Жол – тағдыр. Сусыма сынап сияқты. Абайлап жүрмесең күтпеген бақытсыздыққа душар боласың. Жақында Қызылорда облысының аумағында ірі автокөлік апаты болды.
Жол бойындағы «Оазис» дүкен-кафе желісінен шыққан жеңіл автокөлік ауыр жүк көлігін басып озып үлкен трассаға шықпақ болады. Аяқ астынан бақастығы ұстаған ауыр автокөлік иесі жол беруге ықылас танытпаған. Соның нәтижесінде жеңіл көлік жаншылып қалды. Ішіндегі салон толы адамдар Қырғызстан азаматтары екен. Төрт адам тіл тартпай кетті. Статистика үшін солай айтылғанымен көрші республикадағы қаншама жақындары қара жамылып, аңырап қалды. Бұл жара олардың жүрегінде ешқашан жазылмасы анық.
Осы халықаралық магистраль Арал ауданының 60 мыңдай тұрғыны бар тоғыз елді мекені тұсынан өтеді екен. Биылдың өзінде 16 көлік апаты тіркелген. Мұндағы жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жол тар, екі-ақ жолақты. Күндіз-түні қайшыласқан көліктер бір-біріне жол бермей апатқа ұрынып жатады. Оның үстіне жол сапасыз болып, сыр бере бастаған.
«Қазавтожол» ҰҚ АҚ облыстық филиал директоры орынбасарының міндетін атқарушы Ғалымжан Оспанов жол табанының және асфальт шөгуіне байланысты Арал ауданындағы 1240 және 1330 шақырымында «Салини» мекемесі кепілдік мерзімі аяқталмауына байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады.
Халықаралық автодәліздің жағдайы осындай болғанда ауыл, аудандардағы жолдардың «шықпа жаным шықпамен» отырғаны белгілі жайт қой. Мәселен, Жалағаш ауданындағы 112,7 шақырым автомобиль жолының 22,4 шақырымы ғана қанағаттанарлықсыз жағдайда екен. Былтыр аудандық маңызы бар «Еңбек» ауылы бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымының орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Жоба құны – 172,7 млн теңге. Республикалық бюджеттен 90,8 млн теңге бөлініп 4 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл аталған елді мекендегі жолдың қалған шақырымын аяқтау мақсатында облыс бюджетінен 81 млн 878 мың теңге қаржы бөлінді.
Сондай-ақ аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға «Самара – Шымкент – Мәдениет – Жүргенов – Жаңаталап – Аққыр» автомобиль жолының 9,4 шақырымының орташа жөндеу жұмыстарына және «Самара-Шымкент – Еңбек – Есет батыр – Жаңадария» автомобиль жолының 8-20,3 шақырымының орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленді. Қазіргі таңда аталған құжат ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өтті. Бұл жобаларды мемлекет тарапынан қаржыландыру мақсатында өтінім де берілген. Апаттық жағдайдағы аудандық маңызы бар «Самара – Шымкент – Мәдениет – Мақпалкөл – Жаңаталап – Аққыр» автомобиль жолының бойындағы «Оңтүстік коллектор» көпірін қайта жаңғырту жұмыстарына жалпы құны 281,6 млн теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттар әзірленген. Қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге биыл республикалық бюджеттен 138,7 млн теңге, облыстық бюджеттен 14,3 млн теңге қаралды.
Қалаішілік жолдарды жөндеу қолға алынып жатыр. Атап айтсақ, аудан бойынша ұзындығы 206,5 шақырымды құрайтын 202 көшенің 66,8 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда екен. Сондықтан бірінші кезекте аудан орталығындағы көшелерді жөндеу қолға алынады. Осыған байланысты кенттегі 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын жобалау-сметалық құжаттар әзірленді.
Қазақстан – әлемде жол сапасы жөнінен әзірге мақтанатын жағдайда емес. Өткен жылдың қорытындысында дүние жүзі автокөлік жол сапасы рейтингінде еліміз 140 мемлекеттің ішінде 106-орынға табан тіреген екен. Мемлекет республикалық маңызы бар жолдардан бөлек, облыс, қала, аудан, ауылдардағы жолдарды салуға, бұрынғысын күрделі жөндеуден өткізуге қыруар қаржы бөліп жатыр. Бірақ есіл ақша ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп, былтыр жөндеген жол келесі жылы шұқанаққа толып, сапасы сын көтермей келеді. Адамдардың тағдыры өрілген жол – сыбайлас жемқорлықтың жемсауына айналып бара жатқандай көрінеді. Сондықтан да мемлекет тарапынан қатаң бақылау керек-ақ.
Қызылорда облысы