Қытайда істі болып, қамауда жатқан қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайы туралы Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында хабарланды.
Қазақстан Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайынан хабардар болып отыр. Қазір апелляция бойынша оның ісінің қайта қарау мерзімі анықталуда. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтып берді.
– Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесі – өте маңызды іс. Мұны қазір адвокат жан-жақты қарастырып жатыр. Оның ісі бойынша апелляция беріліп, Қытай тарапынан екінші отырыстың өткізу уақытын күтіп отырмыз. Бұл жағдай – біздің елшіліктің ұдайы назарында. Дипломаттар Ақжарқынға тұрақты түрде барып тұрады. Әңгімелесіп, ата-анасының хатын жеткізіп, кітаптар сатып әпереді. Ол өзін жақсы сезінеді және ешқандай ұстау жағдайына шағымданбайды, – деді А.Смадияров.
Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталып, оған есірткі контрабандасымен айналысты деген айып тағылды. Екі жылдан кейін Қытай соты оны өмір бойы бас бостандығынан айырды. Араға біраз уақыт салып бұл үкім шегеріліп, іс қайта қарауға бағытталды. Нигериялық наркомафияның құрбаны болғанын айтатын Ақжарқынның өзі жазаны жеңілдетуді немесе Қазақстанға экстрадициялауды күтіп отыр.