«Бюджетке қатысу» қанатқақты жобасына өтініштерді қабылдау OpenAlmaty порталы арқылы 19 тамыздан бастап іске қосылды. Өтініштерді қабылдау мерзімі 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Жобаларды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін сараптау комиссиясы іріктеп, 20-29 қыркүйек аралығында тұрғындардың дауыс беруі өтеді, онда жеңімпаз жобалар анықталады. Жобаға ұсыныстарды беру тәртібі мен іріктеу критерийлері, сараптау комиссияларының функциялары туралы толық ақпаратты OpenAlmaty қалалық порталында «2019-2020 жылдарға арналған Алматы қаласының «Бюджетке қатысу» қанатқақты жобасын ұйымдастыру бөлімінен қарап, танысуға болады.
Қаланың Баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 2019-2020 жылдарға арналған «Бюджетке қатысу» қанатқақты жобасы аясында аулаларды абаттандырып, саябақтар мен скверлерді құруға, спорт алаңдарын жасап, көшелерге жарық орнатуға, бұдан өзге қалалық ортаны жақсартып, мегаполис тұрғындарының өмір сүру ортасын жақсарту сияқты идеяларды бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруға болады.
Жобаға сәйкес Алматының сегіз ауданына қала бюджетінен 500 млн теңге бөлу қарастырылған. Қалалық әкімдіктің OpenAlmaty budget.open-almaty.kz (web-нұсқасы қолжетімді, мобильді нұсқасы дайындалуда) қоғамдық қабылдау порталы арқылы қала тұрғындары ашық түрде өздерінің ұсыныстары мен жобаларын енгізуге мүмкіндіктері бар.
Үздіктерді қала тұрғындардың өздері дауыс беру арқылы анықтайды. Сонымен қатар қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері де жобаға өз бағасын береді.
Жобаға ұсынысылған өтініштер бір автор - бір өтінім - бір нысан арықыл қабылданады және нысанның игілігі жалпыға ортақ болуы, нысанның жоспарлы аудан аумағында болуы, жалпы пайдаланудағы жер учаскесінде және т.б. орналасуы тиіс.
Қаланың Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бюджетке қатысу немесе партисипативтік бюджет – бұл азаматтардың қатысуымен әзірленген жергілікті бюджет. Қала тұрғындары бюджеттік үдерістің барлық сатыларында - жоспарлау, талқылау және мониторинг сияқты басым мәселелер бойынша қаржылық шешімдерді қарауға және қабылдауға үлес қосады.
Алғаш рет партисипативті бюджет 1988 жылы Бразилиядағы Порт-Алегри қаласында енгізілді. Азаматтар қалалық бюджетті бөлуге қатысты. Партисипативтік бюджет Порт-Алегри қаласына инфрақұрылым, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй жағдайлары бөлігінде өмір сүру жағдайын жақсартуға көмектесті. БҰҰ бұл процесті «оң тәжірибе» үлгісі ретінде таныды. Дүниежүзілік банк партисипативті бюджетті қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша құралдар жиынтығына қосты.
Бүгінде партисипативті бюджет Нұр-Сұлтан, Париж, Лондон, Сеул, Мәскеу, Киев, Лейпциг және Ош қаласында қолданылады.
Алматыдағы бюджетке қатысу мақсаты - қала тұрғындарының ұсыныстары мен бастамалары негізінде мегаполис аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру. Жоба ұсынысының авторы Қазақстан Республикасының азаматы, оралман, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдік және азаматтығы жоқ адам бола алады.
Жобалық ұсыныстар budget.open-almaty.kz порталы арқылы беріледі. Ол үшін өтінімді толтыру қажет (жобалық ұсыныстың атауын, оның сипаттамасын, объектінің мекенжайын көрсету), жобалық ұсыныстың эскизі мен сметасын міндетті түрде қоса тіркеу қажет (шамамен алынған болуы мүмкін). Сондай-ақ, қалауыңыз бойынша ағымдағы жағдайының фотосуреттерін және презентацияларды қоса аласыз.
Бір жобаның ең жоғарғы құны 100 млн теңгеден аспауы тиіс. Іске асыруға рұқсат беру үшін жоба Алматы тұрғындарының 10-нан астам дауысын жинауы тиіс. Қаланың бір тұрғыны жеке ЭЦҚ пайдалана отырып, үш жобалық ұсынысқа дауыс беруге құқылы.
Мынадай жобалық ұсыныстар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізбей ЖСҚ әзірлеуге ғана есептелген; фрагментті (болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап ететін); Алматы қаласын дамыту бағдарламасына және ҚР заңнамасына сәйкес келмейтін;коммерциялық сипаттағы және т. б. қарауға қабылданбайды.
Аудандық әкімдіктердің сараптау комиссиялары жобалардың Тәртіп талаптарына, ҚР заңнамасының талаптарына, Алматының даму бағдарламасына сәйкестігіне іріктеуді жүзеге асырады, сондай-ақ қанатқақты жобаның іске асырылу қорытындысын қарайды.
Аудандық әкімдіктің сараптау комиссиясының дербес құрамын аудан әкімі қалыптастырады және бекітеді.
Сараптама комиссиясының құрамына кемінде екі мәслихат депутаты, аудандық сәулетші, құрылыс саласындағы маман, құрылыс жобалары бойынша шығындар сметасын жасау бойынша жұмыс тәжірибесі бар маман, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің кемінде төрт өкілі, қоғамдық ұйымдардың кемінде төрт өкілі кіреді.
АЛМАТЫ