• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Тамыз, 2019

Руханият ордасы кітап оқу мен өнерге баулиды

912 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы руханият ордасы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты  Сапарғали  Бегалин атындағы  Орталық қалалық балалар кітапханасы ХІХ ғасырдың соңында салынған  тарихи-архитектуралық ескерткіштер санатында.

Алғашында Верный қаласының Ерлер гимназиясы орналасқан ғимарат 1930 жылы Жетісудың көпшілік кітапханасына беріліп, алғашқы директоры Ораз Жандосов болғаны белгілі. Ғимаратқа кейіннен 1971 жылға дейін Ұлттық кітапхана орналасты. Ал 1971 жылдан бергі аралықтан күні бүгінге дейін республикалық С.Бегалин атындағы  балалар  кітапханасы ретінде балалардың руханият мекемесі ретінде қызмет көрсетіп келеді. Балалар кітапханасының жетекшісі Алма Қонарованың айтуынша, кітапхана қорында бүгінде бес жүз мыңға жуық кітап бар. Мұнда келушілер өздерін қызықтырған кітаптарына тапсырыс бере алады.

Кітап қорын толықтыру Орталықтандырылған каітапханалар жүйесі арқылы жүзеге асады. Кітапхана жылына 18 005 оқырманды қамтып, 6 бөлім, 20-дан астам үйірмелер мен клубтарды ұлттық руханиятты, құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі шаралар өткізіліп тұрады.  160-тан астам мерзімдік басылымдар түрін жаздырып алады. Жылына 700-ден астам іс-шара өткізіп, қала тұрғындарын рухани азықпен қамтамасыз етіп отырған кітапханада Қазақстан жазушыларымен кездесулер, кітаптардың таныстырылымы,  атаулы, мереке  күндеріне байланысты  іс-шаралар өтеді.  

Жылына бір рет «Кітапханадағы түн» іс-шарасы өткізіледі. Ал ағымдағы жылы қазан айында «Кітапханадағы өнер түнін» өткізу жоспарланып отыр. Кітапханада жылына 4-5 мәрте шетелдік мамандардың қатысуымен онлайн-кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Кітапхана оқырмандары халықаралық, республикалық, қалалық байқаулардың белсенді қатысушылары. Таяуда өткен «Ертегімен саяхат» халықаралық байқауынан Сұлтанәлі Дүйсеналиев І орынды жеңіп алды. Осындай кішігірім жетістігі бар кітапхана мамандары  балалардың кітап оқуға ынтасын арттырып, өнерге баулып, білімді ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келеді.

АЛМАТЫ