• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Тамыз, 2019

Тамыз айында TEAMKZ спортшылары төрт әлем чемпионатына қатысады

302 рет
көрсетілді

Тамыз айында қазақстандық спортшылар төрт бірдей әлем чемпионатында бақ сынайды. 10 тамыз күні Жапонияның Хатиодзи қаласында спорттық құзға өрмелеуден лицензиялық әлем біріншілігі басталды. Ал 21-25 тамыз аралығында Венгрияның Сегед қаласында байдарка мен каноеде есуден әлемдік сын жеңімпаздары анықталады. 24 тамызда Австрияның Линц қаласында академиялық есуден, 25 тамызда болашақ Олимпиада астанасы Токиода дзюдодан әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Аталған әлемдік додаларға Қазақстан командасының дайындығы қандай? Жолдама мен медаль алу мәселесі қалай шешілмек? Olympic.kz команда бапкерлерінің пікірін назарларыңызға ұсынады.

Спорттық құзға өрмелеу

Хатиодзи қаласында өтетін спорттық құзға өрмелеуден әлем чемпионатында тұңғыш рет Олимпиада ойындарының жолдамасы таратылады. Команда бапкері Сәуле Ысқақованың айтуынша, Олимпиада лицензиясы көпсайыс бойынша сарапқа салынады. Сондықтан, көпсайысшыларға басымдық беріліп отыр. 

«Әлем чемпионатына бес спортшымыз жолдама алды. Олар: Азия ойындарында бесінші орын алған Әсел Марленова, Азиаданың төртінші орын иегері Ришат Хайбуллин, қазіргі Қазақстан чемпионы Маргарита Агамбаева мен тәжірибелі Тамара Олжабаева және жылдамдыққа жарысудан ел үздігі саналатын Әмір Маймұратов. 2024 жылы «жылдамдық» бойынша Олимпиадада жүлде таратыла бастайды. Сол себепті, Әмірді осы бастан шыңдауды жөн көрдік», - дейді Сәуле Ысқақова. 

Бас бапкер спортшылардың алдындағы басты міндет – ТОП-20 қатарына ену екенін айтады. 

«Францияның Тулуза қаласында өтетін қосымша лицензиялық турнирге қатысу үшін көпсайысшылар алғашқы 20 спортшының қатарына ену керек. Сондай-ақ, Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын жеңіп алатын мүмкіндік бар. Әлем чемпионатында алғашқы жиырма спортшының қатарына қосылып, тәжірибе жинақтап, Азия құрлығындағы спортшылардың әлеуетін байқауды басты міндет қылдық. Өйткені, Азия чемпионатындағы басты қарсыластырымызды зерттеу керек», - дейді ол. 

Байдарка мен каноеде есу

Бүгінде байдарка мен каноеде есуден Қазақстан командасы Чехияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Құрама бас бапкері Андрей Шантарович әлем чемпионатына қатысатын спортшылар тізімін әлі жариялаған жоқ. Венгриядағы әлемдік сында төрт адамдық байдаркадан Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Бұл бәсеке бойынша қосымша лицензиялық турнирлер өтпейді. Сондықтан, төрт адамдық байдаркашылар мойнында үлкен міндет тұр. 

«Әлем чемпионатына қатысатын құрамды 90 пайыз анықтап қойдық. Ал төрт адамдық байдаркадан бүгінде алты адамды бақылауда ұстап отырмыз. Әлі бір аптадай уақыт бар. Жігіттердің барлығы қарқынды жаттығу үстінде. Әзірге, әлем чемпионатында кімдердің сынға түсетінін айтқан жоқпыз. Дегенмен, төрт адамдық байдаркада бақ сынайтын спортшылар бапкерлер қауымына белгілі. Нақты ештеңе айтпадық, әлі өзгерістер болуы мүмкін. Ал төрт адамдық байдаркадан Олимпиада жолдамасы тек қана әлем чемпионатында сарапқа салынады. Демек, Венгрияда лицензия ұтып алу үшін бар күшімізді салу қажет. Жігіттер қателесуге болмайтынын жақсы біледі. Әрбір метр үшін, әрбір секунда үшін жанымызды саламыз. Ал әлем чемпионатынан кейін жаттығу жұмыстарына өзгеріс енгізіп, Азия біріншілігінде екі және бір адамдық байдаркадағы спортшыларды сыннан өткіземіз. Жалпы, әлем чемпионатына 13 спортшы аттанады. Оның жетеуі байдаркадан ерлер арасында, екеуі әйелдер арасында бақ сынайды. Каноеден ерлер арасында төрт спортшыға үміт артамыз» - деді команда бас бапкері Андрей Шантарович. 

Академиялық есу

Спорттың бұл түрінен командаға жаңа бапкер тағайындалды. Владимир Белоногов академиялық есуден ұлттық құрама тізгінін биылғы қаңтар айында ұстаған болатын. Жаңа бапкер команданы жаңа әдіспен жаттықтыруға көшті. Бүгінде академиялық есуден Қазақстан командасы еуропалық әдіспен жаттығуға көп көңіл бөлуде. Десе де, бас бапкер әлем чемпионатында жолдама мен жүлдеге таласа алмайтынын ашық айтты. 

«Бүгінде спортшылар жаңа жоспар бойынша дайындалуда. Бірақ әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетуге аздап уақыт жетпейді. Алдымызда екі ірі жарыс тұр – әлем және Азия біріншілігі. Екі ірі турнирге де қатысамыз. Одан бөлек, Линцте өтетін әлем чемпионатында Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Бірден басын ашып алған жөн, біз әлем чемпионатында жолдамадан үміттенбейміз. Өйткені, бірінші финалға шығу үшін команданың дайындығы жеткіліксіз. Жаңа бағдарлама бойынша жаттығу жүргізгенімізге көп болған жоқ. Сондықтан, әлемдік сында жүлде мен жолдаманың ауылы алыс екені айтпаса да түсінікті. Еуропалықтарға жету әзірге мүмкін емес. Олармен салыстырғанда біз әлі даму үстіндеміз. Десе де, әлем чемпионатына мақсатсыз бара жатқан жоқпыз. Біріншіден, команданың қазіргі дайындығын бақылаймыз. Екіншіден, әлемдік сындағы Азия құрлығы өкілдерінің аяқ алысына назар аударамыз. Өйткені, біз келесі жылы өтетін құрлық додасында жолдамаға таласамыз. Ал сол сында бізге басты қарсылас атанатын командалардың әлеуетін осы бастан зерттеген жөн», - дейді Владимир Белоногов.

Академиялық есуден әлем чемпионатында бақ сынайтын спортшылар:

Владислав Яковлев (2000 метр, жекелей сын), Светлана Германович (2000 метр, жекелей сын), Михаил Таскин, Анастас Шашков (2000 метр, жұптық сын), Евгений Тацей, Даниил Савченко (2000 метр, жұптық сын, жеңіл салмақ), Мария Чернец, Алина Климентьева (2000 метр, жұптық сын, жеңіл салмақ), Алина Мочула (2000 метр, жекелей сын, жеңіл салмақ)

Дзюдо

Дзюдошылар додасы отандық жанкүйерлер асыға күткен бәсекелердің бірі. Себебі, спорттың бұл түрінен жүлдеге үмітті балуандарымыз жоқ емес.

«Қазақстан құрамасы Бурабайдағы «Жақсы» спорт базасында дайындық өткізуде. Бұл әлем чемпионаты қарсаңындағы негізгі дайындық кезеңдерінің бірі. 16 тамызда Алматыға оралып, Новоалексеевкада тоғыз күндік жиын өткіземіз. Содан соң әлем чемпионатына аттанамыз», - дейді бас бапкер Айдын Смағұлов. 

Дзюдоның түп атасы саналатын жапон жерінде әлем чемпионы (2015), Олимпиада ойындарының (2016) күміс жүлдегері Елдос Сметов, әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2018) Ерлан Серікжанов, Азия ойындарының чемпионы (2018) Дидар Хамзалар юақ сынайды. 

2019 жылы Токиода өтетін дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан командасы:

60 келі:

Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев 

66 келі: Ерлан Серікжанов, Елдос Жұмақанов 

73 келі: Жансай Смағұлов 

81 келі: Дидар Хамза, Руслан Мұсаев 

90 келі: Ислам Бозбаев

100 келі: Айбек Серікбаев  Аралас командалық сын: 

73 келі: Серік Ақылбек 

90 келі: Ислам Бозбаев 

+100 келі: Ерасыл Қажыбаев