Биыл Солтүстік Қазақстанда 142 білім беру нысанын қалпына келтіру белгіленген болатын. Бұған дейін жөндеу жұмыстарына әрі кетсе жыл сайын 400-500 миллион теңге бөлініп келсе, осы жолы 5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
Қолдағы деректерге сүйенсек, Петропавл қаласында 30 білім ошағы жаңартылмақ.
17 мектептің терезелері ауыстырылып, аумақтары қоршалып, шатырлары, спортзалдар, ғимарат қасбеттері әрленген. №7 мектепте 142 терезенің 128-і, жертөледегі 4 құбыр ауыстырылған. Бұл мақсатта 62 миллион теңге жұмсалмақ.
Алайда, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанына қарамастан, жалпы жөндеу жұмыстарының үштен бірі ғана орындалған. Оған мердігерлердің салғырттығы кері әсер етіп отырғаны байқалады. Мысалы, облыс орталығындағы №10 мектеп «Еңбек-Өскемен» құрылыс компаниясымен 1 маусымда келісімшарт жасасқан. Десе де әлі күнге дейін тендер өткізілмеген. Шығыстан ырғалып-жырғалып, артынып-тартынып келгенше уақыт зымырап өте шыққан. Мектеп директоры Татьяна Анцибор жанын шүберекке түйген күйі қанша жазбаша сұрау салса да, әлі күнге дейін жауап жоқ. 136 терезеден 36-ның ғана қойылуы есектің мимырт жүрісін елестетеді. Қалалық классикалық гимназияның басшысы Күлтай Мұқанова осы компанияның директоры атына талап-хат жазып, майшаммен іздегендей күй кешкен. №8 мектепте 140 терезе ауыстыруды күтіп тұр.
Әлдеқашан апаттық деп танылған Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің жағдайы тіпті дабыл қағарлық. Білім бөлімінің басшылығы жаңа ғимаратқа көшесіңдер деген уәделерінен тайқып кетіп, екі оттың ортасында қалдырған. Солақай шешімнің қабылдануынан-ақ қазақ мектептеріне деген көзқарастың қандай дәрежеде екенін бағамдай беруге болады. 22 кабинеттің 7-уі ғана дайын. Дәліздерге кірудің өзі қорқынышты. Күрделі жөндеуге бөлінген қаражаттың жұғын болатын түрі байқалмайды.
Солтүстік Қазақстан облысы