Семей – Нұр-Сұлтан бағытында жолға шыққан кітапханалық көрме Павлодар қаласына келді. Семейдің Абай атындағы облыстық кітапхана С.Торайғыров атындағы кітапханада Абайдың 175 жылдығына орай әкелінген көрмеде сирек қордағы ақын жайлы 54 кітапты таныстырды.
Рухани шара барысында «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» тақырыбында әдеби-мәдени экспозициялық көрме ашылды. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың көрме және мәдени шаралар бөлімінің жетекшісі Марал Тәженованың айтуынша, экспозицияға қойылған сирек қордағы басылымдар Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған.
Семейден келген көрме үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Абай оқыған кітаптар, екінші бөлімде Абай туралы деректер сақталған кітаптар, ал үшінші бөлімде Абайдың шығармалары қойылған.
Абай атындағы облыстық кітапхананың қызметкері Майгүл Сейітқажықызы көрмеге әкелінген сирек қордағы 54 кітап жайлы айтып берді.
– Кітапханамыздың 136 жылдық тарихы бар. Абай атамыз оқырманы болған. Біздің мақсат – көрмеге келушілерді ақын пайдаланған XVIII ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жарық көрген құнды әдебиеттермен таныстыру, – дейді Майгүл Сейітқажықызы. – Көрмеде Абай атамызға қатысты деректер сақталған жазбалар да бар. Мысалы, көрмеден Әлихан Бөкейханның Абайға жазған қазанамасы, Абайдың санақ комитетінің мүшесі, бастауыш білім беру қоғамының мүшесі болғандығы, осы қоғамға отбасымен салған жарнасы туралы және орыс Географиялық қоғамы жазбаларында Абайдың қанша малы, жері болғаны, жалпы мүлкі туралы да қызықты әрі құнды деректермен таныса аласыз.
Көрмеден Рақымжан Жаманқұлов пен Ықылас Адамбековтің редакторлығымен 1936, 1939 жылдары басылған латын қарпіндегі «Таңдамалы» өлеңдері мен «Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген Абайдың қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалары орын алған.
Кітапхана қызметкерлері Майгүл Малғаждар, Ольга Мальцеваның айтуларынша, көрмеде оқырмандарын қызықтырған кітапхананың сирек қорында 4 мыңнан астам кітап бар екен.
Енді осындай құнды жәдігер-кітаптары бар көрме Нұр-Сұлтан қаласына жол тартады.
ПАВЛОДАР