Биыл 2 тамызда Ақ үй мен Кремль арасындағы Орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімшарт (ОҚЗК) күшін жойды. Ядролық қарусыз әлем құруда маңызды бұл келісімшарттан шығуға алдымен мүдделі болған АҚШ тарапы Ресейді мәміле шеңберінен тыс әрекет етті деп кінәлаған еді. Бірақ жағдайдың бұлай шиеленісуіне Қытайдың зымырандары түрткі болған сыңайлы.
Аталған келісімшарт 1987 жылы АҚШ пен КСРО арасында жасалып, 500-ден 5500 километрге дейін ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды жасап шығармауға, сынақтан өткізбеуге, сақтамауға уағдаласты. Осы құжаттың аясында 1991 жылы КСРО 1846, АҚШ 846 зымыран кешенін жойған. Алайда араға біраз жыл салып, алпауыт елдердің қуатты қарулануын тежеген ОҚЗК әрекет етуін тоқтатты. Соңғы жылдары екі тарап та бір-біріне келісімшарттың талаптарын бұзғанын айтып, кінә тағып келді. Вашингтон SSC-8 атты танымал ракеталар жасалып жатыр деп дабыл қақса, бұған Мәскеу зымырандардың 500 километрден алысқа ұшпайтынын айтып жауап қатқан. Ресей де Еуропада зымырандарға қарсы қондырғылар орналастыру шартының сақталмағанын мәлімдеп, қынжылыс білдірді. Ақыры АҚШ 1 тамыздан бастап келісімшарттан шықты, ал Ресей 2 тамызда ОҚЗК күшін жойғанын ресми хабарлады.
Жаһан елдері жағдайдың бұлай ушыққаны жаппай ядролық қарулануға қозғау салады деп қауіптенуде. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ең маңызды факторларының бірі болып саналатын шарттан шығу туралы шешіміне байланысты алаңдаушылығын білдіріп, оны денонсациялау жаңа жанталаса қарулануға әкелуі және жаһандық ауқымда ауыр салдары болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ еуропалықтар мұндай келісімшарттың жойылуына белсенді түрде қарсылығын білдіріп жатыр. Германия, Франция, Бельгия, Швейцария және басқа елдер бұған қатысты ойларын ашық жеткізуде. Еуропарламенттің қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитетінің жаңа басшысы Натали Луазо АҚШ пен Ресейді басқа ядролық қаруы бар елдермен бірге жаңа уағдаластықтарды талқылауға шақырды. Ол «ОҚЗК құжатының күшін жойғаны ұнжырғамызды түсірді. Ондаған жылдар бойы бұл құжат халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізгі діңгектерінің бірі болды. Қарулануды қадағалауда маңызды бұл келісімнің тоқтағаны тек Еуропада емес, әлемдік ауқымда тыныштыққа қауіп төндіріп тұр. Сондықтан БҰҰ аясында осы санаттағы қарулар бойынша көпжақты келіссөздер жүргізуге шақырамыз», деді.
Бұл мәлімдемеде басқа ядролық мемлекеттердің аталуының себебі бар. Өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп мұндай тоқтамға келуінің басты себептерінің бірі ретінде Қытай жасап жатқан оқтұмсықтарды атады. Сөйтіп ол Ресей мен Қытайды қосып, жаңадан үшжақты келісімшарт жасауға ниетті екенін жеткізді. Яғни Қытайдың зымыран жасау саласында күшеюі ОҚЗК-нің түбіне жетті деуге болады. Оның үстіне ядролық қаруын қайта-қайта көлбеңдетіп, Солтүстік Кореяның өзі АҚШ-қа қыр көрсетіп отыр. Сондықтан аталған келісім аясында АҚШ пен Ресей бір-бірін шектеп отырғанда, қалған елдердің қуатты қарулануы жағдайдың осылай тығырыққа тірелуіне ықпал етті.
Жақында мұндай пікірді АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон да айтты. «Қорғаныс министрі Марк Эспер Қиыр Шығыста орта және жақын қашықтағы зымырандарды орналастыру мәселесін қарастырып отырғанымызды мәлімдеді. Мұның себебі Қытайда осындай зымыранның мыңдаған түрі бар. Олар ОҚЗК ядролық шарттына қатысы болмағандықтан, мұндай әрекеттерді еркін жасай алады. Сондықтан аймаққа зымырандарды орналастыру туралы әңгіме тек Жапония мен Оңтүстік Кореядағы АҚШ әскери күштерін және одақтастарын қорғау жайында ғана өрбіген», деді ол.
Қазір әлемде Қытайдың ядролық зымырандарды жасап шығаруды белсенді жүргізіп жатқаны қызу талқылануда. Осы жылдың басында Қытайдың мемлекеттік телеарнасы алғаш рет орта қашықтыққа арналған «Дунфэн-26» баллистикалық зымыранын ұшырғанын көрсетті. Мамандардың айтуынша, зымыран ядролық оқтұмсықты алып жүре алады және жердегі нысаналарды жоюға арналған. Зымырандарды сынақтан өткізу елдің солтүстік-батысындағы полигонда өтті. Зымыранның ұшу қашықтығы 3 мыңнан 5,7 мың километрге дейін жетеді екен. Бұл ОҚЗК-де көрсетілген шектен асып түседі. Осындай күшпен ол Тынық мұхитындағы АҚШ-тың ең ірі стратегиялық әскери базасы орналасқан Гуам аралының аумағына жете алады. Қытайдың Қорғаныс министрі У Цянь орта қашықтағы «Дунфэн-26» баллистикалық зымыраны сынақтан сәтті өтіп, әскери қару-жарақ қатарына қосылғанын және Қытайдың ядролық стратегиясы тек қорғаныс сипатында екенін, қандай жағдайда болсын бірінші болып соққы жасамайтынын мәлімдеді.
Бүгінде сарапшылар Қытайда 290 ядролық оқтұмсық бар екенін айтады. Бұл елдің ядролық қуаты алдағы он жылда екі еселенуі мүмкін. Олардың арасында 7,2 мың километрге жететін оқтұмсықтар кездеседі. Бұлар Қытай жағалауынан алыста тұрып-ақ Аляска, Гавай, Ресей және Үндістанға соққы жасауға қауқарлы. Егер оларды су үстімен ілгері жылжытатын болса, АҚШ-тың біраз бөлігіне жете алады.
Осылайша күшіне міне бастаған Қытай ОҚЗК шартының бұзылуына айтарлықтай ықпалын тигізді. Қазір Бейжің АҚШ қалағандай үшжақты келісім жасауға ынталы емес. Тіпті, Қытайдың Сыртқы істер министрлігі жоғарыда айтқан Пентагон басшысы Марк Эспердің Азияға өз ракеталарын қондыратыны туралы мәлімдемесіне қарсы өз жауаптарын да берді. Олардың хабарламасында «Қытай біздің мүддемізге зиян келтіретін жағдайларға үнемі бейжай қарай бермейді. Бұған қоса іргеміздегі аймақта бейберекет тудыруға жол бермеді. Өзіміздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін барлық іс-шараларды қабылдаймыз. Біз америкалық тарап өздерінің әрекеттеріне мұқият қарайды, халықаралық және аймақтық тыныштыққа бұзуға бастайтын қадамдар жасамайды деп үміттенеміз» деп көрсетілген.
2010 жылы АҚШ пен Ресей арасында тағы бір құжат – стратегиялық шабуылдау қаруларының санын қысқарту және шектеу туралы келісім жасалған. Бұл – ядролық қаруландыруды шектеуге бағытталған бірден-бір келісім. Әзірге әрекет етіп тұрған жалғыз құжаттың күші де жойылатын күн таяп келеді. 2021 жылдың ақпанына дейін созылатын екіжақты келісімді осындай ушыққан жағдайлардан кейін тараптар әрі қарай ұзартады дегенге сену қиын. Өйткені басқа мемлекеттер ядролық қарулануда «басқа шауып, төске өрлеп» жатқанда, мұндай келісімдер бұл екі алпауыт елдің аяқтарына тұсау болмақ. Сондықтан әлемде қарулану жарысының қарқын алмауы үшін көпжақты уағдаластықтарға қол жеткізудің маңызы зор.