Елордада Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «JOB FAIR-2019» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шараның негізгі мақсаты – қазақстандық және халықаралық жұмыс берушілерді шақыра отырып, «Болашақ» бағдарламасының түлектерін, сондай-ақ шетелде оқыған барлық түлектерді жұмысқа орналастыру. Бұл жәрмеңкені жұмыс берушілер мен ізденушілер кездесетін тиімді алаң десек болады.
«Аталған шараны «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ биыл жетінші жыл қатарынан өткізіп отыр, яғни 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жұмыс берушілер түлектерді қабылдау барысында түрлі сатыдан өткізеді. Бірінші, үміткермен сұхбаттасу, құжаттарымен танысу. Одан кейін жұмыс ұсынушы өзіне ұнаған талапкердің біліктілігін тексеру үшін тест тапсырмалары арқылы сынақтан өткізеді. Айта кететін тағы бір жайт, біз осы жәрмеңке біткеннен соң әрбір жұмыс беруші компаниялармен хабарласып, қанша бала қабылдағаны жөнінде есеп алатын боламыз», деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президентінің міндетін атқарушы Ғалия Байжанқызы.
Бұл шараға 80-нен астам жұмыс беруші қатысып, таныстырылымдар мен воркшоптар және де шеберлік сағаттарын өткізді. Оларға іріктеу турларын (сұхбаттасу, әңгімелесу) жүргізуге мүмкіндік берілді. Жәрмеңкеге халықаралық университеттерді тәмамдаған 500-ге жуық түлек қатысты.