Қобыз – қазақ халқының рухани әлемін тереңнен толғайтын, сыры тылсым, үні мұңға толы өзгеше аспап. Бұдан 4 000 жыл бұрын пайда болған көне аспап туралы әңгіме қозғау қиынның қиыны. Өйткені, қобыз – бағзы бабаларымыздың кие тұтқан бір тотемі және осынау аспапты жанына серік тұтқандар сирек. Сондай жанның бірі – Бақыткүл Кәрібай. Біз 40 жасында қобыз ұстауға біржола бекіп, кейіннен «Қобыз әже» атанған Бақыткүл Аханқызымен әңгімелескен едік.
– Бақыткүл Аханқызы, әңгімені өзіңізден бастасақ.
– Мен 1959 жылы Қызылорда облысындағы Шаған ауылында дүниеге келдім. 1978-1982 жылдары Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық училишенің виолончель сыныбында оқыдым. Осы аспап бағытындағы білімімді Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жалғастырдым. Училищеде оқыған кездегі виолончельден ұзтазым Қалимаш Әбдиеваны және консерваториядағы ұстазым Сарқыт Мансұровты алғыспен есіме аламын.
Консерваторияны тәмамдағаннан кейін Қызылордадағы аталған училищеде 30 жылдан астам уақыт виолончель пәнінен ұстаздық еттім. 2017 жылы зейнет демалысына шықтым. Сол жылы Астанаға көшіп келдім. 2017-2019 жылдары К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде қобыз сыныбында дәріс бердім.
– 40 жасынызда қолыңызға киелі қобызды алуыңызға не түрткі болды? Киелі аспапты серік етіп, сахна төріне алғаш рет шыққан сәтіңіз есіңізде ме?
– Қобыз ұстаймын деп мен ешқашан ойламаппын. Жас кезімде қобызды естімек түгілі, көрген емеспін. Ешбір адам маған қобыз аспабын үйретпеді, яғни, ұстазым жоқ.
Училищеде өз мамандығым бойынша ұстаздық етіп, балаларға виолончель үйретіп жүрген маған қобыз сыныбы қосымша жұмыс ретінде жүктелді. Сол кезде училищедегі қобыз мұғалімі басқа қалаға көшіп кеткен еді. Маған қобыз сыныбындағы 2 балаға мұғалім болуға тура келді. Осылайша, жай-жайдан қобыз тартып көріп, мағлұматтар оқып, іздене бастадым. Қобыздың алғашқы баспалдақтарына келуім – 2 балаға ұстаздық қылуымнан бастау алды. Сол кезде 35 жаста едім.
Қосымша жұмысым маған бірте-бірте ұнай бастады, ал оның себебі – өзім ойлағандай жастық максимализм емес екен.
Кейініректе естідім, менің анамның әкесі, яғни нағашы атам Сейітназар (ашаршылықта қаза тапқан) саятшы, ақын әрі қобызшы болған екен. Қандағы нәрсе сыртқа шықпай қоймайды екен ғой?!
Қобыз ойнап жүрген алғашқы жылдары Дәнеш әжем (қобызшы атамның бәйбішесі) түсіме екі рет еніп, аян берді. Мән бермедім. Ал, енем марқұм өмірден өтерінде маған ескертіп: «Саған әруақ қонады, қобыз ұстайтын боласың» дегені есімде. Енемнің сөзіне де мән бермеппін. Сол кездерде жиі сырқаттана бастадым, бір қызығы, дәрігерлер маған диагноз қоя алмады.
Теңіз жағасындағы қобыз
1996 жылы Қызылордада «Қорқыт – Түркі әлемі» атты халықаралық конференция өтті. Конференция барысында Мұсабек Жарқынбеков деген керемет күйші ұстаз, мен және тағы бір жас бала қатысып, қобызбен күй ойнадық.
1998 жылы Астана қаласының ашылуына тарту ретінде Қызылорда облысының өнерпаздары театрландырылған қойылым көрсетті. Қойылым шеңберінде қобыз ойнап, Қорқыт бабамның «Қоңыр» күйін орындадым.
Киелі ұлттық аспабымызды қолға ұстауға алғаш рет біржола бекінген кезде дәл 40 жаста екенмін. Қорқыт бабаның 1300 жылдығы ЮНЕСКО шешімімен аталып өткен 1999 жылы Қызылордада ірі сайыста сахнаға шықтым. Содан бері қобызды жаныма серік тұтып келемін.
– Бақыткүл Аханқызы, өнер жолындағы өрелі істеріңіз бен бағындырған белестеріңіз туралы да айта кетсеңіз.
– ЮНЕСКО аясындағы байқаулардың лауреатымын. «Хабар» телеарнасының жобасы аясында Қорқыт мұраларын таспаға жаздыруға үлес қостым. Бірнеше республикалық және халықаралық конкурстардың әділқазы мүшесі болдым. 2007 жылы АҚШ-тың Голливуд музыкалық институтында өнер көрсетіп, қобыз сазын шетелдіктерге паш еттім.
Біздің Сыр бойының балалары өте талантты. Бірнеше шәкіртім виолончель және қобыз аспаптары бойынша халықаралық байқаулардың жүлдегерлері.
(Фотодағылар: Наурыз мерекесіндегі шетелдік қонақтар)
– Өнердің өрісін кеңейтер шәкірт тәрбиелеудегі басты қағидаңыз қандай? Жалпы, бүгінгі жас буын қобызшылардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді, оларға не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Мен шәкірттеріме әрдайым ұлттық музыкамыз насихатталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы қажет екенін айтатынмын. Қобыздың неден жасалғанына тоқтала келе, балаларға үйретіп отырған күйдің тарихын әңгімелейтінмін. Бірақ, күй жанры күрделі болғандықтан, шәкірттеріме әндерден бастап үйреттім. Сөйтіп, қобызбен ән салып жүрген балаларға бірте-бірте күй үйрете бастайтынмын. Балалар күйді біршама үйреніп қалған кезде оларға еркіндік беремін. Алайда, кез келген шәкіртім сахнаға шығатын кезде «сен халық мұрасын жалғастырушысың, сондықтан өзіңдік бір ой-тұжырымыңды орындауын керек», деп айтатынмын.
Қойлыбайдан қалған қобыз үні
Қобыз үйренем деушілерге есігім әрдайым ашық. Құдай күш берсе, үйретуге жалықпаймын.
Қобызды кез келген адам ойнай бермейді. Сауаттылық өз алдына, оған тазалық пен имандылық қажет. Бұл аспап – сабырлылық пен табандылықты қажет етеді. Қаншама адам маған келіп, үйреніп бастағанымен, жалғастыруға жігерлері жетпеді. Бастапқыда оңай сияқты көрінгенімен, шындап келген адамдар ғана қобыз ойнауды алып кетеді.
Қобызға салуға болатын күйлерді осы күндері жас орындаушылар түрлі аспаптарда ойнап жүр, қобызбен де тартып жүргендер бар.
Бір қуантарлығы, күйдің түпнұсқасын жеткізіп, тарихын айтып орындап жүрген жастар да бар.
«Қайран бабам тағдырынан көп көрсе де азап-мұң,
Кейін келер ұрпағына шын тілепті ғажап күн.
Өз көзімен көргендіктен айтады ол жасырмай,
Домбыра – ұл, қылқобыз – қыз, қос перзенті – қазақтың» деген Тынышбай Рахымовтың өлең жолдарында айтылғандай, ата-ана перзенттерін қалай қорғайды – біз де бабаларымыздың аманаты іспетті қобыз аспабын солай қорғауымыз қажет. Ендеше, аға буын, орта буын және жастар әлі де күйді неғұрлым тарихымен айта отырып халыққа жеткізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Сіз зейнетке шыққаннан кейін Астанаға көшіп келгеніңізді айттыңыз. Көпшілік ілтипатпен атайтын «Қобыз әже» есімі осы бас шаһардағы шығармашылық белесіңізбен байланысты ма?
– Бүгінде Астана қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жанындағы «Нұра сазы» ансамблінің мүшесімін. Алғаш рет ұйымдастырылған «Алтын әже – 2026» сайысында «Өнерлі әже» аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Сахналарда да қобыз ойнап жүрмін. Үйренгісі келгендерге қобыз үйретіп, ұстаздық жолымнан да қол үзбедім.
Ән, би, күй және поэзияны ұштастырып, заманауи өнер арқылы адамзаттың көкейкесті мәселелерін (ашаршылық, атом бомбасының зардабы, су тасқыны, соғыс, т.б. ) қозғап жүрген «Tauelxsiz» атты жастар арт тобымен бірге өнер көрсеттім. Аталған топтағы жастар кәсіби әртістер емес, әр салада білім алып жатқан студенттер. Олардың кештері жаңа бағытта, атап айтқанда – перфоманстар мен арт-кештер форматында өтеді. Аталған жастар тобының «Жерге табын адам енді» қойылымында қобыз ойнадым және «Жер ана» рөлін сомдадым. Сол қойылымның негізі бойынша 2 рет шығарылған фильмдерге де түстім. Жастармен бірге көрсеткен өнерімнен кейін мені көп адамдар «Қобыз әже» деп атай бастады. Рухы биік жастар маған жаңа шабыт берді, оларға өте ризамын.
Зейнеткер болсам да, өнерімді қоса алып жүрмін. Ғұмырымның соңына дейін қобызымды тастамаймын деп ойлаймын.
Димашқа көне қобыздың ғылыми көшірмесі сыйға тартылды
– Қобыз төңірегіндегі сан алуан пікірлер мен қарама-қайшы көзқарастар бары жасырын емес. Жалпы, осынау аспаптың киелілігі мен тылсым құдіретіне қатысты көзқарасыңыз қандай?
– Қобызды жасап, онымен өзінің күйлерін алғаш орындаған Қорқыт бабамыз. Әрине, менің ұғымымда қобыз киелі аспап. Жалпы айтқанда, қобызбен тартылатын кез келген күй – тұнып тұрған тәрбие. Мысалы, Қорқыт күйлерін орындаушы ретінде түйгенім бабамыздың әр күйі – ізгі тәлім. Өз басым Қорқыт бабаның аналарға арнаған «Ұшардың ұлуы» деген күйін орындаймын және «Башпай» атты өте керемет туындысын да орындап жүрмін.
Совет кезеңіндегі солақай саясат қобыз ұстағандарды «бақсы» деп таңбалап, оларды құбыжық етіп көрсетуге тырысты. Сөйтіп, қобызды бізден барынша алыстатты. Салдарынан қобыздың құдіретін аңыз-ертегі ретінде ғана қабылдау басымырақ сипат алды. Яғни, ұлттың үнінен – күйдің киесінен алыстап кеттік.
Шын мәнінде, қобыз аспабы – бағзы бабаларымыздан бізге жеткен рухани байлық. Қобыз үні – адамның санасын тазартып, өмірге деген құштарлықты оятатынын байырғы қазақтар жақсы білген.
– Әңгімеңізге рақмет!