Біздің студент кезімізде заман қандай еді, шіркін! Көңіл кең, үміт көп. Ютубтың иісі де жоқ. Журналистің аузына жұрт қараған кез. Алматыда шығатын төрт-ақ қазақ газеті бар: «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Спорт»... Аз болғаннан кейін де қадірлі. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіндегілермен балағында биті бардың біразы бірінші курстан-ақ газет редакцияларын төңіректеп жүретін. Әрине, алдымен баратыны жастардың сүйікті газеті «Лениншіл жас» қой. Кішкентай хабарымен аты көрінсе де қуанып жататын. Таралымы сол тұста үш жүз елу мыңның о жақ, бұ жағына баратын бұл басылымның танымалдылығы бөлекше еді. Көлемді дүниені, үлкен мақаланы, очеркті, өлең топтамасын газетке шығарғандарды былай қойғанда, шағын кескіндеме, орта көлемді мақала жариялағандардың аты-жөнін де әп-сәтте бүкіл республика біліп үлгеретін. Солардың бірі біздің Шәкизада болды.
Арамызда жүрсе осы күндері жетпіс деген жастың жотасына жаңа ғана жететін қазақтың тамаша журналисі Шәкизада Құттаяқов – ерте танылған қаламгер. Бірінші курстың бірінші семестрінен-ақ газетте көріне бастады. Айналасы бірер жылда-ақ кәдімгі ақмылтыққа айналды. Жазады да жатады. Жазғаны жазғандай шығады да жатады. Тақырып таңдау, оң жамбас, сол жамбас деген жоқ. Газетке не керек болса, соны сарт еткізеді. Ол жылдарда қазақ журналистикасын «литературщина» меңдеп тұрған еді. Әдебиет пен газеттің әбден қойындасып кеткен кезі. Көркем әңгімеге жақындатып жазылмаса, очерк сәтсіз шыққан деп саналатын. Газетте біраз жыл істеген журналист бірте-бірте прозаға құлаш ұрмаса, көпке дейін әңгіме-повестер жинағын жариялай алмаса, онда «газетчик» күйінде қалғаны, бар шамасы келері «қара мақала» болғаны деп қаралатын. Ол жылдарда журналистердің әдебиетке жаппай әуестігінің арқасында қазақ прозасы мен поэзиясына қарымды қаламгерлердің үлкен бір тобы қосылғаны да, солардың көбі әңгіме, повесть жазуды очерктерден бастағаны да рас. Сонымен бірге әлгіндей көңіл-күйдің әсерінен тамаша журналист шығатындардың талайы жылдар өте келе ортақол жазушы дәрежесінде қалып қойғаны тағы рас.
Шәкизада олай етпеді. Өзінің әлеуетін дәл есептеді. Аспандағы айға ұмтылып, босқа шаршап-шалдыққан да жоқ, текке төгіліп-шашылған да жоқ. Жақсы журналист болудан асқан абырой бар деп білмеді. Журфактың соңғы курсында жүргенінде-ақ өзі бала күнінен армандаған «Лениншіл жасқа» жұмысқа шақырылып, он шақты жыл бойы жастар басылымының белді журналисі ретінде қызмет етті, сол кезеңде Қазақстанның қиыр-қиырын оңды-солды аралады. Қаншама проблема қозғап, олардың оңды шешім табуына септесті, қаншама мәселе көтеріп, мың-мыңдаған жандардың ойына ой қосты. Қаншама жасты елге танытып, талай таланттың жолын ашып берді. Солардың бірі – Мақпал Жүнісова. Музыкалық училищеде жүргенінде сабаққа уақтылы қатыспай қала беретініне байланысты оқудан шығарылғалы жатқан жерінен Шәкизада жазған мақаланың арқасында аман қалған сол Мақпал кейін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының біріне айналды.
Досымыз мақаланы мөлдіретіп жазатын. Очеркті қалайда қызықты шығару үшін оқиғаларды қиялмен қиыстыра салу, кейіпкерлердің аузына бойына, ойына сыймайтын сөзді тықпалау деген болмайтын онда. «Сәлиманың көктемі» атты тұңғыш кітабындағы қарапайым әңгімелеу мәнері, нақпа-нақтылық, жанға жайлы жылылық разы етеді. Ал Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің жетекшісі қызметінде жүргеніндегі мақалаларынан құрастырылған «Қазаннан қақпақ кетсе» деген кітабында заңсыздықтың жолсыздыққа бастайтынын қанын шығара отырып жазған. Шәкең қай тақырыпқа қалам тартса да түбін ұңғып зерттеуге тырысатын, қандай күрделі мәселенің де мәніне қанықпай қоймайтын. Мысалы, «От кодекса хана Тауке до судебной реформы» атты мақаласында қазақ даласындағы сот билігінің түп-тамыры ғасырлар қойнауына тереңдейтінін нақты деректермен дәлелдей келіп, сонау Майқы биден тартып, «Қасым ханның қасқа жолындағы», «Есім ханның ескі жолындағы», «Жеті жарғыдағы» қасиетті қағидаттарды қолмен қойғандай тарқатады да, қазақ даласындағы билер соты туралы орыстың көптеген шығыстанушылары мен ғалымдарының бөлекше жоғары баға бергенін орынды мақтаныш сезімімен жеткізеді. «Российская империя в основном сохраняла систему казахского обычного права. Примером этого служит документ 1784 года, когда оренбургским генерал-губернатором А.И.Алпухтиным были внесены изменения в судебные законы по новому управлению Младшим жузом» деп жазады автор. Бұл арада Шәкизада Құттаяқов мақаласындағы «Ради справедливости скажем: хотя царская администрация держала в своих руках государственную систему суда, в работу суда биев она не вмешивалась» деген сөйлемнің салмағын атап айту жөн. Мұның өзі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған сот жүйесі өзін мойындатпай қоймағанын анық көрсетеді. Патша өкіметі билер сотының жұмысына араласқан емес дегенді тарихшылар, заңгерлер дәл бұлайша нақтылап айта қоймайтын. Мұның өзі де журналиске тән әділдіктің бір дәлелі.
Шәкизаданың қаламгер ретінде де, азамат ретінде де ерекше шыңдалған кезеңі – Президенттің баспасөз қызметінде жұмыс істеген жылдары. Достығымның, жолдастығымның арқасында соған септескеніме шүкіршілік етемін. Оның жайы былай болған еді. Бір күні Мырзекең – Мырзатай Жолдасбеков мені өзіне шақырды. «Жаңа маған Ғаділбек кіріп шықты. Баспасөз қызметіне қазақтілді журналист ұсынуды сұрайды. Жақсы жігіт болсын», дейді. Ғаділбек Шалахметов сол күндерде Президенттің баспасөз хатшысы қызметіне жаңа ғана кірісіп жатқан. «Көрейік. Жігіттер бар ғой». «Бар болғанда былай. Коммунист болмауы керек...». Бұл Компартияның бағы тайыңқырап, беделі түсіңкіреп тұрған кез. Баспасөз бетіндегі пікірталастарда биліктің проблемалары партиялық монополизмге жол берілгендіктен, қоғамның барлық буындары басшылыққа аралас тартылмағандықтан деген сыңайда сын айтылып қалатын. Содан жаңадан құрылатын Президент Әкімшілігінің аппараты бұрынғыдай бірыңғай коммунистерден тұрмасын деген талап қойылған көрінеді. Тарихтың тәлкегі деген осы. Бір кезде партияда болмасаң есігінен сығалатпайтын билік енді келіп партияда жоқ адамды қажет етіп жатыр екен. Амалсыз күліп жібердім. «Мырзеке, әрі партияда жоқ, әрі жақсы адам деген... табыла қоя ма? Жақсы адамның бәрін жалғыз партияға жинап алған жоқ па едік?», деп әзілдеп жатырмын. Деуін дегеніммен, кабинетке келісімен алдымен ойыма Шәкең сарт ете қалды. Шәкизада ол кезде Шерағаң басқаратын «Қазақ әдебиетіндегі» беделді журналистердің бірі еді. Жасы қырықтың қырқасында. Қылпып тұр. Ең басты артықшылығы – коммунист еместігі!.. Компартияның күйі кетіңкіреп, қатары партияға өтуге тілек білдірушілердің азаюынан да, партбилетін тапсырушылардың көбеюінен де селдірей бастағанын бетке басып, Орталық Комитет аппаратында отырған маған: «Бұл партияның аяғы осындай болатынын мен ерте бастан сезгенмін» деп әзілдеп жүретін. Ал дұрысында өзінің КПСС қатарына қабылдану үшін сүйікті «Лениншіл жасын» тастап, сірескен «Қазақстан коммунисіне» ауысса да партияға өтудің реті келмей, ақыры журналды қойып, әдебиет газетіне барған кезі болатын. Дереу телефон соқтым. «Шәке, партияға өте алмаған адамнан партияға өтпеген адамға айнала аласың ба?». Қысқасы, Шәкизада айналасы бір аптаның ішінде Президенттің баспасөз қызметінен бір-ақ шықты. Көңілі көтеріліп, айдынданып, айбынданып кетті. Жақсы жұмыс істеді. Жарқылдап жүрді. Жедеғабылдығын, қай тапсырманы да тап-тұйнақтай атқаратынын көрсетті. Елбасының сапарларына ілесіп, әлемнің сан қиырын аралады. Әр сапардан келгеннен кейін дерлік үйінде дастарқан жайып, көрген-білгенінің бәрін ақтарып айтатын. Нұрсұлтан Әбішұлына құрметі бөлекше болатын. Елінің ертеңіне кәміл сенетін. Келер күндерден көп-көп жақсылық күтетін.
Шәкизада жан-жағына сәуле шашып тұратындай ерекше адам еді. Сабазың сонша жыл бірге жүргенде бір жерде, бір жағдаймен көңіл қалдырып көрген емес. Жасының бірер жас үлкендігіне қарамай, ініңдей елпілдеп тұратындығына қайран қалумен өттім өзім. Жақсы дүниең жариялана қалса, өзі жазғандай қуанатын, айналасына ақтарыла айтып жүретін. Эмоциясы тасып-төгіліп жататын. Газетті сызып тұрып оқитын. Сақтап қоятын. «Құран және Пушкин» деген мақаламның қиындысын үйге келгенінде біздің Мәрияға көрсетіпті. Жиектеріне жазып қойған сөздеріне көзі түспей ме? Көзі түседі де, аң-таң қалады. Сөйтсе мақаланың бұрыш-бұрышы «Жарайсың!», «Дұрыс!» дегендермен бірге «Таппайтыны жоқ!» «Ничего себе!», «Надо же!», «Во дает!» дегендерге де толып тұр екен. Қатты разы болғаны ғой. Қалжыңмен қажай берген достарына қайтаратын жауабының түрі – «Ой, сволыштар-ай» еді. Табан асты тауып жауап қайтаруы сирек. Қандай әзіл айтсаң да ыржиып күлетін де қоятын. Аңқаулығы көп еді. Оның талай әпенділігі әзіл сөздің арқауына айналып кеткен. Бойдақтың бүйірі бұлтиған ба, сенбіде не жексенбіде Заманбек, Ағайдар үшеуіміз бізден ертерек үйленген Шәкеңнің үйіне барамыз топтасып. Әуежай жақта, Тоқай көшесіндегі 99-шы үйде пәтерде тұрды. Телефондасып, «Тоқай тоқсан тоғызда тоқайласайық» дейміз де тартып кетеміз. Алдын ала айтпай да бара береміз. Ондайда кейде қысылып та қалады. Солай барған бір күні бұйырған дәмді алып, ортаға қойылған жалғыз бөтелкені едел-жедел жәукемдеп жіберіп, аулаға шығып, алақ-жұлақ етіп тұрсақ, Шәкең: «Жігіттер, бағыт қай жақ?» дегені... «Ау, бағыт қай жағың не? Жаңа келдік қой» деп жанын қинап жатырмыз. Содан бір-бірімізбен көшеде кездесе қалсақ, «Бағыт қай жақ?» деуді шығарғанбыз.
Адал, ашық, таза еді. Достыққа берік, көңілі кең еді. Студенттік кезде төрт жыл бойы бір бөлмеде қара нанды бөліп жеп, төртінші курстағы қысқы каникул кезінде «Жеті дәруіш» атанған жеті жігіт (Құттыбай Сыдықов, Шәкизада Құттаяқов, Жолдас Сырғабаев, Заманбек Әбдешев, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Ағайдар Ысымов, мен) бір-біріміздің үйімізге барып, аналарымыздың қолынан дәм татып, жылдар бойы жұбымыз жазылмай, жанымыз жарасып бірге жүрген едік. Бүгінде Құтекең де, Шәкең де, Жөкең де жоқ мына өмірде. Сыр бойындағы сырлы елде жатыр бір-бір төмпешік болып. Көп-көп жақсы күндерді бірге өткізген аяулы достарды қатты сағынып кетесің кейде. Сондайда Шәкеңді ойлағанда жан досымыздың сұңғақ бойы, тіп-тік тұлғасы, мейірлене күлетін көзі көз алдыңа келе қалады. Екеуміздің соңғы кездесуіміз тіпті бөлекше болып еді. Үйлеріміздің арасы әрі кетсе 500-600 метрдей еді-ау деймін. Арқаның ақ бораны азынап тұрған қарлы кеште қонаққа барғанбыз. Ол бізді шығарып салды. Үйге дейін. Әңгімеміз таусыла қоймады ма, енді мен оны шығарып салдым. Үйіне дейін. Тұрып-тұрып, кері жүрдік. Белортаға келгенде тоқтаттым. «Сенің ойыңды түсіндім, біздің үйге барып жалғастырмақсың ғой, тегі» деп әзілдегенім есімде. Қайта-қайта құшақтасып қоштасып едік сонда.
Есімін Серік дейтінбіз студент кезде. Дейтінбіз емес-ау, өзі де алғашқы жылдарда мақалаларын «Серік Құттаяқов» деп жариялайтын. Бала күнінде де, мектепте де ауыл-аймақтың бәрі Серік деген көрінеді. Азан шақырып қойған аты Шәкизада екенін алғаш рет сабаққа кімнің келіп, кімнің келмегенін студенттерді түгел аты-жөнімен адақтап шығып барып тексеретін, өткен жолы не себеппен келмегенін ақыр түбіне дейін анықтап алып барып көңілі бір-ақ тыншитын бір оқытушымыздың аузынан естігеніміз бар. Қазір ойлап отырсақ, Шәкизада досымыз бізге мына өмір сапарында серік болуға жіберілген екен ғой. Тек сол бірге жүрген сапарымыздың қысқа, тым қысқа қайырылғаны ғана жаныңды жейді, көкірегіңе күрсін кернетеді... Әйтсе де, Шәкизада жайында ойласам тәубе деп айтамын. Өмірде осындай да жаны аппақ қардай адамдар болатындығына, олардың кейбірімен тағдыр жолы сені тоғыстыратынына тәубе айтқаннан басқа енді не амал бар бізде?
Сөз соңында Астанада жолыққанда айта қалған бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, Шәкизаданың жазғандарын жинап-теріп, қомақты кітап етіп бастырып шығарған, жетпіс жылдығын ауыл-аймағында, ауданында дүркіретіп өткізіп, жүйрік журналистің еңбегін барынша насихаттап жатқан қазақтың аймаңдай ақындарының бірі Шаһизада Әбдікәрімовтің асыл азаматтығына ағалық ақ алғысымызды айтуды парыз санаймыз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ