Мұғалімнің басты міндеті – өзінің кәсіби біліктілігін арттыру. Ахмет Байтұрсынұлының «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деген сөздеріне сәйкес бұл жұмыс тұрақты түрде жүзеге асырылуы керек. К.Д.Ушинскийдің «Мұғалім үйрену барысында өмір сүреді. Ол үйренуін тоқтатқанда, оның мұғалімдігі жойылады» деп айтқаны тағы бар. Демек, мұғалім қауымы өмір бойы үйреніп, өз біліктілігін көтеріп отыруы керек. Бұл – аксиома.
Осы қағида ауқымында әр мемлекет мұғалімдердің кәсіби дәрежелерін арттыруға мүдделі болып, оларға қажетті жағдай жасап, алдына талап қояды. Мысалы, Сингапурда мұғалім жылына кем дегенде 100 сағат мөлшерінде біліктілік арттыру курстарына қатысуы міндет. Бұл дегеніңіз күніне 8 сағаттан оқитын болса, 13 күндей үздіксіз оқу дегенді білдіреді, яғни әр каникулда мұғалім кемінде 3-4 күн оқып-үйренуі керек.
Елімізде де осы мақсатта бүгінде мұғалімдерге арналған түрлі курстар тегін ұйымдастырылуда. Бұл тамаша мүмкіндік.
Алматы қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығында біліктілікті шыңдауға арналған екі курсқа қатыстым. Одан түйгенім – «Үйрену мүмкін емес, тек үйрену ықтимал» деген сөз рас екен! Бәрі де өзімізге байланысты. Үйренемін десең – үйренесің. «Үйренбеймін! Онсыз да бәрін білемін!» немесе «Осының қажеті қанша?! Мұғалімнің жұмысын қиындатқанынан басқасы жоқ!» деп жалтарсаң, онда оқымаудың амалдары мен сылтауларын көптеп келтіресің.
Бұл курстарда да әріптестерімнің басым бөлігі «Үйренейін! Қарманып қалайын!» деп ұмтылыс жасап, белсенділік танытып, кәсіби біліктілігін ұштауға мүдделі болса, кейбіреулері тек сертификат алу үшін «шықпа, жаным, шықпа!» деп «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» ғана жүрді. Әрине, оларға не жасаса да, не нәрсеге үйретсе де жағу қиын: бәрібір жақтырмайды.
Өздерін қинағысы келмейтін әріптестерімді мен баяғы заманнан келді ме деп ойлаймын. Өйткені бұрын да курстар көптеп ұйымдастырылатын. Алайда, шынын айту керек, ол курстарда оқу негізінен формалды еді, тек сертификат үшін оқушы едік. Ондай курстарда бәрі «тәрізді» болатын: бізді лекторлар оқытқан тәрізді еді (негізінен күн ұзақ лекция ғана оқитын), біз болсақ үйренген тәрізді едік (еш қиналмай, ойнап-күліп, көңіл көтеріп, қала қыдырып). Мектепке келгенде бізге айтатыны мынау еді: «Оқыдыңдар ма? Жақсы болыпты! Ал енді оқығандарыңды сабақтарда қолданыңдар!». Қолдану да тәрізді болатын: қалай қолданамыз, оны өзіміз білеміз, бізге талап қойып, қадағалап жатқан ешкім жоқ еді. Осылайша 5 жылда бір рет курсқа қатысатынбыз. Бәрі де «оқымады деп айтпасынның» сыңайында болатұғын.
Ал бүгінгі курстарда бәрі де жүйелі: алдымен мақсат пен күтілетін нәтижелер қойылады да, соңында оған жеткен-жетпегеніміз талданады. Мұнда бәрі де шынайы: сабақтан қалу жоқ, талап та жоғары, тапсырмалардың орындалуын қадағалау бар, соңында сарапшылардың қатысуымен таныстырылым қорғау немесе есептер жазу нысанында емтихан тапсырылып, тыңдаушылардың жауаптары сонау ел ордасында тексеріледі. Курстар мазмұны педагогиканың ең соңғы жетістіктеріне негізделген, мұғалімдердің күнделікті тәжірибесін зерттеуге бағытталған.
Курста мен «Үйрететін – мұғалім емес, үйрететін – орта» деген қағиданың өміршеңдігін өзім үшін дәлелдедім. Біз ең алдымен бір-бірімізден оқыдық, үйрендік. Туындаған мәселелер мен кедергілерді ылғи да бірлесе шешіп отырдық. Осы арқылы арамызда жылы қарым-қатынас орнады. Әлі де бір-бірімізбен кәсіби байланыстарымызды үзбей келеміз.
Эльмира РАПИЛОВА,
№178 мектеп-лицейінің мұғалімі
АЛМАТЫ