Бар саналы ғұмырын Жамбыл өңірінің дамуына арнап, ел ішінде «Дала академигі» атанған Қаратай Адамбаевтың өмір жолы өнегеге толы. Ол тар жол, тайғақ кешулермен арпалыса жүріп өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азамат.
Өткен ғасырдың басындағы түрлі нәубет Адамбаевтар әулетіне де өзінің салқынын тигізді. Бірақ ата жолынан айнымаған Әбдірахман Адамбайұлының Балтабай, Спатай, Жұматай, Қаратай сынды ұрпақтары бала күнінен ұлттың ұлағатын бойына сіңіріп өсті. Ал аяулы анасы Бибіш Жиенбайқызының қайсарлығы мен қайраткерлігі де бүгінгі күнге дейін ел аузында аңыз болып айтылады.
Қаратай Адамбаевтың ата қанынан, ана сүтінен келген қайсарлығы оның тұғырдан түспеуіне, тектілігін жоғалтпауына өз үлесін қосты. Ол еңбек жолын 1943 жылы Сарысу ауданы, Байқадам ауылындағы орта мектепте директордың хатшысы болып бастайды. Ал 1944 жылы Сарысу аудандық комсомол комитетінің бөлім басшысы, хатшысы, 1945 жылы Жамбыл облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы болады. 1946 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы мұғалімдер дайындайтын училищені сырттай оқып бітіреді де, облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Ақ жол») газетінде корректор, меншікті тілші болып істейді. Ағасы Балтабайдың ақылымен ол ауылшаруашылығы саласына келіп, бұл салада да елеулі еңбек етті.
1952-1957 жылдары Алматы қаласындағы мал дәрігерлік институтын ойдағыдай бітіріп, 1957-1959 жылдары Талас ауданының шаруашылықтарында бас зоотехник, директордың орынбасары, 1959-1980 жылдары Мойынқұм ауданында ауыл шаруашылығының әр саласында басшылық қызметтер атқарады. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбековпен бірге ауданды дамытуға күш салды. Бірлік – Мойынқұм – Ұланбел асфальт жолын, әр ауылға апаратын тас жолдар тартуға үлес қосты. Сонымен қатар мәдениет үйлерін, мектеп, балабақша, ауылшаруашылық кешендерін салу, электр жарығын тарту жолында да аянбай еңбек етті. Сол кездері шыққан Еңбек Ерлері Жазылбек Қуанышбаев, Ділдаш Итбасов, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев сынды майталман шопандардың республика, Одақ деңгейінде танылуына жол ашты. «Мал санын көбейту үшін Қаратай Адамбаев сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровпен кеңесе отырып, Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында да болғаны бар. Соның арқасында «Заготскоттан» «Мойынқұм» совхозына 16000 қой беріліп, геологиялық барлау партиясы 150 метр тереңдіктен ауыз су тартып, Шу арқылы көпір де салынды» деп еске алады Мойынқұм ауданының Құрметті азаматтары Н.Есілбаев, Ж.Қажамұратов, Ә.Тоқсанбаевтар.
Ал 1980 жылы Жамбыл облыстық ауылшаруашылық тәжірибе станциясының директоры болып тағайындалып, 1984 жылдан бастап Меркі аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауыл шаруашылық – өндірістік бірлестігі басшысы қызметінде болады. Қаратай Адамбаев әр жылдары «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен 12 медальдың иегері атанды. Басшылық қызметтер атқарып жүргенімен, оның басылым бетінде жазған естеліктері, күнделігіндегі айшықты жазбалары қоғам өміріне белсене араласқан азаматтың болмысын көрсетеді. Талай жыл бойы бұйығып жатқан Сарыарқа, Бетпақдаланың төсінде төрт түлікті өргізген Қаратай Адамбаевты халық белгілі ғалым Кәрім Мыңбаев, Социалистік Еңбек Ері, академик Уфа Ахмедсафиннен кейін өзіндік жол салған ғалым ретінде мойындады. Ол Меркіде қызмет атқарып жүргенде де ауылшаруашылық кешендерін салуға, малшылар мен диқандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсара түсуіне ықпал етті. Тіпті шалғай ауылдарға монша, медпункт, қонақүй, балалар оқитын интернат, пошта салды. Сорғобыға, тауда Ойранды арқылы Сандыққа дейін, одан әрі Қарақыстаққа жолдар салдырып, құдықтар қаздырды. Әлі күнге дейін меркілік шаруалардың арасында «Адамбаев келіп адам болдық» деген сөз бар. Алайда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Қаратай Адамбаевтың тағдырын шарпып өтті. Ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров пен Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ермек Сауранбаевтың жақтасы деген желеумен біраз уақыт жазықсыз жапа шекті. Бірақ ол туған халқының адал перзенті екенін таныта білді. Ақиқаттың ақ таңының ататынына сенді. Жары Апуза Мүтәйқызы өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында жоғары білімі бар санаулы қазақ қыздарының бірі ретінде ұрпақ тәрбиесіне елеулі еңбек сіңірді. Биыл Қаратай Адамбаев 90 жасқа толып отыр. Ел үшін, жер үшін еңбек еткен ерен тұлғалардың тұғыры қашанда биік, мәртебесі асқақ бола бермек.
Жамбыл облысы