• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Тамыз, 2019

Елімізде 2015 жылдан бері 11 мың адам жол бойында көз жұмған

311 рет
көрсетілді

Бас прокуратурада заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі өтті. Кеңес барысында екі мәселе талқыланды: кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және жол қауіпсіздігі. Қос мәселе де қоғамда маңызды.

Жиын барысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалардың 90%-ы жағдайы тө­мен отбасынан шыққандар екені мәлім болды. Мұндай әре­кет­тер­дің алдын алуға жауапты уәкі­летті қызметкерлер аз емес: ювеналь­дық полиция, педагогтар, дәрігерлер мен әлеуметтік қыз­меткерлер, олардың ортақ жұ­мысын күшейте түсуді қажет еке­ні көріп-ақ тұр.

Қылмыстарды тергеу мен ашу сапасына байланысты айтылатын ескертулер жетерлік екен. 2015 жылдан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 34 мыңға жуық қылмыс тіркелген, дегенмен олардың 27%-ы ғана өзінің логикалық соңына жеткен.

Кәмелетке толмағандарға қа­тысты талай қылмыстық іс сот­қа дейін жетпей қала беретін көрінеді. Прокурорлар кәмелетке тол­ма­ғандарға қатысты зор­лық туралы істер бойынша заң­сыз үзіл­ген 57 тергеуді қал­­пы­на кел­тір­ген, сондай-ақ тоқ­та­тыл­ған 328 істің күшін жой­ған, жа­с­ы­рыл­ған 23 қылмыс анық­тал­ған.

Басқаша айтқанда, балаға қа­тыс­ты қылмысты ашып, қылмыс­керді жазалаудың орнына бармақ басты, көз қысты принципі орнап кететін кез аз емес. Полицейлер кейде бала түгілі ересектің де ісіне немқұрайды қарап, қылмыстық істі қозғағысы келмейтіні белгілі. Егер естеріңізде болса, былтыр темір жолда зорланып, басындағы қайғысын полицейлерге жыл бойы дәлелдей алмаған қыз дәл осын­дай жайтты баяндап берген еді. Жағдай тек «НеМолчи.KZ» қоры­ның басшылығы арқасында ғана сотқа жетті. Оның өзінде судья қос қылмыскерге 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру үкімін шығарып, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Ортақ түйткілдерді талқы­лау барысында өңірлерде полиция қызметкерлері мен про­курорлардың аталған қыл­мыс­тардың санатын ашуға маман­дан­дырылған жекелеген топтар құру орынды болады деген қоры­тын­ды­ға келді. Бас прокурор осы санаттағы қылмыстардың сапа­лы тергелуін қамтамасыз ету­ді және кінәлілердің жазасыз қалмайтындығы қағи­да­сының сақталуына қол жет­кі­зуді тапсырды. Әсіресе кә­ме­летке толмағандарға қарсы қыл­мыстар үшін қылмыстық жауап­тылықты күшейте түсу туралы Президенттің тапсырма­сын орындауға ерекше назар ауда­рылды.

Кеңесте көтерілген келесі мә­селе – жол қауіпсіздігі. 2015 жыл­дан бері жол-көлік оқиға­ла­ры­нан 11 мың адамның қаза тап­қа­ны, 120 мың адамның әртүрлі жарақаттар алғаны мәлім болды. Еліміздегі жол қозғалысының қауіпсіздігіне бірқатар факторлар ықпал етеді екен. Атап өтсек, олардың қатарында автопарктің күрт өсуі, жолдардың жай-күйі, көліктегі құқық бұзушылықтар профилактикасының босаңдығы және басқалары бар.

Жол бойындағы оқиғаларды автомектептерде жүргізушілерді даярлау сапасының төмендігі және жүргізуші куәліктерін заң­­сыз алу мүмкіндігі де шие­ле­­ністіре түседі. Мәселен, 3 мың­­­нан астам адамға жасанды медициналық анықтамалар, сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған 923 адамға жүргізуші куәліктерінің берілу фактілері анықталған. Елімізде 833 автомектеп жұмыс істейді, олардың басым көпшілігінің қажетті мате­риал­дық-техникалық базасы жоқ.

Жол салу тендеріне қатысып, бір үлесін жымқырып кету – Қазақстан үшін таңсық дүние емес. Соның кесірінен талай жан тас жолдарда өмірмен қош айтысып немесе мүгедек атанып жатқан болар. 3 жыл ішінде құқық қорғау органдары жолдарды салуға және жөндеуге бөлінген бюджет қаражаттарын жымқыруға байланысты 100-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеді. 7 млрд теңгеден астам сомаға жуық шы­ғын келтірілді. 55 адам қыл­мыс­тық жауаптылыққа тартылды, 24-і қазірдің өзінде сотталды.

Жол көлік оқиғалары жөнін­де­гі қылмыстық істерді тергеудің тиісінше жүргізілмеуіне қа­тыс­ты да сын аз емес. Соңғы 2 жыл ішінде прокурорлар 45-ке жуық жасы­рылған қылмыстық құқық бұзу­шы­лықтарды есепке қойған, олар­дың 13-і бойынша үкімдер шық­ты.

Үйлестіру кеңесі мүшелерінің пікірі бойынша, қауіпті жол учас­ке­лерінің электронды картасы, көше-жол жүйелері жай-күйінің қоғамдық мониторингінің болуы, жауапкершілікті қатаң­да­ту қажет.

Егер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2018 жылы жария­ла­ған рейтингке көз жүгіртсек, көңіл көншімейді. Жол көлік оқиғасынан қайтыс болған адамдарды 100 мың кісіге шақса, елімізде 17,6 азамат көз жұмады екен. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 74 орында. Ал рейтингтің ең соңындағы Скан­ди­нав елдерінде бұл көр­сет­кіш 2,7-2,8 адам. Яғни, жолдары қауіпсіз деген сөз. Ал біз айдың күннің аманында 2015 жылдан бері 11 мың азаматты жол бойын­да жоғалтып отырмыз.