ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының халқы үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Олардың ерен істерін әлі толық зерттеп-зерделеп үлгермей жатырмыз. Сондай тұлғаның бірі – Тұрар Рысқұлов. Бұл адамның қайраткерлік қабілеті Кеңес Одағы деңгейінен асып, Коминтерн өкілі ретінде әлемдік масштабтағы саяси істерге араласуына ықпал етті. Соның бір парасы – Азия құрлығындағы көшпенді жұрт Моңғолияның конституциясын жасап, елдің саяси-экономикалық дамуын социалистік бағытқа бұрып беруі. Істі тиянақтау үшін қайраткер аталмыш мемлекетке 1924 жылдың қазан айында барып, 1925 жылдың шілдесіне дейін 9 ай қызмет етті. Т.Рысқұловтың Моңғолияда атқарған еңбегі жайлы «Егемен Қазақстан» газетінің жылашар санында «Тұрардың Күредегі күндері» атты көлемді мақала жарияланған еді. Осы жазбада қайраткердің ол жақта атқарған жұмысы жайлы баяндалған болатын. Дейтұрғанмен Т.Рысқұлов осы сапарында көшпенді елдің саяси бағытын дұрыстап қана қоймай, іргедегі Қытай Республикасына құпия барып келгені жайлы көп айтылмай жүр. Біз осы тақырыпты қаузап көрмекпіз.
Қазақ князі Қасықбай
Өткен ғасырдың 1923 жылы Оңтүстік Қытай, яғни Кантон үкіметінің төрағасы лауазымына қолы жеткен ұлт көсемі Сун Ят Сен берекесі кеткен қытай қоғамын біріктіріп, Жапония бастатқан шетелдік басқыншылар ықпалынан қорғану үшін Кеңес Одағымен ымыраласты. Бірақ 1925 жылы бұл адам дүниеден өтіп, қытай елінің ішкі жағдайы шиеленісіп, мемлекет билікке таласқан бірнеше генералдың күрес алаңына айналды. Бұл тартыс-таластың Кеңес Одағы мен оның жас досы моңғолдар үшін тиімсіз тұстары көріне бастады. Мысалы, елдің шығыс үш провинциясының билеушісі Жан Золин «Моңғолия жеке мемлекет емес, ол Қытайдың бір бөлігі» дейтін астамшыл мәлімдеме жасап, Кеңес Одағына осы мәселені мойындауын талап етті. Большевиктер көсемі В.И.Ленин көзі тірісінде қытайлықтардың жоғарыдағы талабын дұрыс көріп, құптау арқылы Моңғолияны басып алмаққа әрекеттеніп жатқан Жан Золинның шабуылын тоқтатты.
Жоғарыдағы бір-бірімен тайталасып жатқан генералдардың бірі Фын Ю Сян 1925 жылдың басында Кеңес Одағының Қытайдағы елшісі Лев Михайлович Караханға жолығып, Моңғол мемлекетімен байланыс жасауға көмектесуін өтінеді. Елші мырза бұл мәселені Мәскеуге хабарлайды. Сөйтіп Моңғолия басшыларына саяси құбыласы Мәскеуден «тез арада қытай генералымен байланыс жасаңдар» деген тапсырма келіп түседі.
Нәтижесінде, 1925 жылы 19 наурызда моңғол басшылары ақылдасып, Қытайға баратын өкілдерді іріктеп, қаулы қабылдайды. Олар мұндай маңызды іске Шаруашылық министрі Амар, Ішкі істер министрі Набансерен, Орталық партия комитетінің хатшысы Геліксенге үшеуін лайық көріп, «сіздер не айтасыз» дегендей Мәскеу жаққа жалтақтап қарайды.
Көп ұзамай КСРО Сыртқы істер министрі Г.Чичериннің атынан Моңғол үкіметінің басшыларына жеделхат келіп түседі. Хатта: «Қытайға баратын өкілдер құрамына Т.Рысқұлов енгізілсін» делініпті. Содан Моңғол Халық партиясы Орталық Комитетінің басқарма мүшелері 23 наурыз күні қайтадан жиын өткізіп, жоғарыдағы құрамға «Моңғолиядағы аз ұлт өкілдері қазақ Қасықбай мен ұранқай Тебіктіні қосу туралы» шешім қабылдайды. Мұндағы Қасықбай деп отырғанымыз – Тұрар Рысқұлов та, екінші адам қазақ тілін еркін меңгерген Тебікті. Мұндағы мақсат – қытайлармен жүргізілетін келіссөз барысында ол мән-жайды Тұрарға қазақша тәржімалап отырады.
Жоғарыдағы өкілдер Қытай генералымен ресми келіссөз жүргізетін болғандықтан, оларға жаңадан атақ-дәреже беріледі. Мәселен, Амарға – бейс-маркиз, Набансеренге – хан, Геліксенгеге – гүн, ал Қасықбайға (Т.Рысқұловқа) – қазақ князі деген атақ беріліпті.
Калгандағы кездесу
Қытайға баратын ресми өкілдер белгілі болғаннан кейін Моңғол Халық партиясының Орталық Комитеті төтенше комиссия жасақтайды. Бұған Т.Рысқұлов мүше болды. Мұндағы мақсат – қытай еліне баратын өкілдер не айтуы керек және қарсы тараптан қандай сұрақтар қойылуы мүмкін, оған қалай жауап берілуі тиіс.., т.б. мәселе талқыланды. Бұл жерде маңыз беретін дүние, өкілдер өздері біліп ешқандай келіссөзге қол қоюға болмайды, екінші шарт, бұлар алдымен Бейжіңге барып сондағы КСРО елшісі Л.Караханға жолығып, ақылдасқаны жөн.
Сөйтіп Қытайға баратын Моңғолия өкілдері 1925 жылы 25 наурызда жолға шығады. Арасында қазақша киінген, басында төрт сайлы пұшпақ керей тымақ, көк қасқалап тіккен саптама етігі бар Тұрар жүр. Өкілдер 18 тәулік дегенде Калган қаласына жетеді. Бұлармен кездесуге тиіс генерал Фын Ю Сян осында күтіп жатыр. Өкілдер Мәскеуден берілген тапсырма бойынша Бейжіңдегі елші Лев Караханға жолықпай тұрып, қытай генералымен кездесуге болмайды. Енді қайтпек керек?
Қысқасы, қулық ойлап табады. «Біз әуелі аруақ аттағандай болмайық, Бейжіңге барып қытай халқының көсемі Сун Ят Сеннің қабіріне тағзым етейік, содан кейін келеміз» деп бұларды күтіп отырған генералға сәлем айтып, Бейжіңге жүріп кетеді. Бұл жерде Т.Рысқұлов елшіге жолығып толық мәлімет алады. Осы сапарында Тұрар ағамыз Лев Михайловичтің нұсқауымен Қытай елінде отырған Жапония елшісі Кэнкити Ёсидзавамен жолығады. 1937-38 жылдары жоғарыдағы Л.Караханның да, Т.Рысқұловтың да атылуына осы оқиға басты себеп болған, дейді жазушы Шерхан Мұртаза.
Онан соң өкілдер Калган қаласына келіп Фын Ю Сянмен кездеседі. Қытай генералы бұларды өз үйінде қабылдап, тайталасы мол саяси сұрақтар қойып, оған дүдәмал жауаптар алады. Осылардың кейбіріне тоқталсақ: «Кеңес Одағы Моңғолиядан әскерін қашан әкетеді?» «Моңғолия әскерінің арасында орыс кеңесшілер неге көп?» «Егер Қытайға үшінші бір ел шабуыл жасаса, Моңғолия көмектесе ала ма?» т.б. Моңғолдар бұл сауалдарға жауап беру үшін жаутаңдап «тіл білмейтін» Қасықбайға қарайды.
Осы тақырып бойынша көп жыл зерттеу жүргізіп, бірнеше кітап жазған тарих ғылымдарының докторы Мініс Әбілтайұлы, қытай генералы Моңғолия өкілдерімен келіссөз жүргізу барысында кейбір мәселені делегация басшысы Амар бейіспен жеке отырып әңгімелескісі келетінін айтыпты, соған қарағанда ол өкілдер құрамында орыс тыңшысы болуы мүмкін деп сақтық жасаған көрінеді деп жазады.
Сөйтіп Амар мырза Фын Ю Сянмен бірнеше рет кездескен. Осы бір жеке сөйлесу кезінде қытай генералы Моңғолияны тәуелсіз ел ретінде мойындайтынын айтып, ең бастысы моңғол даласы арқылы Ресейден қару-жарақ алу ниетін жеткізген. Осы мәселені Т.Рысқұлов Мәскеуге мәлімдеген сияқты. Өйткені қытай генералы орыстан қару-жарық алып, өзінің ішкі қарсыластарына соққы бергені белгілі.
Кездесуді сәтті аяқтаған өкілдер 1925 жылы мамыр айының 1-і күні Моңғолияға оралып, айдың 3-4-і күндері Моңғол Халық партиясы Орталық Комитетінің Басқарма жиналысында Тұрар Рысқұлов өкілдіктің Қытайға жасаған сапары туралы баяндама жасайды. Осы баяндама мәтінінде қытай генералы Моңғол халқының мүддесі үшін емес, өз мүддесі үшін келіссөз жүргізуге мәжбүр болғанын айтып, сапар кезінде жолда кездескен қиыншылықтар, Бейжіңге барып істің мән-жайын анықтағаны туралы т.б. мәселелерге тоқталған екен.