«Мен бұл жарысқа 1987 жылы қатысқан едім. Сол кезде осындай биік белестерді бағындырамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген-ді. Бірақ көп еңбектендім. Бүгінге дейін жеткен жетістігімнің бәрі тынымсыз төгілген тердің арқасы. Сондықтан сіздерге айтарым, алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ, еңбектеніңдер, армандаңдар, алдарыңа мақсат қойыңдар», деді Олимпиада чемпионы, атақты велошабандоз Александр Винокуров Өскеменде өткен «Қазақстан оқушысы-2019» көпкүндік веложарысының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Осымен 50 мәрте жалауы желбіреген, еліміздің түкпір-түкпірінен келген велошабандоздармен қатар Өзбекстан, Ресей және Монако князьдігінен 130-ға жуық спортшы қатысқан сайыстың жабылу салтанатына велотректен Азия және Әлем чемпионы Алексей Лялько да келді. Жеңімпаздарды аймақ басшысы Даниал Ахметовтің атынан құттықтаған облыс әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев «Қазақстан оқушысы» бәсекесінің 20-сы Шығыс Қазақстанда өткенін мақтанышпен атап өтіп: «Олимиада чемпионы Александр Винокуров та кезінде өздерің сияқты спорттық мансабын осы веложарыстан бастаған болатын. Бұл бірегей додаға қатысу арқылы сендердің де тәжірибелерің толысып, шеберліктерің шыңдала түседі. Аталмыш веложарысқа қатысушылардың арасынан еліміздің атын әлемге әйгілейтін чемпиондар шығатынына сеніміміз мол» деп жылы лебізін жеткізді.
Сонымен тұп-тура бір аптаға созылған дүбірлі додада тумысынан шайтан арбаның құлағында ойнайтын еуропалықтар алдына жан салмай, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші һәм үшінші орындарды Талғар (Алматы облысы) мен Шымкент қалаларының командалары өзара бөлісті. «Monaco team» командасының өкілі Гийом Брудер алты кезеңнен тұратын сайыстың барлығында оқ бойы озықтығын дәлелдеп, жарыс жеңімпазының сары жейдесін киді. Еліміздің жас велошабандоздарының арасынан елордалық Нұржан Хатпиннің аяқ алысы көпшіліктің көңілінен шықты. Үздік нәтиже көрсеткен ұжымдар мен бірнеше аталымда топ жарған велошабандоздар ұйымдастырушылар тарапынан, Александр Винокуров қоры атынан кубоктармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
ӨСКЕМЕН