• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Тамыз, 2019

Ішкі және сыртқы нарықтағы іркіліс неден туды?

518 рет
көрсетілді

Жыл өткен сайын өңірдің алыс-жақын шетелдермен экономикалық, сауда-саттық әріптестік байланысы нығайып, сатылатын өнімдердің санымен қоса сапасы да едәуір артып келе жатқаны байқалады. Десек те, алыс-беріс саласында елеулі табыстармен қатар, шешімін табуға тиіс түйткілдердің бар екені жасырын емес.

Таяуда облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің төрағалығымен өткен алқалы басқосу шағын және орта бизнес нысандары үшін өзекті мәселе саналатын экспорт көлемін ұлғайтудың, сыртқы нарық көкжиегін одан әрі кеңейтудің, бәсекелестік қарымын арттырудың негізгі бағыттарын айқындады. Жиынға экспорттаушы кәсіпкерлермен қатар, оларға қаржылай және сервистік көмек көрсететін институт өкілдері де қатысып, азық-түлік өнімдері мен тауарларды сыртқы нарыққа жөнелтудің тиімді және кемшін тұстары талқыланды.

– Ел экономикасының әлеуетін арттыруда экспорттың алатын орны бөлек. Соңғы жылдары шикізатты қалдықсыз өңдеп, шетелдік тұтынушыларға жет­кі­зетін кәсіпорындардың саны көбейе түс­ті. Қайта өңдеу саласына басымдық беру­дің нәтижесінде оның үлесі 15-20 пайызға өсті, – дей келіп, Дәурен Жан­дар­бекұлы «BioOperations» ЖШС-нің тә­жірибесінен нақты мысалдар келтірді. Кезінде банкротқа ұшыраған «Биохим» кәсіпорнының орнын басқан әлеуетті өндіріс орны бүгінде өз өнімдерін мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттерге жөнелтеді. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында 70-ке жуық тауар өндіруші Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

 Алдағы 5 жылда Қазақстанның алдында ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын 2,5 есеге өсіру міндеті тұр. Аграрлық аймақ саналатын Солтүстік Қазақстанға да бұл тапсырманың тікелей қатысы бар. Әрине, тек агроөнеркәсіптік кешенге ғана басымдық беру тығырықтан шығудың ұтымды жолы емес. Басты мақсат – өндірістің барлық саласы бо­йынша бәсекелестікке ұмтылу. Осыған орай Қазақстанның сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов кәсіпкерлерді әлеуетті әріптестермен қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырды.

– Екі мыңға жуық шикізаттық емес кәсіпорынның бестен бірі ғана өнімдерін сыртқа шығарады. Біз түрлі халықаралық көрмелерге қатысуға қаржылай және ұйымдастырушылық көмек көрсетуге әзірміз. Былтыр тауар өндірушілердің қатысуымен 84 іскерлік шара өткізіліп, 424 сервистік қызмет көрсетілді. 160 миллион доллардың 70-тен астам экспорттық келісімшарттары жасалды, – деді ол. Н.Бөкейхановтың айтуынша, Сыртқы сауда палатасынан өзге де қолдау институттары аз емес. Мәселен, Қазақстанның даму банкі отандық тауарларды шетелде танытқысы келетіндерге төмен пайызбен несие береді. «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы өз кезегінде түрлі сақтандыру және қаржыландыру қызметтерін ұсынады. Бүгінде Петропавл ауыр машина жасау зауытымен озық жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді.

«Қазақстанның индустрия және экспорт орталығы» АҚ директоры Диас Серіковтің айтуынша, кәсіпкерлердің тауар экспорттауға қатысты бірқатар шығын­дарының 30-60 пайызына дейін қайтарылып беріледі екен. Яғни, тауар­ды шетелде жарнамалауға, қоймалар мен басқа да орындарды жалға алуға және өнімді тасымалдауға бағыттал­ған қаражаттың бір бөлігі бір жылдың ішінде экспорттаушыларға қайтарылады. Биыл осы мақсат үшін 10,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қызмет әзірге экспорттық әлеуеті жоғары отан­дық өндірушілерге көрсетіледі. Қолдау­дың мұндай түрін пайдалануға 8 солтүстік­қазақстандық компания ниет білдіріпті. Араларында елімізге танымал «Сұлтан» макарон фабрикасы бар. Сондай-ақ «Маслодел» компаниясы да мемлекеттік көмектің шарапатын көруге ынталы.

Ал Тимирязев ұн тарту комбина­тын­дағы жағдай мәз емес. Бүгінге дейін ұнды Ауғанстанға жөнелтіп келген кәсіп­орынның жұмысы қазір тоқтап тұр. Қыз­меткерлері ақысыз демалысқа жіберіл­ген. Бұған не себеп? «Тимирязев ұн тарту комбинаты» ЖШС-нің қаржы дирек­торы Күнсұлу Қабдөшеваның түсін­діруіне қарағанда, Қазақстанның ұн экспортындағы бәсекелестері – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан. Қазір бұл елдерде ұн тарту саласы қарқынды дамыған. Мемлекет тарапынан да қолдау зор. Біздің елден бидайды үлкен көлемде сатып алады да, өздері тартып алады. Осылайша ішкі сұранысты өздері қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ бұл елдер өнімді арзан бағамен шетелге де жөнелтеді. Осы себепті Қазақстанның ұнына деген сұраныс кеміп, облыстағы ең ірі комбинаттардың бірі жабылудың алдында тұр. Бұл – мәселенің бір жағы. Өнімді Ауғанстанға Өзбекстан арқылы жеткізудегі қымбатшылық та комбинаттың қаржылық жағдайына кері әсер еткен. Кәсіпорынның қаржылық директоры субсидия бөлінсе деген ұсы­нысты бұған дейін бірнеше рет көтеріпті. Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Н.Бө­кей­ханов мәселені бақылауға алуға уәде берді.

Былтыр 2 млн тонна қазақстандық ұн экспортталып, оның 1,5 млн тоннаға жуы­ғы ең ірі әріптесіміз Ауғанстанға жөнел­тілген. Алдағы уақытта бұл елге өңірден бидай мен ұннан басқа да тауарлар жіберілетін болады. «Радуга» және «Грейт Шол» серіктестіктері импорт-экспорт бағытында бірқатар келісім жасас­қан. Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда айналымы жарты млрд долларды құраған болатын. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер биылдың өзінде 60 мың тоннадан астам өнім экспорттапты. Игерілмеген ішкі мүмкіндіктер әлі де болса бар. Әйт­кенмен, жүк вагондарымен толық қамта­масыз ету, қосылған құн салығын қайтару мәселелеріне қатысты проблемалар да бар­шылық. Сол үшін алдағы уақытта өнім­дерді тасымалдауды 1,5-2 есеге дейін ар­зандататын жаңа бағдарлар ашу белгі­ленген.

Ресеймен шекаралас аймақтарда бір­қатар түйткілдердің орын алып отырғанын «Зенченко және К» командиттік серік­тес­тігінің бас директоры Геннадий Зенченко жасырмайды. Сүт өнімдерін Омбы, Қорған облыстарына іркіліссіз жеткізіп жүрген шаруашылықтың өнім көлемі соңғы кездері азайып кеткен. Оған көрші ел тарапынан талап етілетін құжаттардың шамадан тыс көптігіне байланысты рәсімдеу көп уақыт алатыны себеп болыпты.

– Жергілікті жерлердегі сауда сөре­лерінде Ресей, Украина, Беларусьтың азық-түлік тағамдары самсап тұр. Өйткені олар үшін Қазақстан нарығына кіру жеңіл. Ал бізге көптеген тосқауылдар мен кедергілер кездеседі. Меніңше, талап, шарт екі жаққа да бірдей, теңдей болу керек. Тиісті орындар жағдайды өзгертуге ықпал етпесе, экспорттық сұранысымызды мүлдем әлсіретіп алуымыз мүмкін, – дейді Г.Зенченко.

 Бүгінде Қазақстан өнімдері әлемнің 100-ден астам еліне жөнелтіледі. Өңдеуші өнеркәсіптегі отандық тауарлардың мың­нан астам түрі экспортталады. Жоғарыда аталған олқылықтар шешімін тауып, же­ңілдіктерді бизнесмендер ұтымды пайдалана білсе, сыртқы нарықтағы әлеуетіміз арта түсуге тиіс.

 

Солтүстік Қазақстан облысы