Жуырда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты – дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және жастардың денсаулығын нығайту үшін нан және нан-тоқаш өнімдерінде тұзды кезең-кезеңмен азайту. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, тамақ өнімдеріндегі тұз мөлшерін азайтуды жаппай тұтынылатын өнім ретінде наннан бастаған тиімді. Сондықтан осындай меморандум жасалса керек.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіретін эксперименталдық-өндірістік цехы ЖОО студенттері мен оқытушыларына арнап құрамында тұз мөлшері аз нан пісіретін болады. Сөйтіп жұқпалы емес аурулардың алдын алудың негізгі шараларының тағы бірі жасалды. Өзара келісімге келген тараптар тұзы аз нан пісіру бастамасын басқа да нан-тоқаш өнімдерін өндірушілер қолдайды дегенге үміт артып отыр. Өйткені көптің қолдауы болмаса «жалғыздың үні шықпайды».
Жалпы, медициналық ұйымдар сырқаттарды емдеп қана қоймай, өзінің басты миссияларының біріне де назар аударып келеді. Яғни, халықты денсаулықты күтуге үйретіп, профилактикалық шараларға және дұрыс тамақтануға дағдыландыру өзекті болып отыр. Қазақ мұндайда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Тағамдағы тұз мөлшерін азайту да осы «ауырмайтын жол іздеудің» бір көрінісі. Себебі тұздың жұқпалы емес сырқаттарға себепші болатыны бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, жұқпалы емес аурулардың өршуіне бірінші кезекте темекі себепші болса, одан кейінгі орынды тұз иеленеді екен. Саламатты өмір салтын қалыптастыру ісінде бұқараны тұзы аз тағамдарға үйір қылу өзекті болатыны содан. Айтпақшы, адамзат баласы тұзды 5 мың жыл бұрын пайдалана бастаған. Ол кезде адамдар күніне жарты грамм ғана тұз қолданған. Ал қазір тұздың тәуліктік мөлшері әлемде шамамен 8 грамм. Бірақ қазақстандықтар тұзға тым әуес болып алыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұқпалы емес сырқаттармен күрес және алдын алудың Еуропалық кеңсесі жетекшісі, тамақтану бойынша менеджер Джоао Бреданың айтуына қарағанда, біз, қазақстандықтар тәулігіне орта есеппен 17 грамм тұз тұтынады екенбіз. Ал ДДСҰ адам баласы үшін тұздың тәуліктік нормасы 5 грамм ғана деген шешімге келіпті. Бұл мөлшерден асып кетсе тұздың пайдасынан зияны көп болады. Оған айғақ болатын мысалдар жетіп артылады. Мәселен, жапондар жарты ғасыр бұрын күніне 18 грамм тұз пайдаланған екен. Сол кезде ел тұрғындарының арасында сал ауруына ұшырағандар жиі кездескен. Кейін ел билігі тұзды тұтыну мөлшерін тәулігіне 4 грамм деп белгілеп, азаматтардың оны қолдануын азайту үшін біраз іс тындырса керек. Нәтижесінде елде сал ауруымен ауыратындар саны 80 пайызға азайыпты. Мамандар адам тұз қолданудың тәуліктік мөлшерін 2 грамға азайтқанда жүрек дерттеріне шалдығу мөлшері 25 пайызға төмендейтінін анықтаған. Демек С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіндегі наубайхананың тұзы аз нан пісіре бастауының маңызы зор деген сөз.
Тұзды шамадан тыс тұтыну, жалпы, дұрыс тамақтанбау денсаулыққа зиян екенін дәрігерлер жиі айтады. Бірақ өкінішке қарай, олардың кеңесіне құлақ аспай кететін кездеріміз аз емес. Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 қалалық емхананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер Эмина Ильясова адамдар тұзды қанша мөлшерде тұтынып жүргенін білмейтінін айтады. Ал тұз ағзаға бекон, шұжық, ірімшік тәрізді өңделген тағамдар арқылы енетін болса керек. Сонымен қатар ұдайы тұтынатын нан мен нан өнімдері де ағзаға біраз тұз «тасымалдайтын» көрінеді. Әрине тұзы мол тағамды күнде жемейтініміз рас, бірақ нансыз күніміз жоқ. Ал сол нанның өзінде тұз мөлшері аз емес. Нарықта тұзсыз нанның өзі түгілі, атауы да кездеспейтін. Енді өз денсаулығын күтуге ықтиятты азаматтар үшін таңдау жасау мүмкіндігі туғанын айтады дәрігер.
«Тұзды шамадан тыс қабылдау ағзадағы зат алмасу үрдісінің бұзылысына әкеледі. Соның салдарынан тұз ағзада жиналып, тістер бұзылады, гастрит, асқазан жарасы пайда бола бастайды. Қартаю процесін жылдамдатады. Тұзды шамадан тыс қабылдау қан қысымының жоғарылауына ықпал етеді, бұл өз кезегінде жүрек ауруы және инсульт қаупін арттырады», дейді Эмина Ильясова. Дәрігер қазіргі балалар мен жасөспірімдер көбінесе компьютер алдында отыратынын, аулаға шығып доп қуу, дала кезу азайғанын, фастфудқа, шұжық, чипс, қытырлақ нан, майонезге үйір екенін айта келе, бұл тағамдардың ағзаға кері әсері бар екенін атап өтті. «Әсіресе ысталған шұжықтарда тұз мөлшері көп болады. Қытырлақ картоп, фри, фастфуд пен жартылай өңделген тағамдарда тұз мөлшері көп болады. Бұл өз кезегінде ағзаға кері әсерін тигізіп отыр. Оның үстіне дұрыс тамақтанбау мәселесі тағы бар. Дұрыс тамақтанбау мен дене қимылының азаюы әлем бойынша денсаулыққа қатер төндіретін негізгі факторлардың біріне айналып келеді. Өз басым еліміздің бас қаласында құрамында тұз мөлшері азайтылған нан пісіретініне қуаныштымын. Тұздың ұсынылатын тәуліктік мөлшері күніне 5 грамды (бір шай қасық) құрайды», деді дәрігер. Сонымен қатар маман саламатты өмір салтын ұстанумен қатар, дұрыс тамақтанудың да маңызды екенін айтты. Орта құрсақ жүру адам денсаулығына пайдалы дейді. Ең бастысы, тұзы мол тағамдарға тым құмар болмаған дұрыс.