• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Тамыз, 2019

Шағын аудандардың тұрғындарымен кездесті

220 рет
көрсетілді

Бүгінде Шымкент қаласы әкімдігі үшін шешімі кезек күттірмейтін түйіннің бірі – қалаға Түркістан облысынан қосылған елді мекендердің инфрақұрылым мәселесі. Шаһарға қосылып, жартымыз бүтінделіп, жыртығымыз жамалады деген ағайынның жыл он екі ай көтеретіні де осы тақырып.

Жуырда қалаға іргелес елді­ ме­кен­дер­дің осы мәселесімен танысу үшін қала әкімі Ерлан Айтаханов Мемлекет басшысының шеткі аймақтарды дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Базарқақпа», «Қарабастау» тұрғын алабы мен «Көксай-2» және «Көксай-3» шағын аудандарын аралаған болатын.

Жұмыс сапары кезінде қала басшысына Түркістан облысының Сайрам және Төлеби аудандарынан Еңбекші ауданына қосылған 16 елді мекеннің инфрақұрылым мәселесі бойынша аудан әкімі Ғалым Ильясов баяндады.

Шаһар басшысы ауыл билерімен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, қор­да­ланған мәселелердің түйінін тарқатты. Атап айтқанда, аудандағы істен шыққан кәріз жүйесі, «Сайрам су» өзенінен өтетін ескі көпірге күрделі жөндеу жүргізу, «Бадам» өзенінің үстімен өтетін жаңа көпірдің құрылысы, жеке тұрғын үйлердің құжаттарын заңдастыру мен әлеуметтік нысандардың қажеттілігі сынды проблемалар көтерілді. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы электр қуаты мен ауыз су және газ мәселесі де мазалайды екен. Қала әкімі бұл мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

 «Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елді мекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауыз су, жарық, көгілдір отын мен қатынас үшін көше жолдары жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының съезінде Үкіметке ауылдық жерлерге тұрғын үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналдық мәселелерді рет-ретімен шешетін боламыз», деді қала әкімі.

Қала басшысы Шымкенттегі Көк­бұлақ, Игілік шағын ауданы тұрғын­да­рының да талап-тілектерін тыңдап, өтініштерін орындауға уәде берген еді. Араға 10 күн салып, әкімнің халыққа берген уәдесі негізінде №180 автобус бағыты ашылды. Осылайша он күн бұрын берілген уәде орындалып, аталған екі ауылға салқындатқышы бар қоғамдық көліктер қатынай бастады.

«5 жылдан бері елді мекеннен қалаға қатынау мұң болған. Шағын автобусқа сыймай қалып қойғандар таксимен қатынайтын. Енді міне, жаңа автобус жүріп, қуанышымыз көбейіп отыр», деді елді ме­кен тұрғыны Бибісара Балашова.

Бүгін­де қалаға қосылған ауыл-аймақтағы қоғамдық көлік мәселесін ше­шу үшін жергілікті билік 300-ге жуық жаңа автобустар алып келді. Қазіргі таңда қоғамдық көліктер әлеуметтік бағыттар бойынша рет-ретімен қала тұғындарына қызмет көрсете бастады.

«Қазір қалада 138, 158, 45, 96, 16, 10 және 113 бағыттар бойынша да жаңа автобустар жолаушылар тасымалдауда. Әлеуметтік маңызды 10 бағытқа жаңа қоғамдық көліктер жүре бастады. №180 автобус солардың бірі. Әкімнің уәдеде тұрып, мәселені шешкені – халық сенімін арттырып, билікпен арадағы байланысты одан әрі нығайта түсері анық», дейді автобус жүргізушісі Болат Сатқұлов.

Мәселені жедел шешкені үшін тұр­ғындардың қала әкімі Ерлан Қуаныш­ұлына айтар алғысы шексіз. Енді қатынау жиілігі 5-10 минуттан аспай­тын жаңа автобустар екі елді мекеннің тұрғындарын көзде­ген жерлеріне жеткізіп жатыр. Қоғамдық көлік мекемесінің жауапты қызметкерлерінің айтуынша, жаңа оқу жылы басталғанда автобустардың саны екі есеге артпақ.

 

ШЫМКЕНТ