Қазақстан Сүт одағының хабарлауынша, елімізде жыл сайын 5 млн тонна шикі сүт өндіріледі. Алайда қайта өңделетін сүттің 50%-ы (700 мың тоннаға жуық) Кеден одағының техникалық регламентіне сай емес. Сапасыз өнімнің дені қосалқы шаруашылықтарға тиесілі.
Жағдайды реттеу үшін одақ мүшелері Қазақстанға 2020 жылға дейін уақыт берген еді. Жылдың аяқталуына 5 ай қалғанын ескерсек, отандық өндірушілерге сапа мәселесін жақсартуды жылдамдатқан абзал. Неге десеңіз, ішкі нарықты импорттаушылар жаулап, отандық шаруалар табыс көзінен айырылуы әбден мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан Сүт одағының бастамасымен арнайы жол картасына қол қойылды. Бұл қайта өңдеу кәсіпорындарына түсетін шикі сүттің Кеден одағының техникалық регламент талаптарына сай болуын қамтамасыз етеді дейді ынталы топ. Аталған құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті, Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті, сондай-ақ «Сапа» тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық қоғамы сынды мүдделі тараптар құптады.
Бұл жол картасы – БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының, Еуропа Қайта құру және даму банкінің және «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен сарапшылар жұмысының қорытындысы. Осы құжат Қазақстандағы шикі сүт нарығын зерттеуге және барлық мүдделі тараптардың, оның ішінде фермерлер, қайта өңдеу кәсіпорындары және мемлекеттік органдарға дейін іс-қимылды үйлестіруге септігін тигізеді деп сендірді аграрлық сектордың өкілдері.
– Техникалық регламенттегі 21-ші және 33-ші талаптарды ескеріп, өңдеуші кәсіпорындарда қабылданып жатқан шикі сүттің сапасын арттырып қана қоймай, оның бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондықтан жол картасын әзірлеу туралы бастаманы көтердік. Бұл отандық өнімнің ортақ талапқа сәйкес болуын қамтамасыз етеді. Оны әзірлеуде БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және Еуропа Қайта құру және даму банкі қолдау көрсетті. Жол картасы барлық мүдделі тараптарға бағытталған, – дейді Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бағдарламасының үйлестірушісі Инна Пунда тағам құрамындағы зиянды компоненттердің кесірінен жыл сайын әлемде 700 мыңға жуық адам көз жұматынын айтады. Сол себепті ол сүтін саудалап, жан баққандарға қарапайым санитарлық нормаларды сақтауға кеңес берді.
– Ереже барлығына ортақ. Әуелі фермерлер шаруашылықтарында тазалық әдебін ұстанса игі. Өйткені сауынды сиырларда ауру тудырғыш зиянды ағзалар жиі кездесіп жатады. Бұған қоса тағам өнімдерінен зиянды антибиотиктердің табылуы да күрделі мәселе. БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, осы антибиотиктермен күресті белсенді жүргізіп келеді. Себебі жыл сайын оның салдарынан болатын кісі өлімі азаймай тұр. Сондықтан бұл мәселе сапа тұрғысынан бөлек, адамның денсаулығына қатысты маңызды мәселе. Осыны ұмытпағанымыз жөн, – деді И. Пунда.
Қазақстан Сүт одағының тағы бір өкілі Сәуле Жанкина жаңа құжаттың мазмұнында сауын малдарға қатысты талаптан бастап, зертханалық сараптаманың жолға қойылуы, сүтті өндірушілер мен өңдеушілерді мемлекеттік орган өкілдерін тарту арқылы оқыту курсына дейін қарастырылғанын атап өтті. Баршаға ортақ техникалық регламент жаңа жылдан бастап өз күшіне енеді.
Осы салада импортқа тәуелділік те байқалуда. Мәселен, «Сапа» тұтынушылардың құқықтарын қорғау Ұлттық қоғамның төрағасы Әліақпар Мәтішев елімізде құрғақ сүт өндірісі кенжелеп қалғанын айтты.