шынымен ақталса жақсы, ақталмаса қарыздың үстіне қарыз қосылады.
Қазақтан басқа ұлт өкілдері сырттан әнші-биші алдырып, 250-500 адамға дейін той жасамайды. Түрік Республикасының Анталья қаласына демалысқа барғанымызда, біз түскен қонақүйде екі рет түріктердің үйлену тойы болды. Байқағанымыз, сол тойға 70-90 адам ғана қатысып, тойдың дастарқаны өте қарапайым швед үстелі түрінде өтті. Рас, бізде қалталы қауымнан қалыс қалмаймын деп қанша қазақтың қарызға батып той жасап жүргенін байқап жүрміз. Бірақ «біреу тойып, біреу тоңып секіретінін» ұмытпау керек сияқты. Бұл ретте әркім көрпесіне қарай көсілсе екен дейсің. Барымен базар қылып, бір кесе шай ұсынсаң да мейманыңның мерейі тасымай ма?! Өмір дейтін өзенді қанағат қайығымен жүзіп өткенге не жетсін, шіркін!
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы