• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Тамыз, 2019

Ісмерлік ізденістері

558 рет
көрсетілді

«Адамды өмірге құлшындыратын да, алдағы үмітіңді шындыққа айналдыратын құдіретті нәрсе – еңбек», дейді байырғы ұстаз, бұл күндері зейнеттегі Қарлығаш Бекмұханбетова.

Рас, Қарлығаш апаңыз бірнеше көрпені құрап тастапты. Мата қиындыларын қиюластырып, тартымды дүние шығарған шеберлігіне қайран қалдық. Мұнда неше түрлі қазақи нақыштағы оюлардан, өрнектерден құралған көрпелер көздің жауын алады. «Немерелерімнің боқшасына жарайтын шығар», дейді күле сөйлеген байырғы ұстаз риза кейіпте.

– Менің шешем Қаншай да ісмер кісі еді. Лезде бір көйлекті тігіп, тойға киіп бара жатса, қыдырып келісімен қолғап, шұлық тоқып немере­лерінің жылы жүруін қада­ға­лайтын. Кеудеше тоқу, тұ­мақ тігу ол кісі үшін таңсық емес еді, – дейді осы үйге қыдырыстап келген құдағиы Орынкүл де қоштай сөйлеп.

Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылын­да­ғы орта мектепте бірнеше жыл ұстаз­дық етіп, кейіннен мектеп директо­ры лауазымынан зейнеткерлікке шық­қан Қарлығаш Бекмұханбетова төл өнерімізді күнделікті ма­шығына айналдырып, неме­ре­ле­ріне үйретіп келеді.

– Қимылсыз қарап отыру – өмір­дің мәнін кетіреді. Ауыра бас­тай­сың, басқалардың маза­­сын аласың. Сон­дық­тан қи­мылсыз қарап отыру мен үшін тозақпен бірдей. Былтырдан бері жас кезімде біраз серік еткен тігіншілікке қайта бет бұрдым. Үйде түрлі мата­лар­дың қиындылары мен жыртыстары жиылып-ақ қалған екен, соларды біртіндеп кәдеге жаратудамын, – дейді ол.

Көненің көзін көрген ісмер ұстаздың айтуынша, тігіншілік тегін өнер емес. Ол қыз баланы төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Мұны қолының еп-себі болумен қатар өнерге бейімі бар, қиялы ұшқыр жан келістіріп атқара алады. Бояу түрлерінің үйлесімділігін де жете білген жөн. Сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлеміне иіруі көңілге шаттық орнатады десек артық емес. Ол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың.

 

Нұрмахан НАЗЫМХАНҰЛЫ

Қызылорда облысы,

Жаңақорған ауданы,

Қандөз ауылы