«Шаршы алаңның профессоры» болған Серік Нұрқазов бүгінде қайда жүр? Өткен ғасырдың 80-жылдары Нұрқазовтың әр қадамын бақылап отырған жанкүйерге дарынды ұлдың қайда екендігі шынымен де қызық. КСРО чемпионатында ең көп медаль (7 – 3 алтын, 2 күміс пен 2 қола) иеленген Серік сүйікті саласынан алыстаған жоқ. Бірақ талай мықтының еңбегін ескерусіз қалдырған бүгінгі қоғам Нұрқазов секілді өз ісінің шеберін де аса керек қыла бермейтін секілді...
– 80 жылдары бокстың жұлдызы болған Серік Нұрқазов бүгінде қайда жүр?
– Өткен жылдың желтоқсанына дейін АІВА-ның Алматы облысы Талғар қаласында салған Бүкіләлемдік бокс академиясында қызмет еттім. Академия жанында бокс мектебі құрылған. Сонда төрт жыл қызмет етіп, Майқұдықта Геннадий Головкин атындағы дене шынықтыру-сауықтыру орталығына шақырды. Бұрын ол жеке жұмыс істесе, бүгінде «Шахтер» стадионының балансына берілді. Қазіргі спорттық құрылымдар бойынша куратормын.
Соңғы уақытта Серік Нұрқазов атындағы бокс мектебін ашу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл әлеуметтік жоба өңірлік-әмбебап болады, ал бас кеңсеміз Балқашта орналасады. «Қазақмыс» компаниясы қолдау білдіріп отыр. Елбасының саламатты өмір салтын жақсарту туралы тапсырмасын қолдау мақсатында қолға алынған бастамамызда балалардан бастап зейнеткерлерге дейін қамтимыз. Тек бокс емес, спорттың өзге түрлерінен де үйірмелер ашылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен дарынды спортшылар тегін шұғылданатын болады.
– Кезінде ел намысын асқақтатқан боксшылардың көпшілігі «біздің уақытта бүгінгідей басшылық болғанда, Олимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы атанар едік» деп жатады. Ал сіз Еуропа чемпионы атана тұрып әлем біріншілігінде топ жару, Олимпиадаға қатысу бұйырмаған заманда өмір сүргеніңізге өкінбейсіз бе?
– 1984 жылы КСРО-ның Олимпиадалық құрамына төрт қазақстандық енді. Солардың ішінде мен де болдым. Лос-Анджелеске нағыз бабымда барушы едім. Тәжірибеме де, әлеуетіме де сеніп тұрған шағым. Тек АҚШ пен КСРО арасындағы саяси шиеленіске байланысты Кеңес өкіметі төртжылдықтың басты додасына спортшыларын қатыстырудан бас тартты. Есесіне Олимпиадаға балама ретінде Кубада өткізілген «Достастық» халықаралық жарысында бақ сынадық. Финалға дейінгі қарсыластарымнан басым түсіп, ақтық сында шаршы алаң иесімен жұдырық түйістірдім. Кім де болса жеңісті өз жерінде алып қалғысы келеді ғой. Сол секілді кубалықтар да барын салып жерлестерінің қолын көтерді.
Көпшілік біле бермейтін болар, мен ұлттық құрама сапында 10 жыл (1978-1988) болдым. Үшінші Олимпиадалық цикл келіп қалған. Бапкерлер Сеулге баратын боксшыларды анықтауы қажет еді. Шешуші сынның да уақыты жетті. Өз салмағымның көшбасшысымын дегеніммен, жас емеспін. Жартылай финалда Костя Цзюмен кездестік. Алғашқы екі раунд қорытындысы бойынша мен ұтып жатқанмын. Бапкерлерім Леонид Тлеубаев пен Юрий Цхай екеуі бақылап отырып, маған асықпауға кеңес берді. Себебі бокста төреші сенің қолыңды көтермегенше, «мен жеңдім» деп айта алмайсың. Қазылар алқасының шешімімен кездесу соңында Костя жеңімпаз деп танылып, Олимпиаданың жолдамасын қанжығасына байлады. Ол кезде Цзю жастар құрамасынан енді ауысып, болашағына зор үмітпен қарауға болатын боксшы ретінде танылып жүрген. Сондықтан мен де оның жолын байламайын деп шешіп, сәттілік тілеп, эстафетаны сенімді қолға тапсырғаныма қуандым.
– Қарағанды өңірі қай кезде де мықты боксшыларымен ерекшеленетін. Соңғы кездері бұл облыстан құрамаға шақыртылғандар санулы. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Қарағандының боксы құлдырау кезеңін бастан өткеріп жатыр. Мұны жасырғаннан пайда жоқ, қайта ашып айту керек. Қазір құрамада бірінші нөмірмен өнер көрсетіп жүрген Абылайхан Жүсіповті ғана мақтанып айтамыз. Василий Жиров, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев секілді мықтыларды тәрбиелеген өңірде қазір дарындар жоқ деп айтуға келмейді. Бірақ оларға көңіл бөлініп жатқан жоқ. Оның өз себептері бар.
Қарағанды облыстық бокс федерациясының президенті жеңіл атлетика, күрес түрлері секілді үш ірі федерацияның тізгінін қолында ұстап отыр. Өзім біраз уақыт Жетісу өңірінде жүргендіктен, кей мәселелерден бейхабар екенмін. Туған жерге оралғанда ардагерлер мәселелерді федерациямен бірігіп шешу керек деп ұсыныс айтты. Жеңіл атлет Дмитрий Карпов спорт басқармасында жүріп біраз түйткілді шешуге көмектескенін білемін. Әлі шешілмегені қаншама. Асылбек Дүйсебаевтың облыс әкімінің бірінші орынбасары екенін ескерсек, оның спорттан бөлек те жұмысының толып жатқаны түсінікті.
Қарағанды бокс мектебін жоғалтып алмауымыз керек. Ғалым Жарылғапов, Қазбек Ашляев секілді мықтыларымыздың есімін тұрақты ұлықтап отырсақ, әлі талай дарынға қанат бітіреміз. Юнусов, Стрельников, Арынбаев деп бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Енді жақын арада федерациямен екінші рет кездесіп, осы мәселелердің шешімін табуына бірлесіп атсалыссақ дейміз.
– Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болып Серік Сәпиев тағайындалды. Сәпиевтің бұл қызметке келуі ел спортының өркендеуіне қаншалықты оң ықпал етеді деп ойлайсыз?
– Серікті жұртшылық Олимпия ойындарының чемпионы ретінде біледі. Жай адам олимп шыңын бағындыра алмайды. Одан қалды Мәжіліс депутаты болды. Англияда білім алып келді. Яғни, спортшы ретінде де, маман ретінде де тәжірибесі бар. Дегенмен Серікке жаңа қызметтің де оңай болмасы анық.
– Бір сұхбатыңызда спортшы үшін өмірде өзін табу маңызды депсіз. Ал сіз үлкен спортпен қош айтысқалы өзіңізді таба алдыңыз ба?
– Өмір болған соң қажеттіліктер де, қиындықтар да, сынақтар да кездеседі. Орта жолда сынып қалмай, әрі қарай өмір сүру, күресуге күш табу – ең бастысы сол ғой.
– Әңгімеңізге рахмет.
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист