• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Тамыз, 2019

Мемқызмет: мін мен жөн

2112 рет
көрсетілді

Мемлекет қызметкері болсақ та, заң бойынша «мемлекеттік қызметкер» аталып көрмеппіз. Дегенмен естуіміз бар, көруіміз бар: тіптен оңай емес дүние. Не­сін жасырасың, күш-қуат тұрғысынан ауық-ауық әбден сығылған лимондай боп қала­тыны өз алдына, күнделікті ағымда жүр­геннің өзінде көбіне жақсы аты жоқ. Дүниенің бүкіл оңалмай жатқан кел­бетіне мемлекеттік қызметкерді кінәлау, «өй, шенеунік қой» дей салу халықтық қол­даныста жиі кездеседі. Неге? Неліктен?

Үлкен шендінің қабылдау бөлмесінен бір аға-досым әрі басшымның көшеге көз тастап тұрып, айтқан сөзі бар-ды: «Өмірдің сипаты және оны қабылдауың қашан, қай терезеден қарап тұрғаныңа байланысты...». Көп ретте «мемлекеттік қызметші» деген ұғымның аясында осынша ойлы, осынша терең адамдар бар деп есептей бермейміз. Өйткені жалпы қоғамдағы, адамдардың жеке басындағы мәселе олар айналысып жүрген жайттардан әлдеқайда көп. Шешіп үлгеру пропорциясына әлі жете алмай жүрміз. Он мәселе шешілсе, кезекте шешілмеген, құ­дай көпсінгір, он бесі «менмұндалайды». Сон­­дық­тан да «түн қата жүріп, түс қашқан» олардың қол жеткізген нәтижесі көбіне-көп тиісінше көрінбей, сезілмей қалып жатады. Шын мәнінде дамып, ілгерілеп келетін тұстарымыз «күлге аунағаннан» түзеліп жатпағанын, яғни дұрыстың дұрыстығын, жақсының жақсылығын тоқи білетін де көңіл керек.

Әлбетте, елімізде мемқызметкердің мұңынан өзге алаң қалмағандай болмайық. Де­сек те, елді ел қалпында ұйытатын жүйе қай­сы? Мемлекет! Мемлекеттің қызметшісі кім, қандай болу керек? Мемлекетшіл! Мери­тократияшыл. Алайда оны бәрі бірдей түсіне қоя ма? Жоқ! Себебі көп. Бірер ауыз сөзге сыя қоюы неғайбыл.

Жуырда жетекші партияның өкілі хабарласты. Сөйлесу екпініне қарасаң, «нұсқау» бөлі­мінің маманы дерсің. Жарна жинау және қазіргі қызметімізді нақтылау жайы екен. Диалогымыздың сиқы былайша түзілді:

– Қазір қайда істеп жүрсіз?

– «Egemen Qazaqstan» газетінде. Ондай газетті білетін боларсыз?

– Білмеймін...

– Біліп алып, сосын хабарласарсыз.

Арада төрт күн өткенде тағы «звандады». «Сонымен қайда істеймін дедіңіз? Что за газета?». Күймей көр.  Білдей идеологиялық органның орталық ап­паратындағы жауапты маман! Өнеркәсіп не өндірістің өкілі болса, өкпелемес едің. Өкінішке қарай, мемқызметкерлер ішінде де осындай (!), не айтып, не қойып отырғанын ұқпайтындар аз емес. Күнделікті жұмыс барысында қаншасы кездесетінін айтсақ, иманыңыз ұшады. Ал олар мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келген бұқараға қандай әсер қалдырады? Не деп тұрғанын өзі түсінбейтін адамнан не күтуге болады? Айналып келгенде, мем­қыз­меткердің типтік жағымсыз бейнесі осы секіл­ді жауап­сыздықтардан қалыптасқан болып шығады. Сол жауапсыздықтар әлгінде нұсқалған «түн қатып жүріп, түс қашқан» талай мем­лекетшілдің асыл ісін мансұқтайды.

Қоғамда талап жаппай күшейіп келеді. Ол жақсы! Мемлекет қызметшісі туралы арнайы заңдар бар. Әрине, қоғамды бағыттап, бастау­шы мамандарға талғамның күшті болғаны жөн-ақ. Екінші тұрғыдан, адамның өмірге екі келмейтінін айтып тереңдемесек те, жеке еркін­­дігін ұмытпаған абзал. Бірді-екілі ғана тоқ­талайық: қоғамдық орында «жылтыңдай» беру, көппен бірге көңіл көтеру секілді шер тарқату амалдары шектелді. Сен де – пенде, енді қайттің? Заңмен шектелген жайттың әрі заң жүзінде, әрі мемлекетке пайдалы жолын тапқан ләзім. Мәселен, күн сайын, апта сайын талай-талай мемлекеттік қызметкер елордаға іссапарлайды. Қазынаға қаншама шығын?! Мемқызмет агенттігі жөнінен бе, Пре­зиденттің Іс Басқармасы желісімен бе арнайы жатын, демалыс кешендерін салып, мемқызметкерлерді сол жерде қабылдауды үйлестіруге болар еді. Сол жерде-ақ жұмысқа да, демалысқа да қолайлы игіліктерді шо­ғырландырайық. Қай-қай жағынан да нәтиже береді деп ойлаймыз. Ескерерлігі, мұндай тәжірибені сәтті қолданып жүрген елдер бар.

Мемлекеттік кеңселерде смартфон қолдану мүмкіндігі шектеулі. Сәйкесінше әлеуметтік желілерде белсенді болу талабы артып барады. Кереғарлық па? Әлбетте! Осы араны көп ұзатпай нақтылау қажет. Әйтпесе әлеуметтік желіде біреудің мәселесіне назар аударам деп отырып, жұмыс кезінде құқық бұзып, текке шатылған азаматтарды көруіміз де ғажап емес. Интернет арқылы өтінімдерге жауап беру уақытын да шегелеп қойған маңызды. Мысалы, аса шұғыл емес мәселелерде кешкі тоғыздан таңертеңгі тоғызға дейін шек қоюға болады. Мемлекеттік қызметкердің де отбасы, ошақ қасы болуы тиіс дегендей.

...дегендейін-дегендейін ойлар жетелей берер. Ең бастысы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан нұсқағандай, «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден».