Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі – 4,2 пайызды құрады. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеңінен баяндалды. Жиын барысында қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ жаңа 2019-2020 оқу жылына дайындық барысы талқыланды.
Көрсеткіштері төмен облыстар анықталды
Алдымен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов аталған мерзім аралығындағы елдің экономикалық жағдайын баяндады. Онда өнеркәсіптегі, құрылыстағы және көрсетілетін қызметтер саласындағы оң көрсеткіштер орын алғанын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен негізгі капиталға салынған инвестициялардың тұрақты қарқынымен қамтамасыз етілгенін атады. Аталған министрлік келтірген дерек бойынша инвестиция тарту үдерісі әдеттегідей қарқынмен жүзеге асуда.
Ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар көлемі − 61,4%-ға, құрылыс саласында − 46,3%, сауда саласында − 23% және өнеркәсіпте 8,9%-ға өскен. Ұлттық экономика министрі 7 айдың қорытындысы бойынша көптеген көрсеткіштерде оң қарқын сақталғанын атап өтті. Десе де назарға алар мәселелер де баршылық. Р.Дәленовтің айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы органдар алдағы уақытта экономикалық көрсеткіштердің өсуін, инвестициялық жобаларды бақылауды қамтамасыз етуге, құрылыс және ауылшаруашылық жұмыстарының маусымын барынша пысықтауға және инфляцияны бақылауды күшейтуге назар аударуы тиіс. Сонымен қатар министр баяндамасында көрсеткіші төмен өңірлерді де жіпке тізді. Белгілі болғандай, өнеркәсіп саласы бойынша Қызылорда облысы – 9,6%, Батыс Қазақстан облысында – 3,8%, Маңғыстау облысында 1,4% төмен динамика байқалады. Аталған өңірлерде мұнай және газ конденсатын өндіру қысқарған. Ал өнеркәсіп, өңдеу, кен өндіру, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және инвестиция тарту бойынша көш ілгері келе жатқан өңірлердің қатарында Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары бар. Сондай-ақ керісінше аталған салалар Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тұралап тұрғаны белгілі болды.
Жиында сөз алған Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов осы жылдың 7 айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалу қорытындысы туралы есеп берді. Баяндамада айтылғандай, осы мерзім аралығында мемлекеттік бюджет кірістерінің өсімі 14,5%, республикалық бюджет өсімі 18% және жергілікті бюджет өсімі 6% болды.
− Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 4 трлн 984 млрд теңге көлемінде немесе жоспарға шаққанда 103,6% кіріс түсті. Сонымен қатар республикалық бюджет шығыстары 98,9%-ға игерілді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2019 жылға 555 млрд теңге қарастырылған, оның 272,5 млрд теңгесі игерілді, – деді Б.Шолпанқұлов.
Инфляцияның өсу себебі белгілі болды
Үкімет отырысында көтерілген тақырыпты тарқату үшін сөз алған Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев биылғы шілде айында айлық инфляция 0,2%-ды құрағанын, жылдық инфляция 5,4% деңгейінде сақталғанын айтты. Инфляцияның туындауына шілдеде 8,7%-ға жеткен азық-түлік тауарлары бағасының өсуі негізгі себеп болыпты.
−Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы қалыпты өсу қарқынын көрсетті. Ал ақылы қызметтер бағасының серпіні тарихи минимумда сақталды. Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі аясында тұтынушылық сұраныстың кеңеюі инфляцияның жылдам өсуінің негізгі себебі болып қалады. Осыған орай Үкіметтен инфляцияның өсуіне көбірек ықпал еткен жекелеген тауарлар бағасын бақылау шараларын күшейтуді сұраймыз, – деді Е.Досаев. Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы ішкі валюта нарығындағы ахуал көп жағдайда сыртқы факторлардың ықпалында екендігін хабарлады.
− Сыртқы сектордағы жағдай тұрақсыз. Мұнай бағасы құбылып тұр. Айта кетерлігі, 31 шілде – 7 тамыз аралығында мұнайдың әлемдік бағасы 1 баррельге 65,2 АҚШ долларынан 56,2 АҚШ долларына дейін күрт төмендеді. Бұл АҚШ Президентінің Қытай тауарларына баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін болған ахуал. 2019 жылғы 9 тамыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір баррельге 58,5 АҚШ долларына дейін өсті, – деп түсініктеме берді бас банкир. Ұлттық Банк басшысы атап өткендей, Ресей рублі айдың басынан бастап 9 тамызға дейін бір АҚШ доллары үшін 63,4 рубльден 65,1 рубльге – 2,8%-ға әлсіреген. Сондай-ақ Ұлттық банктің алтын валюта резервтері 2019 жылғы 1 тамызда 27,7 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Баяндамада елдегі несие және депозит нарықтарының ахуалы турасында да мәліметтер айтылды.
− Банктер несие беру белсенділігін ұлғайтып келеді. Сәуір-маусым айларында жүргізілген банктерді қалыпқа келтіруден кейін несиелік портфель 3,5%-ға немесе 433,6 млрд теңгеге жетті. Яғни, 12,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұзақ мерзімді несиелер – 11,0 трлн теңге, қысқа мерзімді несиелер – 1,9 трлн теңгеге тең болды. Бизнес үшін несиелерге қолжетімділік артуда: маусымда теңгемен берілген несиелер бойынша мөлшерлеме өткен жылғы маусымдағы 12,5%-бен салыстырғанда 11,7%-ға дейін төмендеді, − деді бас банкир.
Белгілі болғандай, несие саясатының жақсаруына қорландыру базасының сапалы түрде жақсаруы ықпал етіп отыр. Еурооблигацияларды өтеу, сондай-ақ жекелеген ірі салымшылардың валюталық депозиттерді шетелдік қаржы ұйымдарына аударуы нәтижесінде шетел валютасындағы депозиттер 19,8%-ға қысқарған. Соның салдарынан, депозиттерді долларландыру маусымның соңында 41,6%-ға дейін төмендепті.
Бөлінген қаражаттың игерілмеуіне кім жауапты?
Үкімет басшысы Асқар Мамин 7 айдың қорытындысы бойынша бюджет қаржысын уақытында игермеген министрліктер мен өңірлерден мәселенің анық-қанығын сұрады. Бөлінген қаражатты игере алмағандардың көш басында Ішкі істер министрлігі тұр. Бұл министрлік 9 млрд теңгені игермеген. Келесі кезекте игерілмеген 7 млрд теңге Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі болып шықты. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров актілерді рәсімдеудің бітпеуіне байланысты қаражат игерілмегенін, осы айда жағдай дұрысталатынын айтты. Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев игерілмеген 6 млрд теңгенің мәселесі осы тоқсанда шешімін табатынын жеткізсе, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 4 млрд теңге бюджет қаржысы жалпы үнемдеу рәсімдеріне және конкурсқа қатысушылардың арыздарына қатысты конкурс мерзімдерінің ұзартылуына, гастрольдер шығыстары кестесінің өзгеруіне байланысты игерілмегенін айтып, бір айдың ішінде бұл мәселе шешіледі деп жауап берді. Қаржы министрлігі қаражаттың игерілмеу себебін «уақытында төленбеген актілер» деп көрсетсе, Қорғаныс министрлігі 3,5 млрд теңге жеткізушілермен келісімшарттардың орындалу мерзімі кешіктірілуіне байланысты екенін айтты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 3,3 млрд теңге үнемдеуге байланысты студенттердің контингенті, жазғы сессияларға, стипендияға байланысты екенін, 1 айда тиісті шара қолданатынын жеткізсе, 3 млрд теңге игермеген Әділет министрлігі 2 млрд теңге арбитраж бен соттарға байланысты екенін, ал қалған бөлігі келесі тоқсанда игерілетінін айтып сендірді. Бұл тізімге Нұр-Сұлтан қаласы да еніп отыр. Елорданы дамытуға бөлінген ақшаның 5 млрд теңгесі тиісті жұмыстарға жұмсалмапты. Қала басшысы Алтай Көлгінов инженерлік желілерге байланысты мәселені осы тоқсанда шешілетінін айтты. Сонымен қатар Премьер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтен игерілмеген 3,9 млрд теңгенің есебін сұрады. «Шығыстар 96% игерілген. Игерілмеген 4 млрд теңгенің басым бөлігі объективті жағдайларға байланысты. Бір айда игереміз», деді өңір басшысы. Ал Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов игерілмеген 2 млрд теңге конкурстардың аяқталмауына, сот процестеріне, мемлекеттік аудит орындары тексеруіне, тауар жеткізушілердің мердігерлерлік міндеттерін уақытында орындамауына байланысты деп түсіндірді. Мән-жайға қанық болған Үкімет басшысы игерілмеген ақшаға қатысты мәселе жақын арада оң шешілуге тиіс деп тапсырды.
Оқу жылына мектептердің 85%-ы ғана дайын
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе − жаңа оқу жылының басталуына дайындық шараларына қатысты. Тақырыпты тарқатқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, республика бойынша биыл жаңа оқу жылында оқитын оқушылардың саны 3 миллионнан асады.
− Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындалу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Осы жерде ең маңызды бағыттарды атап өтсем: оқулықтармен қамтамасыз ету жұмысы, білім беру нысандарын пайдалануға беру, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері. Мектепке дейінгі тәрбие бойынша айтар болсам, 2018 жылғымен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 279-ға көбейді. Сондай-ақ 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95,2 пайызды құрайды. Қабылданған шараларға қарамастан, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларының, Түркістан мен Алматы облыстарының мектепке дейінгі ұйымдарында кезек әлі де сақталуда, – деді министр. А.Аймағамбетовтың айтуына қарағанда, мемлекеттік балабақшаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. 49 балабақшаға күрделі жөндеу жасауды жоспарлаған. Оның 33-інде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған.
− 2016 мемлекеттік мектеп жұмыс істейтін болады. Жаңа оқу жылында мектептерге 3 млн-нан астам бала келеді. 405 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 мыңға көп, – деді министр.
Тақырыпты қорытындылау барысында Асқар Мамин 1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдары жұмысты бастауға 100% дайын болуы керек екенін жеткізді. «Барлық мектептердің 85%-ы ғана жаңа оқу жылын бастауға дайын. Әкімдерге қойылатын міндет – барлық білім беру ұйымдары жұмысты бастауға 100% дайын болуы керек», деген Үкімет басшысы бұл мәселені шешуді тиісті министрлікке және өңір басшыларына тапсырды.