• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Тамыз, 2019

Әлеуметтік нысандар құрылысын аяқтады

213 рет
көрсетілді

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Арыс қаласындағы 68 әлеу­меттік инфрақұрылым нысанын қалпына келтіруді аяқтады. Оның ішінде 64 нысан жөнделіп, 4-еуі бұзылып, қайта тұр­ғызылды.

Бүгінгі таңда 56 нысан пай­далануға берілді, 8 нысанның жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады. Қайта қалпына келтірілген 4 нысан қыркүйек-қазан айларында пайдалануға беріледі. Оның қатарында жедел жәрдем, стоматологиялық бөлімдер, балалар мен жасөс­пі­рімдер спорт мектебі және бала­бақша бар.

«Біз нысандардың жағдайын бағалау кезінде оны қалпына келтірумен шектеліп қалмай, ғимараттарды жақсарту туралы шешімге келдік. Барлық мектеп жиһазбен жабдықталып, ағаш терезелері пластикалық терезелермен ауыстырылды, ескі футбол алаңының орнына жаңа алаң салынды және мектепке арналған жаңа жиhаз алынды», дейді «Samruk Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.

Айта кету керек, 1 шілдеде қор қираған әлеуметтік нысан­дарды – 6 балабақшаны, 16 мек­тепті, 1 колледжді, 30 жеке меншік балабақшаны, 8 ден­саулық сақтау нысанын, 4 спорт нысанын, теміржол вокзалын, Даңқ алаңы мен ор­талық алаңды жөндеуді бастаған болатын.

«Темір жол вокзалының ғимараты 1904 жылы салынған. Осы уақытқа дейін онда жөндеу жұмыстары тек 5 рет жүргізілсе, соңғы рет 2004 жылы жөнделген. Сондықтан жобалау және жөндеу жұмыстары тиісті лицензиясы бар компаниямен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Ғимаратты бастапқы қалпында сақтау үшін барлық шаралар қолданылады», деді А.Жетпісбай.

Жалпы, «Самұрық-Қазына» Арыс қаласындағы қалпына келтіру және құрылыс жұмыс­тары­на 7 млрд теңге бөлді. Нысан­­дарда шатырларды, тере­зе­лерді, есіктер мен едендерді ауыстыру мен әрлеу сынды негізгі жұмыс атқарылды.

13 шіл­деде «Самұрық-Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ах­мет­­жан Есімов Арыс және Түркіс­­тан қалаларында болды. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан қор басшысы жұмысты жоспарға сәйкес уақтылы жүргізуді тапсырды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Үкімет тапсырмасы бо­йынша қор Арысты қалпына келтіруге белсене қатысты.

 

Түркістан облысы