Көп жыл бойы діндар әйелдерге қызмет көрсеткен тарихи ғимарат жайлы ескі көздер болмаса былайғы жастар біле бермейді.
Жамбыл ауданына қарасты Пресноредуть елді мекені маңында 1896 жылы салынған ғибадатхана әлі тұр. Осы ауылдың тумасы Владимир Хамазиннің куәлік етуіне қарағанда, аумағы 100 шаршы метрді құрайтын екіқабатты нысан ерекше архитектуралық стильде тұрғызылған. Биіктігі төрт метрге жетеғабыл. Жертөледе әйелдер тігіншілікпен, басқа да тұрмыстық заттар жасаумен айналысқан.
«Осы өңірде тудым, содан бері кіндігім бір елі ажыраған емес. Бұл төңіректе ғибадатхананың тарихын менен жақсы білетін адам жоқ шығар. Егер жаңылмасам, Михаил Казин деген казак офицері әйелі Анна Васильевна екеуі тұрғызған деседі. Оларға станица тұрғындары жәрдемдесіпті. Бастапқыда 13 діндар әйел тұрса, кейін қатарлары толығып отырған. Сөйтіп саны жүзге дейін жуықтаған», дейді көне көз қария өткенді ойша елестетіп.
Құдайға құлшылық еткен жандар үй шаруасымен қатар астық, мал өсіріп, күнделікті тағаммен өздерін қамтамасыз еткен. Айдынды көлге ау құрып, балық аулаған.
1921 жылы ғибадатхананың қыж-қыж қайнап жатқан тіршілігі біржола тоқтаған. Оған казактар мен шаруалардың кеңес өкіметіне қарулы қарсылығы себеп болған. Көтеріліс күшпен басып-жаншылып, монастырь қиратылған. Ғибадатхананың басшысы мен тақуа әйелер өлім жазасына кесіліп, осы маңайға жерленген. Кейін балалар үйіне айналдырылып, 1966 жылдан бері қараусыз қалған.
Жергілікті өлкетанушы Александр Листопадный 2017 жылғы санақ мәліметтеріне сүйене отырып, ғибадатхананың меншігінде 15700 гектар жері, 20-ға жуық техникасы, оннан астам тұрғын үй, екі жатақхана, шіркеу, емдеу мекемесі, қызметкерлерге арналған жеке үй, диірмен болғанын айтады. Алты діндар 119 қыз-келіншекке дәріс берген.
Солтүстік Қазақстан облысы