• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Тамыз, 2019

Орманға келген зиян қаржымен өлшенбейді

486 рет
көрсетілді

Қостанай – Торғай өңіріндегі қуаңшылық тек егінге ғана қырын тиіп тұрған жоқ, өрттің де көбеюінің бір себебіне айналды. Қазір Қостанай өңірінде шілде шыққанмен де, аңызақ ыстық желдің беті әлі қайтқан жоқ.

Өткен аптаның соңында ғана Басаман орман шаруашы­лығында қызыл жалын лап ете қалды. От тиісімен оны жел өзеуретіп, құтыртып жібереді. Жасыл алқапты қызыл отқа ораған өрт әп-сәтте 300 гек­тар­дың ағашын қара күйе етті. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының бір қызметкері зардап шегіп, денесінің 42 пайызы күйіп қалды. «Газ-66» маркалы өрт сөндіру техникасы ағашпен бірге жанып кетті. Күн ысып, өрт қауіпсіздігі маусымы бас­­тал­ғалы бері өңірдегі ағаш­­ты және шалғынды ай­мақ­­тарда 82 өрт оқиғасы тір­келді. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қызыл жалынның шарпуы биыл 62 пайызға көбейген. Өрттің саны көбейгенімен, оның көлемі өткен жылғыдан артық емес, бірақ келген залал көп. Шыққан шығын 54 миллион теңгеге жеткен.

Биыл орман өрті жиіледі. Жасыл желек қызыл отқа оранғанда залал да, шығын да еселеп артады. Ең ірі өрт Баса­ман, Михайлов, Семиозер, Усацский, Қамысты, Таранов, Аманқарағай орман шаруа­шы­лықтарында болды. Ма­мыр айындағы Михайлов ор­ман шаруашылығына қа­рас­ты Сабынбай орманында бол­ған өрт 4341 гектардың жа­сыл желегін жалмады. 18 мил­лион 135 мың теңге зиян шект­іргені өз алдына, онда ағашпен бірге қаншама тірі жәндік, жануарлар күлге айналды. Бұл көктемнен бергі уақыттағы өңірдегі ең ірі өрт болып саналады.

– Өрттің себебі әртүрлі ғой. Бірақ табиғи өрт пен адам қолынан жасалатын табиғатқа қастандық соның негізгілері болып отыр. Биылғы құрғақ­шы­лық, желдің жиі соғуы әрі ек­пінінің күшеюі өрттің қауіп­ті­лігін жиілетті. Ыстық жел секун­дына 25-30 метрге дейін жет­ті. Күннің ағашқа тіке тү­суі­нен от тұтанады. Бар­лық өрттің 25-30 пайызы биыл­ғы қуаңшылықтағы күннің ыс­тығынан тұтанған. Екіншіден, таби­ғат қорқаулары жасыл желектің обалынан қорық­пай­ды. Қасақана от қояды. Мы­салы, Басаман орманын­­дағы жақында болған өрт адам қолымен жасалды деген күдік бар, – дейді облыс­тық төтенше жағдайлар депар­таменті бастығының орын­баса­ры, азаматтық қорғау под­полковнигі Азамат Орынбаев.

Шабындықтар мен жайы­лымдарды қара құйқалаққа айналдырған дала өртінің 773 оқиғасы тіркеліп, 5439 гектарды шарпыды. Торғайда, жалпы даладағы өрттің негізінен күннің ыстығынан болатынын айтады мамандар. Әсіресе шөптің арасында қалған шыны сынықтары, шөлмектерден от тұтанады. Ал ыстықтың беті тамызда да қайтпай тұр.

 

ҚОСТАНАЙ