• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Тамыз, 2019

Асқар Мамин Түрікменстанда І Каспий экономикалық форумына қатысты

198 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин І Каспий экономикалық форумына қатысу үшін жұмыс сапарымен Түрікменбашы қаласына барды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Форумның пленарлық отырысына Түрікменстан Президенті Г. Бердымухамедов, Ресей Үкіметінің Төрағасы  Д. Медведев, Әзербайжан Премьер-Министрі Н. Мамедов, Иранның бірінші вице-президенті Э. Джахангири, сондай-ақ, Өзбекстан Премьер-Министрі А. Арипов пен Болгария Премьер-Министрі Б. Борисов қатысты.

Форум жұмысы аясында Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовтың жұмыс кездесуі өтті, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымы $68 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 2,2 есеге жоғары. Тараптар шекара маңы аймақтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталып өтіп, машина жасау, химия өнеркәсібі, металлургия, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік, газ салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтудің үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин өзінің сөйлеген сөзінде экономикалық форумды өткізу 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда өткен Саммит кезінде қол жеткізілген, Каспий маңы мемлекеттерінің басшыларының уағдаластықтарын іске асыру жолы екенін атап өтті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Ақтау саммиті барысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы тарихи конвенцияға қол қойылды.

Каспийде өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру Қазақстанның жағалау маңындағы өңірлерін, көлік және энергетика инфрақұрылымын дамытуға, экологиялық теңгерімді және биоалуантүрлілікті сақтауға оң әсерін тигізеді, ал бұл ҚР Президенті Қ. К. Тоқаевтың Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығын дамыту туралы нұсқауларына толықтай сәйкес келеді.  

Асқар Мамин Каспий маңы мемлекеттерінің сауда-инвестициялық, көлік, энергетика, турзим және экология салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастығын жандандыруға қажет бірқатар бастаманы ұсынды.

Қазақстан Үкіметінің басшысы аймақ елдеріне инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Еркін сауда аймақтары туралы әрекет етіп тұрған келісімдердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып жағдай жасау қажет.

Асқар Мамин көлік жүйелерінің функционалдық толықтырылуын жақсарту және мультимодальды тасымалдар тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, Каспийде туризмді дамыту перспективалары да аталып өтті. Каспий теңізінің шипажайлары жыл сайын бірнеше миллион туристті қабылдай алады.

Қазақстан тарапы Каспий теңізінің экожүйесін сақтау жұмыстарын күшейту қажеттігіне баса көңіл бөлді. Қазақстанда құрылған Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы таза технологияларды енгізудің табысты платформасына айнала алады.

Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметінің басшысы Асқар Мамин Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Эсхак Джахангиримен келіссөздер өткізді, онда екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Күннің екінші жартысында Асқар Мамин Түрікменбашы қаласының теңіз портындағы Халықаралық Каспий инновациялық технологиялар көрмесіне барды.