• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2019

Ұлытауда Jezkiik этно-мәдени мұра фестивалі өтеді

327 рет
көрсетілді

Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданының Болатсай деген жерінде 23-24 тамыз күндері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Jezkiik этно-мәдени мұра фестивалі өтеді.

Осымен екінші рет өтпекші халықаралық мәдени шараға еліміздің белгілі әртістерінен бөлек Испанияның Carmen Guerrero Flamenco ансамблі, Сербияның ұлттық «Абрашевич» оркестрі, DUHAJ оркестрі, Италияның MORESCA NOVA тобы сияқты шетелдік өнер ұжымдары  да қатысады.

Фестивальдің алғашқы күнінде романтиканы жаны сүйетіндер үшін алау жанында концерт ұйымдастырылады. Сол күні қонақтарға  «Қазақфильм» мен DAR Play студиосы түсірген «Amire» фильмінің көрсетілімін ұсыну жоспарда бар.

Келесі күні фестиваль бағдарламасы «Атадан қалған асыл мұра» атты концертпен жалғасады. Сондай-ақ, белгілі айтыс ақындары Аманжол Әлтаев пен Сара Тоқтамысова «Ұлы дала дүбірі» атты жыр сайысында өнер жарыстырады. Бұдан бөлек, бағдарламаға сай қонақтарға қазақ халқының тұсаукесер, бесікке бөлеу, беташар және басқа да салт-дәстүр түрлерін көрсету жоспарланған.

Ал Jezkiik этнофестивалінің соңғы күнін «Арлан» ұлттық дәстүр театры, эстрада жұлдыздары Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, «Дос-Мұқасан» ансамблі, «Ұлытау» этно-рок тобы, Alatauserileri, «Назар» ұжымдары, «Алтын батыр» степ-тобы қатысатын гала-концерт түйіндейді.

 

        

Қарағанды облысы